30 Шілде, 2020 NEWS

Белсенді Руслан Жанпейісовтің бір жылға сотталғаны хабарланды

Белсенді Руслан Жанпейісов

Белсенді Руслан Жанпейісов бір жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады. 

Жанпейісовке үкім бүгін шығарылған. Қалалық соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламаға қарағанда ол жәбірленушіге ауырлығы орташа дене жарақатын қасақана келтіргені, сондай-ақ билік өкілін қорлағаны және телекоммуникация желісінде бейнежазба таратқаны үшін кінәлі деп танылған.

Сот үкіміне сай, ол қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің бірінде жазасын өтейді. 

Бұған қоса, сот талапкер-жәбірленушілердің талап арыздарын қанағаттандырып, Жанпейісовтан 550 мың теңге өндіріп алды.

"Сот істі қарау кезінде сотталған адамның аэрозольді бұрышпен зарядталған тапанша түріндегі аэрозольді құрылғыны қолдана отырып, жәбірленушінің көз аймағына оқ атқанын, соңғысына екі көздің химиялық күйігін келтіргенін, бұл көру өткірлігінің төмендеуіне әкеп соқтырғанын анықтады. Сонымен қатар, ол қоғамдық орында өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде жүрген полиция қызметкері К.-ны көпшілік алдында қорлады және көпшілікке қолжетімді интернет  арнаға бейнежазба жариялады"  делінген сот хабарламасында.

Сот хабарламасында Жанпейісов өзіне тағылған "қасақана дене жарақатын келтірді" деп айыпты мойындамағын айтылады.  

Шымкент қаласының тұрғыны Руслан Жанпейісов – полиция қызметкерлерінің жұмысын сынға алып видео түсіретін белсенді блогер. Ол бұған дейін де бірнеше рет қамалған. 

Соңғы рет Жанпейісов биыл 14 сәуірде әкімшілік құқық бұзушылық үшін 25 тәулікке қамауға алынды. Кейін қамауға алу мерзімі 40 күнге дейін ұзартылған. 

Кейін белсенді бостандыққа шығып, полиция қызметкерлерін видеоға түсірмеуге уәде берген еді.

Ілмек сөздер: руслан жанпейісов

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір