• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Шілде, 05:33:51
Алматы
+35°

Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Балқаш ауданының тұрғындарымен кездесіп, аудандағы өнеркәсіп саласындағы көрсеткішке тоқталды.

Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, аталмыш аудан өнеркәсіптегі өндіріс бойынша 9-шы орында тұр. Бұл – облыс бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі.

«Жағдайды тез арада қолға алуымыз керек. Аймақта ет және сүт өңдейтін кәсіпорын ашып, мал шаруашылығындағы өнімділікті арттыруды қолға алу қажет» деді Марат Сұлтанғазиев.

Сонымен қатар, облыс әкімі «Ауыл аманаты» жобасының іске асу барысына арнайы тоқталды.

Марат Елеусізұлы Балқаш ауданында аталған бағдарламаға өтінім берген адамдар санының 257-і ғана екенін айтты.

«Ауыл халқының тұрмысын, әл-ауқатын жақсартуға арналған бағдарламаға қатысушылар санын арттыру керек, ол үшін өңірде ақпараттық насихат жұмыстарын үдете түсу қажет» деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Кездесу кезінде нысанаға алынған кезекті сала инвестиция болды.

Балқаштағы бұл сала кенжелеп тұр. Ауданның облыстағы үлесі 0,9%-ды құрайды. Өткен жылы аймаққа 5,2 млрд теңге инвестиция тартылған.

«Балқаш ауданында инвестиция тарту ісі мен ШОБ өндіретін өнім көлемі 2 пайызға азайған. Демек, ол осы бағыттағы жұмыстарды күшейту керек деген сөз. Аудан әкіміне аталған мәселеге ден қоюды тапсырамын» деді облыс әкімі.

Облыс әкімі назар аударған мәселенің бірі – халықты тұрғын үймен қамту ісі болды.

Айтуынша, ауданда үй алуға 484 адам кезекте тұр.

«Биыл Бақанас ауылында жалпы ауданы 6,1 мың шаршы метрді құрайтын 30 жалға берілетін жеке үй және бір 40 пәтерлі үй іске қосылады. Жаңа пәтерлердің кілтін 70 отбасы алады, оның 55-і – әлеуметтік осал топ өкілдері» деді өңір басшысы.

Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Облыс әкімі өңірде елдімекендерді орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету деңгейі 92,7%-ға жеткенін, нәтижесінде республикадағы ең жоғары көрсеткіш Алматы облысына тиесілі екенін тілге тиек етті. Соның ішінде Балқаш ауданының 28 ауылының 20-сы сапалы ауыз сумен қамтылған.

Көгілдір отынға қол жеткізу ісі әлі күнге өзекті тақырып. Марат Елеусізұлының сөзінше, Балқаш ауданындағы 13 елдімекен (25,7 мың адам) газдандыру тізіміне енген. Бүгінде газ құбыры Бақанас, Ақдала, Бақбақты, Бірлік ауылдарына тартылып кентішілік желілер салынды, бірақ екі жылдан бері магистральдық газ құбырларында газ жоқ.

«Газдың болмауының негізгі себебі "Бақанас" автоматтандырылған газ тарату станциясының өлшеу аспаптарының (манометрлердің) жоқтығы, реттеуші жабдық монтаждалмағаны және одоризация жабдығы қосылмағандығы. Қазіргі уақытта осы фактілер бойынша "Akniet grupp" ЖШС-де ағымдағы жылдың 30 қаңтарында облыстың экономикалық тергеу департаменті  тексеру жұмыстарын бастады» деді өңір басшысы.

Біршама қордаланған мәселелердің барына қарамастан Балқаш ауданы бірқатар көрсеткіштер бойынша көшбасшылар қатарында. Мәселен, аудан үлесіне күріш өндірісінің 100%-ы, жемшөп өндірісінің 15%-ы, асыл тұқымды ірі қара мал басының 18%-ы, жылқы басының 10,4%-ы тиесілі.

Айта кету керек, мемлекет саланы дамытуға айтарлықтай қолдау көрсетеді. Жыл сайын 30 млрд теңгеден астам субсидия бөлінеді.

Мәселен, өткен жылы Балқаш ауданының 506 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 1,8 млрд. теңге бөлінді.

«2022 жылы аудан бойынша 379 шаруашылыққа 1 362,6 млн теңгеге субсидия төленді. Ағымдағы жылы ауданда инвестициялық салымдар кезінде шығындардың бір бөлігін субсидиялау бойынша 362 млн теңгеге 106 ауыл шаруашылық құрылымы өтінім берді» деді Марат Елеусізұлы.

Өңірдегі жетекші саланың көрсеткішетеріне шолу жасаған облыс әкімі, артынша  жиылған қауымның көкейкесті сауалдарына жауап берді.

Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жұртты толғандырған сұрақтар қатары инфрақұрылым, жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы  мен халықтың тұрмысын жақсартуға қатысты болды.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Алматы облысы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір