• USD 415.12

  • EUR 443.06

  • RUB 7.41

  • CNY 62.21

26 Мамыр, 08:50:11
Алматы
+21°

Фото: Ашық дереккөз

2020 жылы 15 қарашада Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин 105 жасқа толып отыр. Батыр атамыздың мұндай жасын атап өту біз үшін үлкен құрмет болып табылады. Себебі, аты аңызға айналған кісіні еске алу әрқашан ерекше сезімге бөлеп, қазақ халқында осындай тұлғаның бар екендігін есімізге салып, тұла бойымызда мақтаныш сезімін оятады.

«Менің бүкіл өмірім, менің қаным мен қуатым адамдарға тиесілі. Жүрегім кеудемде соғып тұрғанда, тамырымда қан ағып жатқанда, мен Отан үшін, өзім ұл болған қазақ халқының бақыты үшін күресемін », – деп жазды батыр ғалым өз еңбектерінің бірінде.

Соғыс басталғанда М.Ғабдуллинді институтта аспирантурада оқыды. Ол өз еркімен майданға жіберу туралы өтініш жазды. Мәлік Ғабдуллиннің саяси нұсқаушыдан гвардия майоры және Кеңес Одағының батырына дейінгі жауынгерлік жолы Алматыда құрылған және көп ұзамай Мәскеу түбіндегі кескілескен шайқастарда жоғары үкіметтік наградаға – Қызыл Ту ордені мен 8-ші гвардия атағына ие болған 316-шы атқыштар дивизиясының (командирі И.В.Панфилов) тарихымен тығыз байланысты.

Жігерлі, батыл және ерік-жігері күшті, қабілетті ұйымдастырушы бола білген ол көп ұзамай қолбасшылықтың назарын өзіне аудартты. Мәлік ротаның саяси офицері, содан кейін батальон комиссары болып тағайындалды. Дәл осы Панфилов дивизиясының батальонынан Мәскеу түбіндегі Дубосеково түбінде соғысқан жиырма сегіз гвардияшы сияқты әлемге әйгілі батырлар шықты.
Мәскеу үшін тарихи шайқаста қазақ жауынгерінің мінезі мен таланты тамаша ашылды. Бұл шайқаста Малік қатыгез және қуатты жауға қарсы күрестің ауыр және қатал мектебінен өтті. «Правда» газетінде жарияланған «Ерліктің тууы» атты очеркінде Б.Полевой оның шынайы және аянбай алысуының алғашқы күндері туралы айтады.

Мәлік Ғабдуллинді Кеңес Одағының батыры атағымен марапаттау тізімінде: «Немістер қайтарып алған Бородино ауылы маңызды стратегиялық нүкте болды, ол жерден бірнеше жол немістерді Старая Русса қаласымен байланыстырды. Фашистердің шабуылына тосқауыл қою үшін М.Ғабдуллин жолдас бастаған пулеметшілер ротасы алға ұмтылған жауға оң қанаттан соққы беруге жіберілді. Жан аямай арпалысқа түскен 7 сағатқа созылған шайқаста М.Ғабдуллин бес рет шабуылға шықты. Шайқас кезінде жау өлтірілген және жараланған жүздеген сарбазынан айырылып, шегінуге мәжбүр болды. Сөйтіп Бородино ауылы алынды» – деп, ерлік іздері жазылған. Фашистік басқыншыларға қарсы шайқастарда көрсеткен жеке ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1943 жылғы 30 қаңтардағы Жарлығымен Мәлік Ғабдуллинге «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.

Ұлы Отан соғысы жылдары ауыз толтырып айтарлықтай ерен ерлік көрсеткен Мәлік атамыз жау қолынан қаза тапқан пулеметші Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының батыры деген атақты алып беру үшін барын салған. Мәншүктің қазасын ести сала Невель қаласына келеді.

«Мәншүкке не жасап жатырсыңдар?» – деп жерлеп жатқан әскерге сұрақ қояды. Мәншүкті екінші дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынғандарын айтады. Мәлік Ғабдуллин бұл сөздерді естігеннен кейін қатты ашуланады да: «Алматы мен Мәскеудің арасы мейлі, 4 мың-ақ шақырым болсын. Қазақтың жиырмаға жаңа толған қызы алыстан Отанымды, Мәскеуді қорғаймын деп келіп, қолына орыстың винтовкасын алып, соғысамын деуінің өзі ерлік емес пе? Дереу құжаттарын қайта дайындаңдар. Комсомолдың Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа, болмаса маған Батыр атағын берген Калининнің өзіне барамын. Тіпті Ворошиловқа кірем. Одан түк шықпаса, менің Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды берем» – деп қайтадан дайындалған құжаттарды алып кетеді. Осы оқиғадан кейін, 1944 жылы 1 наурызда Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының батыры атағы беріледі.

Сұрапыл соғыс майданынан оралғаннан кейін М.Ғабдуллин республиканың ғылыми-педагогикалық мекемелерінде қызмет атқарған. Шығармалары жеке жинақ болып, соғыстан кейін жарияланды. «Менің майдандас достарым» (1947), «Алтын жұлдыз» (1948), «Майдан очерктері» (1949), «Сұрапыл жылдар» (1971) атты кітаптарына енген әңгіме, очерктерінде М.Ғабдуллин майдан өмірін суреттеп, жауынгер тұлғасын, сол кездегі адамдардың Ұлы Отан соғысы кезіндегі қаһармандық бейнесін суреттеді.

Педагог-жазушы ретінде ол жас ұрпақтың тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлді. «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» (1966) деген кітабында М.Ғабдуллин бесік жырынан бастап, батырлар жырына дейінгі халық поэзиясының тәрбиелік мәнін ашып, оны іс жүзінде пайдаланудың тәсілдерін көрсетті. Сонымен бірге балаларды патриотизмге, шыншылдыққа тәрбиелеу, олардың болашаққа сенімін арттыру, жас баланы дұрыс сөйлеуге үйрету жөнінде ата-аналарға педагогтық кеңес берді.

М.Ғабдуллиннің бүкіл өмірі, көптеген еңбектері қазіргі жастарға адамгершілік-патриоттық тәрбие берудің баға жетпес қайнар көзі болып табылады. Оның шығармашылық мұрасының маңыздылығын бағаламай өту қиын. М.Ғабдуллиннің ата-бабаларының рухани мұрасын зерттеген кезде, өзінің туған халқының игілігі үшін жанқиярлықпен қызмет еткен соғыс және бейбітшілік кезеңдеріндегі өмірі туралы мәліметтер ұрпақтан ұрпаққа берілуі тиіс. Сондықтан аты аңызға айналған адамның 2015 жылы 100 жылдығына орай Мәлік Ғабдуллиннің ғылыми еңбектері мен эпистолярлық мұрасының 11 томдық басылымы жарық көріп, ғылыми еңбектеріне екінші өмір сыйлады. Көптеген шығармалар, очерктер мен мақалалар Мәлік Ғабдуллиннің өзіне арналған.

Соғыстан кейін М.Ғабдуллин ғылыми жұмысына қайта оралды. Кандидаттық, содан кейін докторлық диссертациясын қорғады. Ресей Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі болды. Ол бірнеше рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды, көптеген жылдар бойы Алматы педагогикалық институтының ректоры болып жұмыс істеді. Қазақ КСР Ғылым академиясының «Әдебиет және өнер» институтының бөлімін басқарды және көптеген жемісті ғылыми жұмыстар жүргізді. Ол көптеген ғылыми кеңестердің мүшесі, тәлімгер, жас ғалымдардың үлкен ақылшысы, әскери-тарихи білімді насихаттаушы, Қазақстанның танымал гвардиясы мен ғылымының ардагері болды.

Соғыстыңда, білім мен ғылымның да майданында ерінбей тер төгіп, халқы үшін үзілмей қызмет атқарған ардагер атамыздан алар сабағымыз көп болып, аруағына тағзым ету қашанда парызымыз деп санаймыз.

Болат САЙЛАН, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.д.
Нұрай Құтымова, 1-курс студенті.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір