• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 12:45:29
Алматы
+35°

"Қаңтар трагедиясы" мен Украинадағы соғыс Қазақстанның ішкі саясатын ғана емес, сыртқы саясатын да қайта қарастыруға мәжбүр етіп отыр. Осыған дейін көпвекторлы саясат, «әлемдік бейбітшілік», «мәңгілік достық» деп айтылып келген жалған ұран сөздер ел экономикасын импорттық құнсыздану мен инфляциядан, ал қоғамымызды идеологиялық қақтығыс пен «өзіміздікі немесе өзгенікі» деген бөлінуден құтқара алмайды. Сыртқы саясаттың ең күрделі міндеті – бұрынғы одақтастар мен серіктестердің жаңа жағдайда алатын орны мен рөлін анықтау. Түркиямен арадағы қарым-қатынас енді Қазақстанның өзінің  ұлттық мүддесі үшін өз гамбитін жасап, ынтымақтастықтың жекелеген салалары мен бағыттарын қайта қарауына тура келетінін көрсетті.

Ұзақ уақыт бойы Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс көптеген саяси, экономикалық және гуманитарлық жобалар аясында өзара келісім мен бірліктің "қолайлы" жағдайында дамыды. Ортақ дұшпандар мен екі арада наразылықтың болмауы әртүрлі бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Оның ішінде әскери салада да бір-біріне қолдау көрсетіп отырды. Тарих пен мәдени құндылықтардың ортақтығы «Түркі кеңесі», ТҮРКСОЙ, ТүркПА, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, бірлескен университеттер мен колледждер сияқты түрлі жобалар мен бағдарламалардың пайда болуына ықпал етті.

Мемлекет басшыларының арасында орнаған сенімді қарым-қатынас екі ел арасындағы байланыстың жоғары деңгейге шығуына мүмкіндік берді. Түркия қазақстандық туристер үшін шетел болып саналғанымен ол жерде жүргенде ешқашан өздерін бөтен сезініп көрген жоқ. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Түркия мен Қазақстан арадағы байланыс қай тұрғыдан болсын қарыштап дамыды. Еске сала кетейік, Түркия 1991 жылы біздің тәуелсіздігімізді мойындаған алғашқы мемлекет. Сондай-ақ алғашқылардың бірі болып 1992 жылы Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Түркияның дипломатиялық миссиясы Қазақстан тарихындағы тұңғыш шетелдік өкілдік болды.

Дәл осы кезеңде 2009 жылы елдер арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылды. Ол жердегі «тараптардың аумақтық тұтастығына сыртқы қауіп төнген жағдайда тараптардың бірінің өтініші бойынша консультациялар өткізіледі» деген сөйлемдер аса маңызға ие болды. Қазақстанның 2014-2020 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасында да Түркия Ресей, Қытай, АҚШ, ЕО-дан кейінгі қуатты ел ретінде бекітілді. Қазақстан аймақтарда, атап айтқанда Сирия мен Қарабақтағы қарулы қақтығыстар кезінде, соның ішінде Түркияның әскери күштері қатысқан қақтығыста бейтараптықты сақтай алды. Соның нәтижесінде Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас бұрынғы Кеңес Одағының геосаясаты сияқты жағдайға тап болғанға дейін тұрақты өсу және даму үрдісінде болды.

 

Бірақ соңғы жылдары Астана мен Анкара арасындағы стратегиялық қарым-қатынасқа көлеңке түсті және оған біраз болды. Бұл жайында биыл ғана айтылып тұрған жоқ. Қазір арадағы байланыс жоғары деңгейде дегенге өзгелер күмәнмен қарайды. Түркияның рөлін қайта бағалау Қазақстанның 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясаты тұжырымдамасында да көрсетілген. Қазіргі тұжырымдамада Түркия маңызды серіктес ел ретінде қаралмаған. Тұжырымдамада Түркия тіптен төмендеп, Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық Кеңесі Оңтүстік-Шығыс, Оңтүстік Азия, Солтүстік Африка, АӨСШК, Ислам ынтымақтастығы ұйымынан кейін ғана аталды. Бұл – қарым-қатынастың қандай деңгейде екенін көрсетеді.

 

Туелсіздік алғалы бері Н.Назарбаев Түркияға 24 рет барды. Ал Қазақстанға Түркияның президенттері 15 рет, премьер-министрлері 6 рет келгені белгілі.

Қазіргі мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Түркияға жұмыс сапарымен 2021 жылдың қарашасында барған болатын. Осы жиында жұртшылыққа кеңінен танымал Түркі мемлекеттерінің ұйымы (ОТГ) құрылды. Түркия, Қазақстан және басқа да елдердің басшылары ортақ іс-қимылдарды үйлестіруді жалғастыруға, келесі кездесуді 2022 жылы Түркістан қаласында ұйымдастыруға келіскен. Дегенмен, өзара ынтымақтастық туралы уәделер Түркия президенті Р.Ердоғанның «алты мемлекет және бір ұлт» туралы тезисінен аса алмады.

 

Қазақстандағы қаңтар оқиғасында мемлекет басшылары арасындағы байланысты бұрынғы қалпына келтіруге тырысқандай болды. Қазақстан қалаларында қарулы қақтығыстар басталғаннан кейін, 2022 жылғы 6 қаңтарда Р.Ердоған Қ.Тоқаевқа қоңырау шалып, Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатуға өз көмегін ұсынды. Алайда Түркі мемлекеттерінің ұйымы шеңберіндегі ынтымақтастық пен өзара көмек міндеттемелеріне қарамастан, Қазақстан басшылығы әскери көмекті олардан емес, ҰҚШҰ елдерінен сұрады. Осыдан кейін ресейлік Sputnik ақпарат агенттігі Ердоғанның 2022 жылдың наурыз айына жоспарланған Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында Түркістанға жұмыс сапарына бару туралы келісімнен бас тартқанын қуана жазды. Әрине, бұл оқиғадан кейін оған ешкім таңғала қоймады.

 

Украинадағы соғыс Қазақстан үшін Түркия мен Түркі мемлекеттерінің ұйымы мүшелеріне қатысты тепе-теңдікті сақтаудың қиындығын тағы бір рет байқатты. Түркияның Украинадағы қақтығысқа араласуы Анкараның ТМД аймағындағы өз мүдделерін қорғауға деген шешімін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның Украинадағы ҰҚШҰ әскерлері қатарынан табылуының «байрактар» мен «джавелиндерге» ұнай қоймасы анық. Оның дипломатиялық, психологиялық салдарын елестету қиын емес.

Қазақстан төңірегіндегі, соның ішінде Украинадағы соғысқа байланысты қазіргі тұрақсыздық жағдайы ел басшылығына бұрынғы одақтастар мен серіктестерге қатысты күрделі шешімдер қабылдауға тура келетінін көрсетеді деп қорытындылауға болады. Көрші елдермен қарым-қатынасты одан әрі құру үдерісінде аумақтық тұтастықты сақтау, саяси режимнің тұрақтылығы басты назарда болуы керек. Тарихта алғаш рет Қазақстан мен Түркия ынтымақтастығы күрделі сын-қатерлерге арналған тестілеуден өтіп жатыр десек те болады.

Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде мемлекеттер арасында экономикалық, сауда, гуманитарлық қарым-қатынастар өте жақсы дамып, екі елге де пайда әкелетінін көрсетті. Дегенмен, Украина төңірегіндегі жағдай Анкарамен қарым-қатынастың Қазақстан үшін бірқатар шектеулер бар екенін байқатып отыр. Елдер арасындағы қарым-қатынастардың одан арғы процесі мен бағыты Қазақстанның өз аумағында қарулы қақтығыстардың алдын алу және болдырмау жөніндегі ішкі мүдделерімен айқындалуы тиіс.

Осының бәрін ескере отырып, Қазақстан басшылығы елдің және оның халқының ұлттық мүддесін алғашқы орынға қоюы керек. Сондай-ақ оның сыртқы әлеммен қарым-қатынасын негізге ала отырып, оны ретке келтіруі тиіс. Сондықтан, Қазақстан төңіректе болып жатқан қазіргі жағдайларды ескере отырып, Анкарамен арадағы қарым-қатынасты қайта қарағаны абзал.

Шәріп Ишмухамедов

A + Analytics зерттеу орталығының эксперті

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір