04 Қазан, 2019 Сұхбат
Биылғы жылдың басында теледидардағы «хайп» қуған бағдарламалар мен телеарналардан шаршаған халық бір қуанып қалған еді. Алғаш рет ұлттық құндылықтарымызды ғана дәріптейтін, 24 сағат бойы ұлттық өнерімізді насихаттайтын «Домбыра» телеарнасы ашылды. Аталмыш телеарнаның ашылуына Нұрсұлтан Әбішұлының домбыра күнін белгілеп беруі себеп болыпты. Дегенмен министрлік пен облыс әкімдері қолдау білдіруден бас тартқан. Осыған байланысты Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі «Домбыра» телеарнасының жетекшісі Қанат Ержігітовпен сұхбаттасты.
— «Домбыра» арнасын ашуыңызға не түрткі болды?
— Елбасымыз ұлттық домбыра күнін белгілегеннен кейін өзіміздің ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін арна ашу туралы ой келді. Нұрсұлтан Әбішұлы домбыраның статусы жоғары екенін айтып, шілде айының алғашқы жексенбісін Ұлттық домбыра күні деп белгілеп, мемлекеттік деңгейде атап өтті. Үлкен бастаманы іліп әкетіп, биылғы жылдың алғашқы айларында ұлттық телеарнаны аштық.
Үш жыл сайын Ақпарат және коммуникация министрлігі бүкіл Қазақстанға тарайтын OTAU TV спутник жүйесіне байқау ұйымдастырады. Сол байқау биыл да болатынын естігеннен кейін қажетті құжаттарды жинастырып, байқауға қатыстық. Қажетті құжаттарды жинастырып тапсырғаннан кейін байқауға қабылдандық. Біз өзіміз бастап кетсек кейін мемлекеттік қолдау болып конкурсты жеңеміз деп дәмеленгеніміз жасырын емес. Біраз уақыттан кейін шешім шықты. Бірақ біз күткендей болмады. Домбыра арнамыз қаладағы цифрлік және спутниктік желілерге өтпеді. Бұл қалай болды деп хат та жаздық. Ал олар болса "Арнада ақпараттық-танымдық дүниелерді жазбағансыздар" деп жауап берді. Енді ақпараттық танымдық бағдарлама ашатындай бұл саяси арна емес. Домбыра — мәдени арна. Дегенмен телеарнада балаларға домбыра үйретуге арналған «Сыр перне» деп аталатын арнайы бағдарламамыз бар. Осының бәрін біз құжатта көрсеткенбіз. Бұдан басқа күйлер мен жыр-термелерге арналған бөлек-бөлек бағдарламалар бар. Екінші сылтаулары — сатып алатын ретрансляция жасайтын ештеңе көрсетпегенсіздер дейді. Біз ештеңе сатып алмаймыз. Біз барлық бағдарламаны өзіміз түсіреміз. Ешқандай арнаның ретрансляциясын жасамаймыз. Өйткені Домбыраға ешқандай арнаның форматы келмейді. Сөйтіп осы секілді сылтаулармен біздің бетімізді қайтарып тастады.
— Қалталы азаматтардан қандай да бір көмек болды ма?
— Біз бірнеше "мен" деген қалталы азаматтарға бардық. Ұлттық құндылықты насихаттайтын арна ашып жатқанымызды айтып, түсіндірдік. Спутниктің желіге шығаратын болсақ, керек аспаптарға қажет қаражатты айтып, өтініш жасадық. Біраз азаматтар "мұның не пайдасы бар? Берілген қаражатты ақтай ма?" деп сұрады. Мен қазір қайтымы болмаса да кейін қайтаратынымызды айтып, жауап бердім. Ешқандай қолдау болмады.
— Ал мәдениет министрлігі мен облыс әкімдеріне хат жаздыңыздар ма?
— Иә, біз бірінші мәдениет министрлігіне де хат жаздық. Министрлік жалпы қолдау көрсететінін айтты. Бірақ қаржылай емес. Түсірілім орындарына байланысты көмек қолын созатынын айтты. Бұдан бөлек 14 облыс және қала әкіміне, 3 мегополистің әкіміне хат жаздық. Бәрінің айтатыны бір нәрсе: Мемлекет сіздерге қаражат бөлмеген. Бәрінің сылтауы бір болды. Бұл енді әкімге жетпей жатқан шығар деп, қабылдау бөліміне хабарластық. Бірақ облыс әкімдерімен сөйлесу мүмкін болмады. Тек Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановпен ғана сөйлесе алдым. Одан бөлек 4 облыс әкімінің мәдениет саласына жауапты орынбасарларымен сөйлестім. Қалғандарымен сөйлесу мүмкін болмады. Мәдениет басқармасымен хабарласқан кезде олар да «сіздерге қаражат қарастырылмаған» деп жауап берді. Мысалы әрбір өңірдің өз мектебі бар. Сол мектептерді ашып, жыршы, термеші, күйшілері мен қолөнер шеберлерін түсіріп, көрсетейік дедік. Енді оған да жол-пұлына, жататын жеріне, одан қалса тұратын жердің ақысы мен қызметкерлердің қаламақысына қажетті қаражатты ғана сұрадық. Көп ақша емес-ті. Дегенмен облыс басқарып отырған азаматтар бізге «жоқ» деп қысқа қайырды. Енді хат жетпеген шығар деп, блогқа да жаздық. Бірақ бәрінен бірсарынды жауап келді. Сіздердің бастамаларыңыз өте керемет деп бастап табыс тілейміз деген тілекпен аяқтаған, басқа ештеңе жоқ. Осындай күйде отырмыз. Тек айта кететіні ШҚО әкімі Даниал Ахметов ағамыз бен сол өңірдің мәдениет басқармасын басқарып отырған Азамат Маратұлының қолдауымен Шығыс Қазақстан облысында түсірілім жұмыстарын жасадық. Түсірілім жұмыстары бір аптаға созылды. Аягөзден, Тарбағатай, Күршім, Өскемен секілді елді-мекендерден 40-50 өнер азаматтарын түсіріп, 200-ден аса шығарма алып келдік. Қазір осыны эфирге беріп жатырмыз. Бұдан басқа айта кететін жайт Астана қаласындағы мәдениет басқармасын басқарып отырған Болат Мажағұлов өзінің азаматтығын көрсетіп, қолдау білдірді. Сол кісіге өз алғысымды айтқым келеді.
— Алғашқы көрермендер қалай қабылдады?
— Жақсы қабылдап жатыр. Көптеген тілектерін айтып, үлкен ата-апаларымыз хабарласады. Орыс тілді жастар да хабарласып, алғысын айтқан кездер болды. Олар орысша сөйлегенімен, дәстүрлі өнерді жақсы көретін әке-шешесі мен ата-әжесі бар. Сол кісілер «Домбыра» арнасын үзбей көреді екен. Алғыс айтқан жастар орысша сөйлегенімен, кеудесінде қазақ деп соққан жүрегі бар екеніне көзім жетті. Кей кезде қаржылай мәселелер қабаттасып кеткен кезде, «осыны не үшін, кім үшін істеп жүрміз» деп ойланып қаламыз. Бірақ ата-апаларымыз хабарласып ақ тілектерін жаудырғанда қайта шабыттанамыз. Кейбірі ұсыныстарын айтады, жаңартып отырсаңыздар екен дейді. Біздің арна 24 сағат бойы жұмыс істегендіктен қолдан келгенше өз қаражатымызбен түсіріп, толықтырып отырамыз. Сонда да халық көбірек дүние шықса екен деп отырады. Сосын батыстан ағаларымыз хабарласып «сендер осы Жетісудың азаматы емессіңдер ме? Жетісуға жатып алыпсыңдар» деп айтқан. Біз болсақ «аға, қазақты бөлмейміз. Сіздер жақтағы мектеп өкілдерінің де өнерін көріп, түсіргіміз келеді. Бірақ оған жағдайымыз болмай отыр» деп түсіндіреміз. Жалпы халықтың ілтипаты өте жақсы. Сұраныс бар.
— «Домбыра» телеарнасымен байланысты мақсатыңыз қандай?
— Қазір "Домбыра" телеарнасы Қазақстанда таратушы 2 кабельдік жүйемен IDTV-де 26 арнада. Бірақ ең көп тұтынушы OTAU TV спутниктік желісінде. Қазір IDTV арқылы 10 адамға көрсетіп отырсақ, OTAU TV арқылы 100 адамға көрсетер едік. Осыншама маңдай тер мен жұмыс істеп, көмектесіп отырған азаматтардың еңбегі ақталса екен деймін. Соны біз OTAU TV шығаруға қаражатымыз жетпей отыр. Қазтелерадио бізден айына 2,5 млн жуық ақша сұрады. Осыған діңкеміз құрып отыр. Бүкіл елдегі қазақтар көрсе, шеттегі қандастарымыз да көзайым болса деген мақсат қойып отырмыз.
— Қаражатты қалай жинайтын ойларыңыз бар?
— Қиналған кезде әртүрлі ойлар келеді. Әрбір қазақтың ауылда ата-анасы бар. Біздің негізгі аудиториямыз да осы үлкен кісілер. Сол кісілер арқылы орта және кіші буынды да қамтимыз. Ата-әжелеріміз Домбыраны қосып жыр-термелер мен күйлерді көріп, тыңдап отырса кішілер де арнаны ауыстырмай, бірге көреді. Яғни жастар да күй мен жыр-терме тыңдайды. Қазіргі жастардың қолында ноутбук, смартфон бар. Оларға күй тыңдату қиынның қиыны. Жастар басқа нәрсе көріп отырса да, сол үйден домбыраның, қобыз бен жетігеннің үні шығып тұрса ұлттық өнерді кіші буынның санасына сіңіре аламыз. Осыған байланысты біз үлкен акция ұйымдастырсақ деп отырмыз. Ол үшін әрбір қазақ «Домбыра» арнасына абоненттік төлем ретінде 1000 теңгеден төлейтін болса, біз OTAU TV-ның сұраған қаражатын төлеп берер едік. Сол кезде біздің еңсеміз бен рухымыз көтеріледі. Осындай ауқымды акция бастасақ деген ойымыз бар.
— Билікке қандай талап тілектеріңіз бен өтініштеріңіз бар?
— Біз Ақпарат министрлігіне хабарласып, тегін көрсетілетін арналардың лимитін 40 арнаға көтерсеңіздер деп өтініш жасаған едік. Олар бұл мәселені министрлік емес, президент әкімшілігі шешетінін айтты. Енді менің Президент әкімшілігіне өтінішім бар. Тегін көрсетілетін арналардың лимитін көтерсеңіздер. Сол кезде бізді Ақпарат министрлігі қабылдар. "Qazsport" арнасының SD форматта көрсетілуі HD форматта көрсетілуімен екі арнаның орнын алып отыр. Ақпарат министрлігіне осы екі орынның бірін «Домбыра» арнасына берсін деген өтінішіміз бар. Мәдениет министрлігіне қатысты да ұлттық құндылықтар туралы бірнеше жобамыз бар. Олар да бізді қабылдаса, бірнеше жобаларды көрермен назарына ұсынар едік.
— Қазіргі таңда арнаны қалай таратып отырсыздар?
— Қазақтелекомның интернет желісі - ID TV арқылы таратып отырмыз. Негізінде сол таралымның өзіне де 1 миллионнан астам қаражат төлейміз. Осы жағы да қиындық туғызып отыр.
— Дегенмен елімізде ұлтжанды азаматтар бар. Ауыз толтырып айтатындай Иманғали Тасмағамбетов, Бекболат Тлеухан, Досхан Жолжақсынов сынды азаматтар бар. Осы кісілермен хабарласып көрдіңіз бе?
— Бұл ағаларымыздың бәріне хабарластық. Тіл мен жер дауы кезінде де, ұлтқа қатысты мәселелерде де үнсіз қалмайды. Бекболат ағамызға да, көмекшісіне де хабарластық. Алайда одан да кері байланыс болмады. Досхан Жолжақсынов ағамызға да хабарластық. Ол кісі бізге қалай хабарласу керек екенін біледі. Дегенмен хабар болмады. Ал Иманғали ағамыздың Ресей елшілігінде қызмет ететінін білесіздер. Жеке кабинетінің өзі ұлттық нақышта өрнектелгенін әлеуметтік желі арқылы көріп отырмыз. Кешегі Ресейде Қазақстанның күні өтті. Елбасымыз барып, қазақи нақышта павильон салынды. Оған да хат жаздық. Кеңсесіне де хабарласқан кезде хатты оқығанын білдік. Алайда әлі жауап болмай отыр. Сіз айтқан азаматтардан бөлек айтыс өнеріне жарты өмірін арнаған Жүрсін Ерманмен сөйлестік. Бізден халық айтысты көргісі келетінін айтып, өтініш жасап жатқанын айтты. Жүрсін ағамыз бірден келісіп «түсіріңдер, насихаттаңдар» деп рұқсатын берді. Біз дайындалып қыркүйек айында болатын 5 айтысқа түсірілім тобын дайындадық. Бірақ кейін «Qazaqstan» телеарнасы, "Nur Otan" партиясы және Айтыс одағы меморандумға қол қойып айтысты тек «Qazaqstan» телеарнасы ғана көрсететін болыпты. Ал басқа арналардан көрсетуге тыйым салынды. Негізінде халыққа айтысты түгел насихаттасақ деген ой болған. Біз билікке де, кәсіпкерлерге де, шетелдегі қандастарымызға да ашықпыз. Бізді қолдаймын десе де, шақырту жасаса да келісеміз. Сондай күннің туатынына сенеміз.
Әрбір қазақ осы мәселені көтерсе екен. Сол кезде ғана ұлттық құндылығымызды сақтап қаламыз. Күмбірлеген қара домбыраның үні әрбір отбасында шығып тұрсын десеңіз бізге қолдау көрсетіңіздер!
— Сұхбатыңызға рақмет!
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір