• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

06 Қараша, 07:07:40
Алматы
+12°

Еліміздегі төтенше жағдай қызметі саласында ерен еңбегімен көзге түсіп жүрген мамандардың саны көп. Олардың бірі – кішкентайынан форма киюді армандап келе жатқан Жұлдызай Темірбекқызы қазір өрт сөндіру саласының білікті маманы.  Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі өрт сөндіру саласында редиотелефонист лауазымында 8 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан Жұлдызай Темірбекқызымен сұхбаттасты. 

Жұлдызай Темірбекқызы 1994 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданы Жөлек ауылында дүниеге келген. Ол мектеп жасынан спортқа жақын. Сол себепті бұл мамандыққа түсу оған аса қиын болмады. 

ау

"Кішкентай кезімде үйімізге қарама-қарсы орналасқан көрші үйдің қорасы өртенді. Өртенген аумақтың көлемі үлкен еді. Көршілердің бәрі қолына шелек ұстап, өртті сөндіруге кірісті. Кішкентай болсам да қолыма есік алдына су шашатын шланканы ұстап алып көмектесуге тырысқаным әлі күнге дейін есімде. Жанып жатқан қораға жетпесе де, шланканың аузын басып, су шашып жүргенмін. Сол кезде көрші ағайдың бірі күліп, "өскенде өрт сөндіруші болатын шығарсың", деп айтқан еді. Қазір бала кезімдегі арманым шындыққа айналды", дейді Жұлдызай Темірбекқызы. 

Жұлдызайдың айтуынша, бұл мамандық нәзік жандылар үшін қауіпті емес. "Ережеге сай жұмыс істесең халықтан алғыс алып жүресің", дейді ол. 

Алғашында бұл мамандықты таңдауына отбасы қарсы болған, алаңдаған. 

"Әкем қарсы болды. Отбасымда ертең тұрмыс құрған кезде қиын болмай ма, сені қолдай ма деген қорқыныш болды. Бірақ мен өз таңдауымды жасадым. Үйдегілер мұғалім немесе медбике бол деп оқуға түсіргісі келді. Алайда мен бұл салаларға қызықпадым. 9-шы сыныптан кейін Төтенше жағдайда қорғану мамандығына түсіп, оқуды аяқтадым. Кейін мамандық бойынша жұмысқа тұрдым.", дейді ол. 

вы

Барлығы бала кезгі арманның соңынан еруден басталды. Алғашында бұл салада жұмыс істеу психологиялық тұрғыдан қиын болған. Ал қазір Жұлдызай барлық жағдайды салқынқанды қабылдауға тырысады. 

"Кезекшілікте тұрған кезім. 101 желісіне қоңырау түсті. 5 жасар бала құбырға түсіп кеткен екен. Құтқарушылар бірден жолға шықты. Алайда баланы құтқара алмадық. Құбырдан баланың мәйіті табылды. Сол оқиға өзіме ауыр тиді. "Баласына дұрыстап қарамай ма?" деп ата-анаға да іштей кінә арттым. Жаңағы бала ойымнан кетпей қойды. Бірақ алда не боларын ешкім білмейді. Сол баланың ата-ананың жағдайы да алаңдатты. Қай ата-ана өз баласын жамандыққа қияды?! Кейін кез келген жағдайға суыққанды әрі екі тарапты қарау керегін түсіндім. Жұмысымыздың ауыр тұсы да осындай психологиялық қиындықтар деп ойлаймын", дейді Жұлдызай. 

Десе де ол бұл мамандықты таңдағанына еш өкінбейді. Керісінше, осы күнге дейін жеткен жетістігімен мақтанады:

"Өзім жұмыс істейтін өрт сөндіру саласының имиджін көтергім келеді. Осыған байланысты әлеуметтік желіде блог жүргізіп бастадым. Бұл бастамамды әрі қарай дамытқым келеді. Қазіргі кезде қыз балаларға шектеу көп. "Сен қыз баласын, өрт сөндіру саласында жұмыс істей алмайсың" немесе "бұл салада еркектер көп, олардың ойлары жаман болады" деген секілді әртүрлі мифтер айталады. Әркімнің ойы әртүрлі, әрине. Алайда қыздардың арманын шектемеу керек. Өрт сөндіру саласындағы барлық әріптестеріммен жақсы араласамын. Мұндағы ер азаматтар үнемі қолдау білдіріп, көмектеседі. Маған әлеуметтік желіде көп қыздар жазып, ақыл-кеңес сұрайды. Парақшамды сол қыздарға көмектесу үшін аштым десем де болады". 

Жұлдызай Темірбекқызы бұл салада жұмыс істегісі келетін адамның бойында батылдық, мейірім болуы керек деп ойлайды. Сондай-ақ бе өрт сөндіру саласында қызмет ету үшін белгілі шарттар мен шектеулер бар.

"35 жасқа дейінгі азаматтарды жұмысқа алады. Сондай-ақ спорттық сайыстар болады. Аттестация тапсыратын болған соң осыған дайын болу керек. Негізі қыз баланың қолынан барлығы келеді. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетеді деп бекер айтпаған. Сол себепті қыздарға айтарым: Арман-мақсаттарыңыздан бас тартпаңыздар! Ешкім біліп туған жоқ. Сол себепті құлшыныс болған адам кез келген нәрсені оңай үйренеді", дейді ол. 

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір