• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қыркүйек, 05:09:46
Алматы
+35°

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Алматыға жұмыс сапарымен келді. Арнайы ұйымдастырылған брифингте министр БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Алматыда кездесуге келген министрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Жомарт Әлиев экология министрлігімен бірлесе отырып ұйымдастырылған бірнеше іс-шаралар барын айтты. 

"Әкімдік бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы Заңға өзгерістер енгізу шеңберінде жергілікті атқарушы органдар қазір орталық мемлекеттік органдарда, оның ішінде экология министрлігінде келісуде тұрған бірқатар іс-шараларды әзірледі. Бұл іс-шаралар Алматы қаласының атмосфералық ауасына антропогендік әсерді төмендетуге бағытталған түрлі техникалық және заңнамаларды қамтиды. Ауаны шамадан тыс ластайтын көліктерге бақылауды күшейтуді қолға аламыз. Сондай-ақ Содан кейін көлік ағынын бақылауға мүмкіндік беретін экопосттарды одан әрі ұлғайту жоспарда бар.  Әрине, ДДҰ стандарттарына ШРК бойынша көшу", деді Жомарт Әлиев. 

ШРК – бұл Кеңес Одағынан мұраға қалған нормалар. Экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес, келесі жылдан бастап қол жетімді ең жақсы технологиялар қолданысқа енгізіледі. Оларға көшу шеңберінде министрлікте 8 арнайы анықтамалық әзірленді, олардың біреуін Үкімет, қалғандарын келісу процесінде бекітілді. Яғни, таяудағы екі жылда Қазақстан ДДҰ нормативтеріне кезең-кезеңімен көшеді.

Ерлан Нысанбаев та экологиялық мәселелерге тоқталып өтіп, бірнеше шешімдер қабылданып жатқанын айтты. 

"Өздеріңіз білесіздер, Алматыдағы ең бірінші ауаны ластаушы – жылу электр орталығы. Бүгінде осы мәселені жою мақсатында жылу электр орталықтары газға ауысып жатыр. Сонымен қатар Алматыдағы ауаның ластануын ретке келтіру бойынша арнайы мемлекеттік бағдарлама да жүзеге асырылмақ. Жалпы еліміз бойынша ең ауасы лас қалалардың қатарына тек Алматы емес, Астана, Балқаш, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Өскемен, Семей қалалары кіреді. Алматыдағы тағы бір мәселе — автокөліктердің көптігі мен табиғи газға қосылмаған жеке тұрғын үйлер. Сондықтан жылу электр орталықтарын толығымен газға ауыстыру – күн тәртібінде. Екіншіден, Алматыға шеткі аймақтардан келетін көліктерді тексеріп, экологиялық бекеттерде тиісті шаралар қолдану қажет. Үшіншіден, жеке тұрғын үйлердің табиғи газға қосылуын реттеу. Ең алдымен осы үш мәселені шешуіміз керек. Сондай-ақ әр қалада экологияны жақсартуға қатысты арнайы бағдарламалдар қабылданып, шешімін табуда", — деді министр. 

Сонда жылу электр орталығының газға ауысуы Алматының экологиялық ахуалға қаншалықты әсер етеді? Бұл сауалға министр былай деп жауап берді: «Жылу электр станцияларының модернизациялануы — маңызды шаруа. Әрине, газға ауысу — өте тиімді. Экологиялық тұрғыдан алып қарасақ, көмір жағумен салыстырғанда, зиянды шығарындылары аз». Басқосуда Алматы сияқты алып шаһардағы қоқыс мәселесі де сөз болды. Мәселен, тұрғындар қоқысты арнайы жәшіктерге тастамай, шашып кетеді. Сондай-ақ жоюды талап ететін қалдықтарды қабылдайтын орындар аз.

Бұл мұндай мәселелерді шешуге қатысты экология және табиғи ресусртар министрі Ерлан Нысанбаев:

«Әрине, бұл өзекті мәселе. Қалдықтардың күн санап артып бара жатқаны байқалады. 20-25 пайызы ғана бүгінде қайта өңделуде. Қоқыс тастауды әрбір адам ең алдымен өз ауласынан бастаса екен. Балаларымызды да кішкентайынан осыған баулуымыз керек. Бұл мәселе — менің күн тәртібімдегі ең өзектісі. Осыған орай бірнеше облыста кездесулер өткіздім. Пилоттық режимде бірнеше жоба да таныстырылды. Қазір осы жобаларды жетілдіру үстіндеміз. Ең алдымен қалдықтарды сұрыптауды қолға алу керек. Сондықтан бұл мәселе бойынша нақты шешімдердің алгоритмі жасалады. Стихиялық полигондарды болдырмау, оларды жою барлық мүдделі тараптарды, соның ішінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарды тарта отырып, түбегейлі және шешуші әрекеттерді талап етеді. Тұрмыс қалдықтарын кәдеге жарату мәселесі бойынша «Жасыл даму» АҚ басшылығымен кездестім. Қалдықтарды утилизациялау бойынша бірқатар жобаларды талқыладық». 

Брифингте Алматы қаласында жасыл желекті көбейту, құнарлы топырақты сақтау, жасыл экологияны дамыту мәселелері де талқыланды.

Сондай-ақ Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасының бастығы Серік Әділбаев Алматыда жыл сайын 430 мың тонна қоқыс жиналып, оның 17 пайызы ғана қайта өңдеуден өтетінін айтты. Бұл қала маңында қоқыс сұрыптау зауыты және әкімдік жүргізетін қалдықтарды бөлек жинау жұмыстары болған жағдайда осындай көрсеткішке жетеді. 

Қазір Алматыда қоқысты бөлек жинауға арналған 1300 контейнер орнатылды және қайта шикізатты қабылдайтын 70 пункт жұмыс істейді. 

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бөлек жинауға арналған контейнерлерді орнатудың өзі жеткіліксіз екенін айтты. 

"Мен үйдегі қоқыстарды өзім сұрыптаймын. Бірақ қалдықтардың әртүрлі түрлеріне арналған контейнерлерге жақындаған кезде, онда тәртіпсіздік бар екенін көремін  Халық арасында қоқысты сұрыптау туралы көп айтыла бермейді. Сондықтан бұл мәдениетті тәрбиелеуден бастау керек", - деді министр.

Нысанбаев өз ведомствосы үшін қоқысты бөлек жинау еліміздегі қалдықтарды кәдеге жаратуды ретке келтіруге мүмкіндік беретін негіз екенін айтты.

"Ең алдымен, қайта өңделетін қалдықтардың пайызын арттыру керек.  Өйткені қазір оның үлесі онша үлкен емес", деді Нысанбаев.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір