• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Сәуір, 10:31:36
Алматы
+35°

09 Ақпан, 2024 Мінбер

Қорқынышты түн

8 ақпан, шамамен түнгі екі жарым. Алматыда тау етігіндегі тұрғындар түн ортасында гүрілдіген дауыс пен қабырғаның дірілінен тарс оянып, үйін тастай дүркірей қашты. Тар көшедегі түнгі аласапыранды елестетудің өзі қиын.

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Есін жия алмаған 400-ге жуық адам сол түні оқиға орнына шұғыл келіп жеткен психологтар көмегіне жүгінді. Қорқынышты кинодағы кадрға ұқсас апатқа куә олардың бойын үрей биледі. Арнайы орындарға эвакуацияланған қараша жүректері орнына түскен соң туған-туыс, достарының үйін жағалап, жан-жаққа тарқасты. Иә, сол түні тау жотасында орналасқан көше бойындағы 100-ден аса үйдің екеуін лай көшкіні басып қалды: бірін бүтіндей, тағы бірін жартылай. Саз балшықты қолмен аршыған (үйлердің тығыз орналасуы, көшенің тарлығы арнайы техникалар жұмысына кедергі келтірген) құтқарушылар тобы түске таман бір отбасы мүшелерінің денелерін тауып, үйінді астынан алып шықты. Құрбан болғандар саны – төртеу. Оның екеуі – Медеу ауданындағы 48 мектептің жоғары сыныбында оқитын 2007 жылғы егіз ұлдар. Ал отбасы мүшелері ішінде жалғыз аман қалған тұңғыш бала шетелде оқуда екен. Қалай дегенмен де осы қайғылы оқиғаға байланысты көп ұзамай қылмыстық іс қозғалды. Өйткені бұл арада заңсыздық шаш етектен асады! Мұны құзырлы өкілдер де, мамандар да растап отыр. Енді кім кінәліні анықтау ғана қалып тұр.

Негізінен, біреулер жер сілкінген, тағы біреулер таудағы қар еріп, су тасыған болуы керек деп долбарлап жатыр. Жоқ!

Бұл арада жағдай былай: Апат болған «Тау самалы» ықшам ауданының тау етегіндегі көшесі (Олимпийский) – көпқабатты үйдің төменгі қабаты деп алсақ та болады. Өйткені жеке үйлер ғана емес, көпқабатты тұрғын үйлер, тіпті мейманханалар тауды өрлеп, биікке қарай тізбектеліп салына берген, тағы жаңадан салынып жатқаны да қаншама? Міне, осы жоғарыда, таудың ортаң беліндегі үйлер үшін жүргізілген су құбыры жарылып, лай көшкіні туындаған.

Апатқа түрткі не дегенде, «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары осылай деді. Ал Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин бұл аймаққа жаңа құрылыс жобасы бойынша үй салуға мүлде болмайтынын мойындап отыр. Дегенмен: «Бұл жердің коммуналдық жүйелері стандартқа сай емес» деп таяқтың бір ұшын әкім мырза жергілікті тұрғындардың өзіне ақырындап сырып қояды.

«Жақында қалада егжей-тегжей жоспар қабылданып, оған болашақта құрылыс салуға болмайтын жасыл аймақтар енгізілген. Көшкін болған аумақ осындай аймақта орналасқан. Мұндағы секторлардың көбі стандартқа сәйкес емес. Оның ішінде су құбырымен қатар кәріз желілері де бар. Көбі таулы жерде тұратындарына қарамастан, жекеменшік септик пайдаланады» дейді әкім ақталып.

Тау етегінде тұратын бұқара ертеңінде арнайы өздерімен кездесуге келген Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтан мұнда жүргізіліп жатқан құрылыстарға аудит жүргізуді талап етті. Бірақ ол да сырғытпа жауап беріп, сылдыр сөзбен тоқтады.

«Құрылыс компаниясы жекеменшік тұрғын үй құрылысы мақсатындағы жер телімін сатып алады да ол араға бүтін тұрғын үй кешенін салып тастайды. Обсерваторияның маңын қараңыз, «Каменское платоның» өзінде мұндай бірнеше нысан тұр. Тау-тасты тегістеп, ағаштарды кесіп жатыр. Сондықтан тек Медеу ауданы емес, қала маңындағы таулы аймақтағы барлық құрылысқа аудит жүргізсеңіз», деді жиынға келген тұрғындардың бірі мәселенің нұқып көрсетіп.  

Өз кезегінде Досаев Мемлекет басшысы тапсырмасына жүгініп, содан үмітті екенін айтып әңгімені арыға итерді.

«Мемлекет басшысы қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тапсырма берді. Парламент мұны қолдап, таулы аймақта құрылыс салуға мүмкіндік беретін заңдағы кемшін тұстарды жоямыз деп үміттенемін. Қазірдің өзінде тау басына заңдағы кемшін тұс болса да құрылыс салуға тыйым салынған», деді әкім.

Сондай-ақ тау етегіндегі барлық жер теліміне аудит жүргізу мүмкін емес екенін де нақтылаған әкім халық естігі келген сөз: "Жауаптыларды жазалаймыз" дегенді сол күйі айтпады.

Төрт адамның өмірін жалмаған апатқа қатысты құзырлы ведомство мен әкім-қарарлардың білдірген пікірі мен айтқан сөздері осындай. Ал апаттың нақты себебін, кінә кімнен екенін арнайы құрылған комиссия алдағы уақытта жариялайтын болады. Алайда оған да аса бір үміт арта қоюдың қажеті жоқ. Себебі мұндай қайғылы жағдаймен тау етегіндегі халық бірінші рет бетпе-бет келмепті.

Үш-төрт жыл бұрын мұнда тағы да лай көшкіні жүріп, зейнеткер әйел опат болыпты.

«Бұл ауданда мұндай жағдай болған, Байқоңыр көшесі бойында, ол кезде бір апа қаза тапты. Менің жағдайым да осыған ұқсас болып тұр. Тау етегінде тұрамын, бірақ тау дегенім көршілеріммен қолдан жасалған нәрсе. Олар жерді тегістеп, 45 Камаз топырақ әкеліп төкті. Олардың қақпасы қазірдің өзінде қисайып тұр. Мен көп рет комиссия шақырттым, бірақ одан еш нәтиже жоқ», - дейді Медеу ауданының тұрғыны Сотникова.

Ал енді бұған не дейсіздер?..

 

Қамшыгер

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір