• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

08 Желтоқсан, 23:17:49
Алматы

10 Қазан, 2023 Экономика

АЭС саламыз дейді, Астананы ауыз сумен қамти алмай

Асқар Мамин деген «үкіметбасы» есіңізде шығар. 2023 жылы республика халқын ауыз сумен түгелдей 100% қамтамасыз етеміз деп, бақырайып тұрып бөскен болатын төрт жыл бұрын. Алдаған екен.

Фото: ашық дерек көзінен алынған

Ауыз су тапшылығын ауылды жер ғана емес, Астана қаласының өзі көріп отыр. Қазір шаһардағы тұрғын саны 1,4 млн адамға жетті. Тұрғындардың тығыздығы қазір 1 шаршы километрге 1900 адамнан келеді. Халыққа су жетпейді, инфоқұрылым бұндай жүктемеге дайын емес боп шықты.

Қазақстан ауыз суды қайдан алады? Қазақстандағы қөпжылдық орташа өзен суларының көлемі жылына 102 текше шақырым, жергілікті ағын сулардың көлемі шамамен 52 текше шақырым. Еліміздегі су ресурсының 40%-ын Ертіс, Іле, Сырдария мен Жайық, Тобыл, Шу секілді шет елдер арқылы ағатын өзендер құрайды. Су жағынан көрші елдерге тәуелдіміз. Қытайдан 19, Өзбекстаннан 15, Ресейден 8, Қырғызстаннан 3 текше шақырым су алып отырмыз. Трансшекаралық суларға қатты тәуелді өңірлер – Қызылорда, Түркістан облыстары 90%, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары 80%, Жамбыл облысы 75%.

Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының  болжамына сай, Қазақстан 2040 жылға қарай суға деген мұқтаждығының 50%-ына дейін тапшылық сезуі мүмкін. Экономиканың барлық саласы суға тәуелді болғандықтан, 2050 жылға қарай ел өңірлерінде оның тапшылығына байланысты ЖІӨ 6%-ға төмендеуі мүмкін.

– Ауыз су мен егін шаруашылығына қажетті судың тапшылығы келешекте еселене түседі. Мұның бәрі осы салаға жауапты Экология министрлігінің мардымсыз жұмыс істегенінің салдары. Бұл – министрліктің ғана емес, соған тікелей бағыт-бағдар беріп отыратын үкімет жұмысының да олқылығы. Үкімет мұнай, газ саласына ғана баса назар аударады да, адамзатқа ең қажетті ресурс – ауыз су мәселесі көбіне көлеңкеде қалып қалады. Мысалы, Түркістан облысындағы Ынтымақ ауылында мың гектар бақша өнімдерін егетін егістік жер бар. Биыл Өзбекстаннан судың аз келу себебінен, 300 гектар жеріне ғана су жетті. Қазірдің өзінде республика бойынша су тапшылығы 5 млрд текше метрді құрайды. Осының есебінен құрғақшылық пен қуаңшылық болды.

Қуаңшылықтан Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында 170,9 мың гектар дәнді дақылдар егіс алқабы жойылды. Нәтижесінде азық-түлік бағасы 35%-ға қымбаттап, қазір елде ұн тапшылығы басталды.

Су тапшылығымен күресудің жалғыз жолы: жаңа технологияларды пайдаланып, артезиан суларын алу. Сонымен қатар, көрші елдермен жақсы дипломатиялық байланыс орнатуымыз қажет. Жер үстіндегі ағын су, жерасты суларының ешқандай есебі жоқ Қазақстанда. Біз әлі кеңес одағынан қалған ескі есепті қолданып жүрміз. Бұл саладағы ғылымды күшейту – өз алдына үлкен мәселе. Қазақ билігі жаңаша есеп жүргізіп, жаңаша статистика жасауға кіріскенде ғана тапшылықпен күресе аламыз, деп түсіндірді эколог Азаматқан Әміртай.

Әсем Жұмақан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір