• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

27 Қаңтар, 19:44:46
Алматы
-6°
Осыдан бірнеше жыл бұрын «көгілдірлер» деп аталатын ауытқушылықты пенделердің елорда мен оңтүстік астанада гей-парад өткізуге өтініш бергені туралы ақпарат басқа да қарапайым қалың жұртшылық сияқты менің де қатты ашу-ызамды туғызған. 2013 жылы олар Қарағандыда алғашқы гей парадын да өткізген. Үстіміздегі жылғы 8-наурызда Алматыда гендерлік теңдік мәселесі сылтауымен ЛГБТ қауымдастығының митингісі өтті. Онда тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселелерімен қоса сексуальдық азшылықтың құқықтары қорғалмайтыны түрлі пікір айтылды. «Менің жатырым – менің ережем», «Қызға қырық үйден бостандық!», «Қорғама, қолда!» деген ұрандар көтерілді.
 
Іс жүзінде гомосексуализм – содомистік дерт, ол – ауру. Ол – адамзаттың табиғи өсіп-өнуінің жолын кесетін құдай қарғаған құбылыс. СПИД сияқты жұқпалы дерттердің көзі. Ол жас ұрпақты азғындық жолға итермелеуші. Мұның ең қауіпті тұсы да осы. Өзін ЛБГТ қауымдастығынан, «көгілдірлерден» санайтындар өздерімен өздері болып қойса бір сәрі, олар азғындық дертті өмірлік тәжірибесі жоқ жастарға жұқтырып, қатарын көбейткісі келеді. Сондықтан Қазақстанда ЛБГТ қауымдастығы мен олардың әрекеттерін насихаттауға үзілді-кесілді тыйым салатын заңнама қажет.
 
Осындайда Альберт Эйнштейннің: «Қараңғылық дегеніміз – жарықтың жоқтығы» деген анықтамасы еске түседі. Осы пікірді жалғастырып «Надандық дегеніміз – иманның жоқтығы» деп тұжырымдауға болады. Азғындық иманның жоқтығынан туындайды. Ал адам азғындығында шек жоқ. Батыс елдерінде еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің некелесуі таң қалмайтын құбылысқа айналды.
 
Бұдан да сорақысы, АҚШ-та аң-жануармен некелесуді заңдастыру жайында қоғамдық қозғалыстар туындауда. Баспасөзде Техас штатында адамдардың фауна өкілдерімен жұбайлық қарым-қатынасына рұқсат етілгені туралы хабарлар жүр. Осыдан бес-алты жыл бұрын АҚШ-та гейлерге арналған Інжіл жарыққа шығыпты. Христиандардың бұдан да бұрын түрлі бұрмалаушылықтарға ұшыраған «қасиетті» кітабы енді азғындық былапыттардың насихатшысына айналғандай.
 
Бүгінгі таңда әлемде ағылшын тілінен тараған ЛГБТ (лесбиян, гей, бисексуал, трансгендер) деген аббервиатура қолданылады, олай деп түрлі сексуальдық ауытқушылықтары бар адамдарды атайды. Лесбиян дегеніміз қазақша айтқанда – қызтеке. Еркектік гормондары басым әйелдер, Гей – қазақша бәтша-қар (бәтшағар деп те айтылады, бәтша – иран, ауған елдерінде әйел орнына пайдаланылатын ұл балалар, қар – қатын мағынасында), Бисексуал –әрі еркек, әрі әйел яғни қосжынысты адамдар, Трансгендер – ота жасау жолымен жынысын ауыстырғандар. Бұлардың арасында қызтекелер, қос жыныстылар, жынысын ауыстырғандар өте аз. Көбірек тарағаны – қазір «көгілдірлер» деп аталып жүрген бәтшағарлар.
 
Еуропада мұндай содомистер саны әр мемлекетте әр қалай, шамамен халқының бір пайыздан екі пайызына дейінгі үлесін қамтиды. Қазақстанда бәтшағарлар үні тәуелсіздігімізді қайтарып алғаннан кейінгі жылдарда естіле бастады. Әсіресе 2000 жылдардан кейін «көгілдірлер құқығын қорғау» деген желеумен ақпарат құралдарында жиірек айтыладын болды. Қазақстанда ЛГБТ қауымдастығы 1998 жылдан ашық жұмыс істейді. 2009 жылдан хирургиялық жолмен жынысын өзгертуге рұқсат берілді. Ірі қалаларда «Адали», «Амулет», «Жемчужина» сияқты қоғамдық ұйымдары бар. Олардың көбі Батыстың қолдауымен жұмыс істейді.
 
Сондықтан бізге шығыс халықтарына, мұсылман халықтарына өз «құндылықтарын» тықпалаған жаңағы батыстық факторды да ұмытпауымыз керек. Әдетте біз Батыс елдерін ғылым мен білімнің даму жолы ретінде әспеттейтініміз бар. Алайда оның теріс жағын да ескергеніміз абзал. Батыс бүгінде техника мен технология жағынан алда болғанымен рухани жағынан құлдырау үстінде. Ол – ЛБГТ сияқты азғындықтың ошағы. Бұл үлгі алатын тұс емес. Ол нағыз жиренішті теріс құбылыс. Міне, осындай сұмдықтар бүгінде қазақ жерін де былғап жатыр.
 
Қазір Алматыда 20 шақты, Астанада 5-6 гей клуб ашық жұмыс істейді. Қазақстан халқының бір пайызы осындай деп есептесек 200 мыңдай азғындық дертке ұшыраған жан бар екендігін байқаймыз. Әрі әлгілердің қатары біртіндеп көбейіп келеді. Олардың қатарының көбеюіне билік басындағы кейбір бәтшағарлар да ықпал етіп отыр. Бұл дерт арнайы қызмет саласында да керек адамдарды құрыққа түсірудің құралы ретінде пайдаланылады. Қасиетті қазақ жері кім ойына не келсе соны істейтін жері емес. Біз әлмисақтан мұсылман халықпыз.
 
Қазақта бәтшағарлық мүлде болған емес. Зерттеуші Таласбек Әсемқұлов айтпақшы, «көшпелілер гомосексуализмді табиғат заңына, Жаратушыға қарсы іс, қиянат деп санаған. XX ғасырдың өзінде қазақтар осындай қылық үстінде байқалып қалған төрт түлік малды да, жабайы аңды да аямайтын болған. Олардың етін тіпті, итке де жегізбеген, өртеп жіберетін болған. Моңғолдардың, жаулаған қалаларында ең әуелі, Құран мен Библияның тыйым салғанына қарамастан Шығыс пен Батыста қаптап кеткен гомосексуалистердің былапытханаларын қиратқандары белгілі».
 
Пайғамбарымыз да (с.ғ.с) хадистерінің бірінде: «Қылықтары еркекке ұқсайтын әйелге және әйелге ұқсайтын еркекке лағынет болсын!», сондай-ақ: «Еркекке ұқсауға тырысатын әйел және әйелге ұқсауға тырысатын еркек менің үмбетімнен емес», – дейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2016 жылы гомосексуалистерге, жынысын ауыстырғандарға қатысты қатаң пәтуә шығарған. Онда мұндай сорақы іс Жаратушының жаратылысына қарсы шығушылық, шайтанның жетегінде кетушілік ретінде бағаланған. «Ер мен ердің немесе әйел мен әйелдің жыныстық қатынасқа баруы – Лұт пайғамбардың дәуірінде жасалған азғындықтың жалғасы» делінген онда. Осындай жағдайда мемлекеттің азғындық ауытқушылықтарға қатысты ұстанымдары қандай болу керек?
 
Біріншіден, Қазақстанда ЛБГТ қауымдастығы барлық азаматтарға ортақ саяси құқықтар мен бостандықтарды теңдей пайдаланады. Сондықтан олар үшін айырықша артықшылықтар берудің қажеті жоқ.
 
Екіншіден, қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттың жұтылып кетпей сақталып қалуының басты шарты – ұлттық құндылықтарымыздың сақталуы. ЛГБТ құқығы Ұлттың сақталу құқығының алдында түкке тұрмайды. Ұлттық құндылықтар құқығы – жасампаздыққа, ЛГБТ құқығы – азғындыққа бастайды. Бізге тәуелсіздік пен ұлттық құндылықтарымыз бәрінен қымбат.
 
Үшіншіден, жоғарыда айтылғандай ЛГБТ азғындықтары өсіп келе жатқан жас буын үшін қауіпті. Сондықтан олардың насихатына жол беруге болмайды. Насихатына тыйым салынсын!
 
Төртіншіден, Қазақстан Ислам елдері ынтымақтастығы ұйымына мүше. ЛБГТ талаптары шариғат құндылықтарына кереғар. Бұл елдегі халықтың төрттен үш бөлігін құрайтын мұсылмандардың наразылығын тудырады.
 
Бесіншіден, ЛГБТ қауымдастығы мүшелерінің табиғи жолмен ұрпақ өрбіту мүмкіндігі жоқ. Тіпті асырап алған балаларының өзін түптің түбінде азғындық жолға салып жібереді. Яғни бұл Елбасы алға қойып отырған еліміздің демографиялық ахуалын жақсарту, таяу жылдарда халық санын 25 миллионға жеткізу перспективасына да үлес қоса алмайды.
 
Кері кетушілік пен азғындық Қазақстанның келешегі емес!
Сондықтан қазақ жерінде азғындыққа жол берілмесін!
 
Марат БӘЙДІЛДАҰЛЫ,
жазушы-публицист, Қазақстан
Педагогикалық Ғылым Академиясының
академигі, профессор.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір