• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

06 Қазан, 07:39:11
Алматы
+8°

Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ұлттық құндылық пен салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Діндерді зерттеу орталығы шілденің 16-17-ші жұлдызында Бурабай ұлттық паркі “Жеті қазына” этно-ауылында “Кемел жігіт - күйеу бала” атты ұлттық зияткерлік курсын өткізді.

Іс-шараның басты мақсаты – еліміздің болашағы жастардың рухани, мәдени, ғылыми дамуына қолдау көрсету.

Іс-шара Астана қаласынан бастау алып Бурабай ұлттық паркінде жалғасты.

Фото: Діндерді зерттеу орталығы

Балаларға ұлттық құндылықтар мен тәлім-тәрбиені тереңнен насихаттау мақсатында тарих ғылымдарының докторы, профессор Артықбаев Жамбыл Омарұлы, археология және этнология магистірі Шәкен Тұрар Сәттарқызы, педогог-эксперт, психолог-консультант Жанабергенова Жұлдыз Хабибуллоқызы, ұлттық құндылықтарды дәріптеуші Сағаділдә Үсібәлді Бәденұлы сынды тұлғалар дәріс өткізді.

Іс-шара екі күнге созылды. Аталмыш курс барысында “Қабанбай”, “Қобылды”, “Алпамыс” атты үш топқа бөлінген 60-қа жуық бала “Қазақ тарихы мен дәстүрлері”, “мақал мәтелдердегі ұлттық тәрбие”, “жігіттің үш жұрты” сынды теориялық және практикалық сабақтарға қатысты.

Фото: Діндерді зерттеу орталығы

Іс-шараның кезекті күнінде жасөспірімдерге қолға су құю, мал сою, жіліктеу, табақ тарту, самаурын қайнату, атқа міну, садақ атау сынды практикалық дәстүрлі дағдыларға сай сабақтар өткізілді.

Сондай-ақ балаларға арнап қазақы үйдің ішіне кинотеатр құрылып, рухани тәрбиелік маңызы бар фильмдер көрсетілді.

Курсқа қатысқан балалар мен ата-аналар өз ризашылығын білдіріп, “Кемел жігіт – күйеу бала” атты ұлттық зияткерлік курсының жалғасын табуына өтініш білдірді.

Аталмыш шара барысында әрбір бала рухани азыққа кенеліп, ұлтқа, туған жерге, мәдениетіміз бен әдебиетімізге, тағлымымыз бен тарихымызға деген құрметін арттырғанына сеніміміз мол.

Діндерді зерттеу орталығы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір