• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 04:02:18
Алматы
+35°

Қытай қалай бір елдің экономикасын жаулап алады? Осы тақырып төңірегінде Германияның жетекші басылымдарының бірі DW арнаулы мақала жариялады. Қамшы тілшісі неміс басылымының мақаласын ықшамдап, оқырман назарларына ұсынады. Басылым Бейжіңнің Пәкістан экономикасын қалай жаулап алғаны туралы сараптама жасаған.

Қытай инвестициялары Пәкістан экономикасын қалай жаулап алды?

Пәкістанның ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатер мен жергілікті халық наразылығының күшеюіне қарамастан, Қытай Пәкістанға миллиардтаған доллар құйып, көптеген секторларға инвестиция салуды жалғастыруда.

2015 жылы жарияланған миллиардтаған долларлық Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі Пәкістанның құлаған инфрақұрылымын күрделі жөндеуге және елдің оңтүстігіндегі Гвадар портын Қытайдың батысымен байланыстыруға бағытталған.

Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің қолтаңбасы бар "Бір белдеу – бір жол" бастамасының бір бөлігі болып саналатын жоба Пәкістанға 46 миллиард доллар инвестиция әкеледі деп есептелді. Дегенмен қазір жоба шамамен 65 миллиард долларға дейін өсті деп болжануда.

Серіктестіктің бірінші кезеңінде негізінен қытайлық ақшаның көмегімен энергетикалық және көлік инфрақұрылымына қатысты ондаған жоба жүзеге асырылды.

Өткен жылдың желтоқсанында басталған және 27 жобадан тұратын бастаманың екінші кезеңі өндірістік қуатты арттыруға және жұмыс орындарын құруға бағытталған.

Бейжің Пәкістанның экономикалық орталықтарына ғана емес, сонымен қатар Пәкістан басқаратын Кашмир мен Хайбер-Пахтунхва провинциясының солтүстік-батысындағы жерлерге де ақша аударды.

Көптеген пәкістандықтар елдегі қытайлық инвестициялардың ұлғаюына қатысты эйфориялық пікірде, олар мұны Пәкістанды ауыр экономикалық дағдарыстан шығару үшін қажет деп санайды.

COVID пандемиясы, мыңдаған шағын кәсіпорындардың жабылуы және экономикалық дағдарыс салдарынан Пәкістанда 20 миллионнан астам адам жұмыссыз қалды. 

Пәкістан экономикасы үшін "байлық пен бақыттың көзі"

Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва провинциясы 2004-2015 жылдар аралығында діни террористерден қатты зардап шекті. Аймақтағы тайпалық аудандар "әл-Каида" мен "Хаккани" сияқты террористер мен экстремистердің орталығы болып саналды. 

Осы қорқынышты заңдылықты ескере отырып, көптеген батыс елдері мен кәсіпкерлер провинцияға инвестиция салуда алаңдады.

Карачи сауда палаталарының бұрынғы президенті Кайсер Ахмед Шайх Қытайдың батыстан қалған олқылықтың орнын толтыруға көшкенін мәлімдеді.

Хайбер Пахтунхва провинциясының әйелдер сауда палатасының қызметкері Анила Халид қытайлық инвестициялар Пәкістан экономикасы үшін "байлық пен бақыттың көзі" деп санайды.

"Біріншіден, Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі жобасы аясында Бейжің біздің провинцияға инвестиция салды. Қытай түрлі энергетикалық және инфрақұрылымдық жобалармен жұмыс жасады. Қазір санитарлық тазалыққа және басқа да жобаларға инвестиция құюда" деп сұхбат берген ол германиялық DW басылымына.

Террористік шабуылдар жиі болып тұрады

Оңтүстік Синд провинциясында қытайлық фирмалар Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізінің бірнеше жобаларын аяқтап қана қоймай, сонымен қатар Пәкістан қор биржасы (ПҚБ) компаниясының 40% акциясын сатып алды.

Карачи портындағы көрнекті кәсіпкер және Пәкістан қор биржасының (ПҚБ) директоры Ахмед Чиной неміс басылымына берген сұхбатында қытайлықтардың ПҚБ-ның басқарушы директорын, бас қаржы директоры және бас реттеуші офицерін тағайындауға құқығы бар екенін айтты.

"Мұндай тағайындауларды директорлар кеңесі мақұлдауы керек" деп қосты ол.

Өткен маусымда қор биржасына жергілікті тұрғындар шабуыл жасаған себебі Балучистан провинциясындағы адамдар қытайлық инвестицияларға наразы болған.

Көптеген дереккөздерге сәйкес, Пәкістандағы ең ірі энергетикалық компанияларының бірі есептелетін Карачидегі электр энергиясын Қытай сатып алуды жоспарлап отыр.

– Қытайлықтар Синдтегі барлық жерге инвестиция салуға тырысады, – деген аты-жөнін атамауды сұраған аймақтық үкімет өкілі.

Ол жақында бес аудандағы санитарлық тазалық келісімшарттары қытайлық компанияларға берілгенін айтты. Бірқатар кәсіпкерлер, Карачи метрополитен корпорациясы мен кәсіподақтың әр түрлі мүшелері шенеуніктің сөзін растады.

Қытайлық фирмаларға осындай тиімді келісімшарттарды бергені үшін жергілікті халық үкіметке көп рет наразылық білдірген.

Карачидегі Авами жұмысшылар партиясының бас хатшысы Хуррам Әлидің айтуынша, Синдтағы мұнай барлау блоктары қытайлық компанияларға берілген.

"British Petroleum сияқты батыс компаниялары бұрын да осындай блоктармен жұмыс жасаған" дейді ол.

Қытайдың Белужистандағы инвестициясы

Балучистан – Пәкістанның ең ірі провинциясы. Онда стратегиялық маңызды Гвадар порты орналасқан, ал, оны қытайлық компания басқарады. Провинцияда соңғы 17 жылда бірнеше рет террорлық шабуыл болған. Шабуылдардың кейбірі қытайлықтарға бағытталған.

Балуч көтерілісшілері тәуелсіздік алу үшін Пәкістан мемлекетіне қарсы соғысуда. Олардың шабуылдарының дені полиция мен әскерді нысанаға алады, сонымен қатар балуч емес тұрғындарға жиі шабуыл жасайды.

Бұл аймақ инвестициялар үшін қауіпті деп саналса да, қытайлықтар осы уақытқа дейін провинцияға ақша аударудан еш қиналмаған сияқты.

Олар басқа да ірі жобалармен бірге Гвадарда әуежай салып жатыр.

Қала тұрғыны, экс-премьер-министр Зульфикар Али Бхуттоның бұрынғы кеңесшісі Рахим Зафар қытайлықтар Гвадар портына жақын жерде үш зауыт құрғанын айтады.

"Олар сондай-ақ балық аулау бизнесімен айналысады, терең теңіз тралдарын әкеледі, балықты тұрақсыз түрде аулайды және жергілікті тұрғындардың балық аулауына мүмкіндік бермейді" дейді ол.

Белужистан үкіметінің бұрынғы өкілі Ян Мухаммад Буледи неміс басылымына берген сұхбат барысында қытайлық кәсіпкерлердің провинцияның әр жеріндегі жергілікті серіктестері арқылы мәрмәр мен минералды өндіруге қатысатынын айтты.

Арзан жұмыс күші мен жоғары пайда Қытай қаржысына түрткі болды ма?

Лахорлық сарапшы Ахсан Раза премьер-министр Имран Ханның өткен жылы 100-ге жуық қытайлық инвестормен кездесуі қытайлықтарды Пәкістанға инвестиция салуға ынталандырды деп есептейді.

"Үкімет жалпы инвесторлар мен қытайлық инвесторлар үшін нормативтік құқықтық базаны реформалады. Сондықтан олар қонақүй, ақпараттық технологиялар, телекоммуникация, кеңес беру және басқа да салаларға инвестиция салуда" деді Раза.

Карачи сауда палаталарының бұрынғы басшысы Шайк арзан жұмыс күші мен жоғары пайда маржасы қытайлықтарды Пәкістанға инвестиция салуға итермелейді деп санайды.

"Сонымен қатар бәсекелестік аз, себебі үкімет барлық инвесторларға жеңілдіктер мен тиімділіктер жариялағанына қарамастан, батыс кәсіпкерлері Пәкістанға инвестиция салуға дайын емес" деді ол.

"Сонымен қатар, қытайлықтар 100% пайданы елге қайтара алады, өйткені елде қайта инвестициялауға шектеу жоқ" деп қосты ол.

Пәкістанның кейбір кәсіпкерлері "қытайлық фирмаларға артықшылық беріледі" дейді. Алайда, үкімет мұндай айыптауларды жоққа шығарады.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Қытай Пәкістан

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір