• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

17 Қыркүйек, 01:25:38
Алматы
+35°

Белгілі тарихшы Радик Темірғалиев қазақ этносы өзге ру өкіліне тұрмысқа шығып, салт-дәстүр мен тілді таратқан әйелдер арқылы қалыптасқан деп санайды. Осылайша, біртұтас мәдениет пен ортақ тілі бар қоғам пайда болған.

Бұл туралы Радик Темірғалиев Qalam Global көптұғырлы ғылыми-ағартушылық жобасы Семей қаласында ұйымдастырған «Қазақ руларының тарихы» атты дәріс барысында айтып берді.

Тарихшы экзогамияның (белгілі бір әлеуметтік топ (мысалы, туысқандар тобы) өкілінің сол топтан тыс тұрған адаммен отбасы құруы – Qalam.global) маңызды ереже болғанын атап өтеді.

– Қазақтарда жеті атадан аспай туысатын қызға үйленуге болмайды деген пікір бар. Яғни туыстық байланыс бұдан ары, мәселен, сегізінші атада болса, тұрмыс құруға рұқсат дейді. Шын мәнінде, бұл – соңғы кездері пайда болған ең жұмсақ талап. Әуеліде ережелер әлдеқайда қатал болған: генеологиялық тұрғыдан жұбайлардың арасы неғұрлым қашық болса, соғұрлым жақсы деп саналған. Біріншіден, осының арқасында рулар арасында байланыс пайда болады. Екіншіден, генетикалық аурулардың пайда болу қаупі азайды, – дейді Радик Темірғалиев.

Оның пікірінше, бұл – қазақ этносының қалыптасуында үлкен рөл атқарған маңызды аспект.

– Экзогамия қазақ халқының бірігуіне және қалыптасуына ықпал етті. Көптеген лингвист пен филолог қазақ тілінде диалектілердің жоқ екенін айтады. Рас, диалектизм бар шығар, бірақ қазақ тілі – толықтай біртұтас тіл. Бұл әр елді мекені өз диалектінде сөйлейтін Еуропадағы тілдердің сан алуандығына үйренген саяхатшыларды әрқашан таң қалдыратын, – деп атап өтті ол.

Радик Темірғалиев қазақ тілінің мұндай ерекшелігін экзогамиямен, яғни, мысалы, оңтүстік өңірден шыққан әйелдің батыс немесе шығыс руларындағы еркекпен отбасы құруымен байланыстырады.

– Қазақтағы экзогамия халықтың біріге түсуіне, ұлттық сана-сезім мен тілдің дамуына ықпал етті. Ел арасындағы дүниелер қосылып-араласып отырды: әйелдер салт-дәстүр мен тілді таратты, салдарынан ауқымды жерді алып жатқан қазақ халқы өзіне тән ортақ кейіпке ие болды. Сондықтан мен қазақ этносы басқа рулардың ерлеріне тұрмысқа шыққан осы әйелдер арқылы қалыптасты деп әрқашан айтып жүремін, – дейді Qalam Global сарапшысы.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір