• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Мамыр, 06:19:12
Алматы
+35°

Қазір қоғамда үй тірлігімен қатар бизнесті дөңгелетіп жүрген әйелдердің саны көбейіп келеді. Көпбалалы ана, әлеуметтік кәсіпкер Ақмарал Меңдіқайырқызының да бизнес саласында жүргеніне 5 жылдан асқан. Ол 5 баланың анасы. Кәсіпкер әйел Qamshy.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында кәсіп бастауға не себеп болғанын, отбасы мен бизнесті қалай қатар алып жүргенін айтып берді. 

– Ақмарал ханым, бизнеске қалай келдіңіз? Қысқаша тарихыңызды айтып беріңізші. 

– Бес бала асырау керек болды. Қол қусырып отыра алмадым. Оларды өмірге әкелген соң қатарынан қалдырмай өсіргім келді. Сондықтан жұмыс талғамай, қолымнан келген істі жасадым. Бірде баламның айтуымен фейсбук желісіне «үй жинаймыз, есік алдын тазалап, әктейміз, кез келген жұмысты жасаймыз» деген жарнама жарияладық. Көпшілік «Әдетте көпбалалы аналар көмек сұрап отырушы еді, бұл кісі жұмыс сұрап жатыр» деген пікір қалдырып, жақсы қабылдады. Желі қолданушылары өз парақшаларына бөлісіп, жұмыс берушілер саны арта бастады. Біраз уақыт өткен соң маған танымайтын адам хабарласып, "кәсіп ашқың келсе 1 млн теңгелік қайтарылатын субсидия берейін" деді. Ұсынысты бірден қабылдадым. Алғашқы офисімді бір үйдің жертөлесінде аштым. "Әрекетке берекет" демекші кәсібім алға басып, субсидияны 20 айда қайтардым. Осылайша, бизнес саласына алғашқы қадамымды бастым. 

– Отбасы мен карьераны қатар алып жүру қиынға соқпады ма?

– Отбасылық бизнес болған соң бір-бірімізден алшақтамай, үнемі бірге жұмыс істедік. Керісінше, ортақ мақсат отбасыны біріктіреді екен. Балаларды өсіріп, тәрбиелеуге әйелмен қатар еркек те міндетті. Сол себепті екеуміз де отбасымыз үшін аянбай еңбек еттік. Көп ақша табамыз деп санасып көрген емеспін. Үнемі жиған-тергенімізді ортаға салып, отбасылық бюджетті тиімді түрде жаратуға тырысатынбыз. Әр үйдің өз мәселесі, ережесі болады. Ерлі-зайыптылар өзара келісім жасасып, бір-бірін тыңдай алса кез келген мәселені шешуге болады. 

– Отбасылы әйелдің жеке қаражатының болуы қаншалықты маңызды? 

– Әйел затының кішігірім болса да тұрақты табысы болуы керек. Егер оның жеке кірісі болса күйеуінің қолына қарап қалады. Қазір көп әйел барар жері мен тұрақты табысы болмағандықтан күйеуінің ұрып-соғуына көніп отыр. Әрине, барлық еркекке топырақ шаша алмаймын. Бірақ бұл – қазіргі қоғамның шындығы. 

– Мансап пен отбасын қатар алып жүруге қорқатын әйелдерге қандай кеңес бересіз?

– Асырап, жетілдіру керек бала болса қорқыныштың бәрін ысырып тастаған жөн. Дүниеге келген әр бала үшін ата-ана жауапты. Қорқыныш адамды тек тежейді. Сәтсіздіктен емес, біреуге қол жайып отырудан қорқу керек. Ал екі қолға бір күрек табылады.

Айым Нұрсапа

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: КӘСІП КӨПБАЛАЛЫ АНА

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір