• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 22:01:06
Алматы
+35°

16 Қараша, 2018 Ұлы көш

Өміршең рух немесе атам аштықтан қалай аман қалды?

Бүкіл әулеттен аман қалған жалғыз Жұманқұлдан тараған ұрпақ ата топыраққа тамыр жіберген мәуелі бәйтерекке айналдық

Іленің жағасында Тоғызтарау деген мекен бар. Мен сол жерде дүние келдім. Атам мен дүниеге келмей келмей тұрып 5 жыл бұрын 98 жасында дүние салыпты. Ол кісі жайлы аңыз көп, өзім көрмесем де, маған аса қадірлі кісі. Себебі көптің айтуынша, ауылдағы есті молдалардың бірі әрі бірегейі болған. Маған ең қызық сезілетіні – атам мен әжемнің жас айырмасы. Әжемнен сұрай беретінім де осы еді. «Әже, сонда 15 жасыңызда қаусаған шалға қалай тидіңіз?», – деп қарқылдай күлетін едім.

Иә, атам әжемді әміріне алғанда мен айтқандай қаусаған шал емес еді. Қырықтың қырқасынан енді асқан қылшылдаған жігіт болатын. Ал, әжем 15 жастағы бойжетіп тұрған қыз екен. Бұл 1940 жылдар болатын. Бұл жылы атам ұзақ сапардан аты арып, ауыр жүкті арқалап, бір қауым елді алдын-ала жіберіп, өзі тұтқынға түсіп қалып, қашып құтылып келіп, Іленің жағасын паналап, тұрақтауға бел буып отырған мезгіл.
Осыдан он жыл бұрын Атам өзі айтып кеткені бойынша Сарыарқадан, нақтырақ айтсақ, Қазіргі Семей өңірінің Шұбартау елдімекенінен шыққанда Орынтай деген әжеміздің болғанын, одан туған бірнеше бала бар екенін білдім. Үдере көшіп, қақаған қыстың қарсаңында ат терлетіп, ауылды жиып отырған тұсынан көршінің естияр бір азаматы жүгіріп келіп: «Жұма аға, (Атамның өз есімі Жұманқұл, ауыл адамдары осылай атапты деседі) Семейден Пышақпай нағашым келіп кетті. Алдымыздағы малды түгелімен жинап алғанымен қоймай, үкімет халық жауларын ұстап жатыр дейді. Оның көзі «Сагындыкулы» деген фамилияға түсіпті қағаздарды аударыстырып отырып, анықтап қараса Джуманкул деп тұр екен. Соны жеткізуге Пышақпай нағашым келіпті, тек сенімді болғасын маған осы хабарды тез жеткіз деді де, өзі сізбен кезігуге сескеніп кетіп қалды. Бүгін түннен қалмасын, жер аударып кетсін деп сәлем айтты»,-деді. «Егер ұсталып қалса, Пышақпай атын аузынан шығарса, қан қарызым мойнында кетеді» -деп қатаң ескертіпті.
Онсыз да сескеніп отырған Атам Орынтай әжемізбен шиттей балаларды алып, сол түнде Балқашты жағалап, Талдықорғанға бет алған екен. Қыстың күні Балқаштың беті қатты деген кез. Тәуекелге бел буып, көрпе-жастық, тең-текеметтерін артқан арбаның доңғалағын шығарып алып, шана жасап, Балқаштың ортасымен бір-ақ тартыпты. Көлге жеткенше маңайдағы ауылдардан өтіпті, жай жүріп өтпепті, адам сүйегінің үстімен өтіпті. Тіпті бір ауыл түгелімен қырылып қалғанын көргенін күйзеле айтып беріпті жас әжемізге. «Шұбаратаудан жүріп омбы қарға із салып, бір ауылға жеттік. Еңселі Ақүйдің алды сыпырусыз, қар сол күйі ізсіз жатыр, сонда да түндіктен болмашы түтін шығып жатыр, ішерге су біткен, қарды жей беру қарық қылмағасын, сол үйге ат басын бұрып, аз аялдамақ болдым. Кірсем үй іші иістеніп кетіпті. Пештің түбінде бір кемпір жатыр екен, қолымен пештің астын қағыстырып, тұруға әл-дәрмені болмай жатқанын байқадым да қасына жақындап барып едім. «Қашық тұр, бас жағымда үш мүрде бар, менің өзім бір аяғым көрде жатқан жанмын, түгелімен обамен өліп таусылдық. Өлгің келмесе, алшақ кет, шық үйден»- деп айқайлағысы келіп, дауысы шықпай ентігіп кетті. Су сұрап едім, үстел басын нұсқады. Беті бір қабат жабылып қалған жарты күбі суды ала бергендімде кемпір: « Ей, өлесің ғой»-деп кейіді. «Тірі жанға бір өлім» деп күбіні көтеріп далаға шығып, бетінің бір қабатын қалқып алып тастадым. Амалсыз қолдана бастадық. Талдықорғанның Сарыөзегіне жеткенше жол-жөнекей бала-шағам мен келіншегім түгел қырылып таусылды. Обадан кетті»- деп жас әжемізге әңгімесін айтып отырар еді атам. 
Екі жыл уақыт тауысып, қуандалы ауыл Сарыөзекке де жетіпті атам. Жол да Орынтай әжеміз шаһит болыпты. Бала-шағадан да бір тұяқ қалмапты. Бұл 1935 жылдар болса керек. Сарыөзектегі жұрт та құйысқандары қопаңдап отыр екен. Үкіметпен партияның қыспағына шыдай алмаған жұрт ашаршылықтан арыла алмай, Қытай ауып кетіп жатыпты. Жастайынан құдаша деп ойнайтын Мыңтеңгені тапқан атам, сол үйге қонақтап біраз күн жатып, артынан қуғыншы келіп, қайта ұстап кетіпті. Ұсталып кетіп бара жатқанда Мыңтеңге қайда баратындары жайлы аз хабар айтқан екен. «Жұманқұл Іленің жағасына жетерсің, мына құрықтан құтылсаң» -деп аманат тастапты. Жаркент түрмесіне түскен Жұманқұлдың тартпаған азабы қалмапты. Барынан айырылып қаралы отыр-ау дейтін үкімет қайдан болсын. Тек құдашасы Мыңтеңгенің мол адамгершілігі жүрегін жылытыпты.
Түрмеде екі жылдан астам уақыт жатыпты, еңбекке жегіліп, тоған қазып, жер аударып, ауыр таяқпен, аш қарынның азабынан бір арыла алмапты. Бір де еңбекте жүрген шағында арқырап ағып жатқан өзеннің жағасына келіп, өз өмірін көз алдынан лентадай өткізген атам түңіліп, «Енді үміт артар не қалды, өлген артық» – деп өзін суға тастауға ойланып тұрғанда артынан бір кісі келіп: «Иә, мына өзеннің ағысына мен де қызығып тұрмын, тас демейді, топырақ демейді, кезіккен кедергісін айналып, өз діттеген жеріне жетуге тырысады, сен де соған қызығып түрған боларсың?!», – деп атамның көзіне қарапты. Жігерсіздік танытып өлімші халге түскеніне ұялған атам жігерленіп, қайта еңсесін көтеріп, түрмеден құтылу жолдарын қарастырып жүріпті.
Бір күні түрме бастығы тұтқындар лагерін аралап жүріп, «іштеріңде молда бар ма?» деп сұрапты. Дінді апиын көретін үкіметтің адамдары молданы не оңдырар дейсіз, ертерек ату керек болған ғой деп көп діндар адамдар жұмған ауызын ашпапты. Сонда атам «иә, бармын» дегенде бастық бұйрықпен атамды үйіне алдырыпты. Үйіне барса, түрме бастығының шешесі о дүниелік болып, соның жаназасын шығаруға молданы күтіп отыр екен. Атам барып шешесінің жаназасын шығарып беріпті. Бастық өзі түрмеге жеткіземін деп машинаға тек екеуі ғана отырып аз-кем әңгімелескеннен кейін түрме бастығы: «Молдеке, Сен Қазақстан аумағынан шыққаның абзал, менің көргенім де күн емес, амал жоқ. Ал, саған бір жақсылығым болсын, қайда бару ойың бар, азық-түлігіңмен мен сені жасырын жеткізіп салайын» депті. Сөйтіп атамды Қорғас шекарасына дейін жеткізіп салған түрме бастығының жақсылығы – бүгінгі біздің өмірге келуімізге түрткі .
Шекара асып, Қытайға жеткен соң Ілені жағалай қонған елден жол-жөнекей сұрап отырып, жаз бойы жүріп, Мыңтеңге қонған ауылды да тауыпты атам. Жұртпен жылап көрісіп, қауышып ел арасында атам да еңсесі көтеріліп қалыпты. Арада аз-кем уақыт өткен соң сыйласқан құдашасы атама: « Жұмеке, жасым кіші болса да заманымыз тең болды, Арқаның төсінде арындаған азамат ең, Мыңбайдың ұрпағы сен емес пе ең? Тағдыр айдап жеткен жерің осы. Орынтайдың орны өгейсіп тұр. Соқа басың сопиып қашанғы жүрмексің, менің екінші қызымды ал, 15 жастан да асып барады, өзіңе қолғанат болсын», -деп өтініпті. Бұны естіген атам ой үстінде қалыпты да «Жасым болса 40-тан асты. Енді қаусағанда жас қыздың обалына қаламын-ау», -деп егіліпті. Бірақ Мыңтеңге апамыз қоярда-қоймай жүріп алып беріпті. «Молдеке бір айға дейін үйге келмей, жақындай алмай жүрді ұялып» – деп әжем кемпір боп отырып, қыз күлкісімен сыңғырлады. Осы әңгімелерді атамның аузынан естігендей етіп айтып берген әжем де 2010 жылы бақилық болды. Әжемнен қалған байлық атамнан қалған ұрпақ пен тарихи тағдырлар еді. Бұл біздің жүрегімізде мәңгі жатталып қалмақ.
Аллаға шүкір! Қазақ елі өз алдына тәуелсіз ел болды, ашаршылықта бүкіл әулеттен аман қалған жалғыз Жұманқұлдан тараған ұрпақ ата топыраққа тамыр жіберген мәуелі бәйтерекке айналдық! Неткен өміршең рух деші! Жаның Жәннатта болғай, жан атам!

 

Қабиден Қуанышбайұлы

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір