• USD 468.98

  • EUR 493.74

  • RUB 7.59

  • CNY 66.79

04 Желтоқсан, 09:07:23
Алматы
-6°

Президенттің елге заңсыз әкелінген көліктерді бірыңғай төмендетілген алым төлету арқылы заңдастыру туралы бастамасы азаматтар арасында түрлі реакция тудырып жатыр. 1 қыркүйекке дейін шетелден заңсыз түрде көлік кіргізгендер арзанға алынған автокөліктері заңды түрде рәсімделетініне риза. Заң бұзуға тартыншақтап, шетелден көлік алсам ба, алмасам ба деп екі ойлы болғандар санын соғып жатыр. Ал заңды бұлжытпай отырдайтын азаматтар ұсынысқа наразы. Айтуларынша, заңсыз әрекетті заңдастыру, заңға деген құрметсіздікті тудырады.

Ақан Жаханұлы есімді facebook қолданушысы заң барлығына бірдей орындалуы керек, орындалмай ма, онда ондай заң шығарып қажеті жоқ деген пікірде.

 

"Таза қазақи әрекет – орындалмайтын заң шығарып қояды, көлікті заңсыз кіргізіп-кіргізіп алып, артынан заңдастыра салады! Заңсыз жерге үй соғып-соғып алады да, артынан сол үйлерді заңдастыра салады! Әй, сонда заңға бағынатындар ескі көлігімен қалады екен де, заңды белінен басатындар көліктерін жаңартып ала ма екен?! Заңға пысқырмайтындар қалаған жеріне үйін соғып алады екен де, заңға бағынатындар үйсіз отыра ма екен?! Бұл әрекеттерің арқылы қалған азғантай заңға бағынатындарды да бағынбайтындар қатарына өздерің сүйреп кіргізіп жатырсыңдар емес пе? Заң шығардыңдар ма ол заң барлығына бірдей орындалсын! Орындалмай ма екен ондай заң шығарып қажеті жоқ! Көпшілік бағынбай жатса онда ол заң шала болғаны. Соны шығарған, қабылдаған адамдарды қуу керек, жазалау керек! Күшін жою керек!" деп жазды Ақан Жаханұлы.

 

Журналист, ақын Айнұр Төлеу орайы келіп тұрғанда заңды бұзбау үшін принципті түрде шетелден көлік алдыртпай қойғанын айтып, заңсыз әрекет заңды болып шыға келетініне ашынады. Ол талап ережелерді бұлжытпай орындаушы азамат ретіндегі құқығы тапталды деп есептейтінін қоса кетті.

 

"Осы да әділет пе? Жазда інім :"Көке, сізге кішкене биігірек, жолға шықсаңыз бала-шағаңыз артында ұйықтап жата беретін машина алайық. Мына көлігіңізді сатыңыз, қырғыздан жап- жаңасын айдап әкеп берем", деді. Мен ініме мораль оқыдым. "Оны қалай тіркейміз. Заңды бұзбай, осы кішкене көлігіммен жүре берейін құрсын",- деп шыққам ғой. Енді президент 1 қыркүйекке дейін кірген шетелдік көлікті тіркейміз деп отыр. Ініме заң, тәртіп туралы ақыл айтқаныма өкінгенім-ай. Негізі белгілі бір тәртіп, ереже, заң жасап алып, оны орындамағандарды кешіре беру де дұрыс емес қой. Онда біржола шетелден көлік әкелуге арналған талаптарды алып таста. Мысалы, мен талап ережелерді бұлжытпай орындаушы азамат ретіндегі құқығым тапталды деп есептеймін" дейді журналист.

 
Әлеуметтік желіде автокөлік тақырыбын жиі қозғайтын журналист Диас Нұрақын заңды белшеден басып, шетелден көлік тасығандар тағы да ұтты, қорқақтап, заңды сыйлап, қымбат болса да қазақша тіркеуде тұрған ескі-құсқыға ұрынғандар енді сан соғып отыр" дейді. Ол жемқорлық жойылмаса, шетелден мыңдап көлік кіргізу тоқтамайды деп санайды.
 
"Тіпті құқым тапталды, мен неге шірік мазданы 3 млн теңгеге алуым керек?. Ал, тәртіпке, талапқа көнбей сырттан тәуір көлік әкелгендерге жыл сайын жеңілдік жасала береді дегендер кешелі-бері әлеуметтік желіні шулатып жатыр. Расымен былтыр да Армениядан заңсыз көлік тасымалдағандарға билік қарайласып, бәріне сары нөмір тағып беріп, бір жараның бетін жапқан. Бірақ бұл безеу сияқты екен. Бірін сықсаң, екіншісі шығады. Армениядан құтылып едік көшеде Грузияның көліктері қаптап кетті. Сондықтан биыл тағы да сол қадамға барып отыр. Демек біздің билік автопромды монополиялап алған санаулы топқа шамасы жетпей отырған сияқты. Сондықтан Қазақстандағы қымбат көліктен қашып, шетел асқандарға әлсін-әлсін осындай жеңілдіктер жасап жатыр деп ойлаймын. Бірақ сырттан темір тұлпар тасу мұнымен тоқтамайды. Қазекем аман болса Африкадан да алдырып мінеді. Сайлаудан кейінгі жолдауда оларға да заңсыз көлігін легализациядан өткізуге және бір мүмкіндік берілетініне бек сенімдімін. Сосын 1-қыркүйекке дейін кіргізілген көліктер деген тек құжат жүзінде қалады. Кеден мен шекарадағы жемқорлық жойылмаса, жолын тапқандар задний числомен құжат жасап, әлі мыңдаған көлікті өткізіп алады. Көлік бизнесі деген қып-қызыл ақша ғой. Ал ақшаға әркімнің-ақ бар таласы..." дейді ол.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір