• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Мамыр, 09:04:50
Алматы
+35°

26 Ақпан, 2024 Барлық аймақтар

«Жаңа Қазақстан» жемқорларды мектептен тауып жатыр

Қазақ мектептеріндегі жемқорлықтың себебіне үңіліп көрейік.

photo: inform.kz

Қазақстандағы жемқорлық басқасын айтпағанда кәдімгі мектепте де өршіп тұр. Баламызға білім беретін салада да түйені түгімен жұтатындар жүрген соң не сұрайсыз?

 Жуырда Алматы облысы Іле ауданы білім бөлімінің басшысының 680 млн теңге жымқырғаны жаға ұстатты. Сұмдық қой, сұмдық боп жатыр. Соңғы бір айдың Қазақстан бойынша бірталай мектеп директоры, мектеп бухгалтерлері, білім бөлімінің басшылары ұсталды. Әлі ұсталмағаны қанша десеңізші.

Балық басынан шіриді. Белгілі ұстаз Аятжан Ахметжанұлының сөзінше, мектептің басшысы бастамаса, бухгалтерлер өз бетімен қаржыны жымқыра алмайды.

– Біз бұрын «жемқор шенеунік» дегенді жиі естуші едік, енді қазір жемқор есепші, жемқор директор дегенді айтатын болдық. Біздегі жемқорлық тұтас жүйеде, содан қоғамның өзіне сіңірілген. Мектептегі жемқорлық бүгін басталған жоқ, бұрыннан бар. Тек соңғы жылдары орта білім саласындағы жемқорлық шетінен ашылып жатыр. Дұрыс, ашыла берсін, жемқорлық жойылмай әділетті қоғам болмайды, біз ілгері баспаймыз.

Біріншіден, мектеп директорлары экономика мен қаржы жағынан, есепшілер өз мамандығы мен IT тұрғысынан сауатсыз. Кейде басшысы сауатсыз бухгалтер білгенін істейді. Кей директор қол қоятын электронды цифрлық қолтаңбасын бухгалтерге беріп, соларға сеніп отыра береді.

Мен қазір мектепте директор болып жүрген жандарды екі топқа бөлемін. Бірі – ұзақ уақыт басшылық қызметте жұмыс істеп үйреніп қалғандар, екіншісі – мақсатты түрде директор болғандар. Мақсаты – ақша, мәнсап болғандар. Олар шамасы келсе өзі жейді, немесе бухгалтеріне жегізтеді. Дәл осы жерде жүйені реттемей, бұл жемқорлықты тізгіндеу мүмкін емес. Қазір елімізде 500-ден астам мектепте директор жоқ, міндетін атқарушылар отыр. Олар – уақытша, амалсыз отырғандар. Экономикалық мәселеге бас қатырғысы келмейді. Сондықтан да бухгалтерге жеуге жеңіл. Сондай-ақ, кей өңірлерде мектепке жұмысқа тұру 2,5 млн теңге тұрады екен, оны Антикор да, әкімдік те, елдің бәрі де біледі. Бірақ бәрі түк білмегендей боп отыр. Неге? Осыдан-ақ бәрі түсінікті.

Мектеп жемқорлықтан құтылмай, мемлекет жемқорлықтан ешқашан құтылмайды. Немесе керісінше, мемлекет жемқорлықтан құтылмай, мектеп жемқорлықтан құтылмайды, – деді ұстаз.

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір