• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 21:19:12
Алматы
+35°

«Халыққа адал қызмет» (ХАҚ) партиясын құру бойынша бастамашыл топ жетекшісі Тоғжан Қожалиева "Саяси партиялар туралы" заңға президенттің қол қоюы парламент сайлауы мерзімінен бұрын өтетінін білдірмейді деген пікірде.

– Президент сайлауы кезінде көптеген заң бұзушылықтар тіркелді. Сондықтан  қазір мәслихат пен мәжіліс сайлауы өтіп, ол жерде де заңсыздықтар болып жатса, онда халықаралық аренада елдің сайлау жүйесінің әділдігіне күмән күшейеді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) осындай тұжырымы бар. Мен елдегі белді шенеуніктермен сөйлесіп, жағдайдан хабардар болып отырмын. Олардың айтуынша, Парламент сайлауы мерзімінде болады деп болжануда, – деді Қожалиева.

Бастамашыл топ жетекшісі сайлау туралы заңға біршама өзгерістер енгізу қажет деп есептейді. 

– Жалпы сайлау туралы заңда әйелдер мен жастарға арналған квоталарды партиялық тізімге енгізу талабы қойылды. Бұл – негізі дұрыс. Бірақ аталған өзгерістен басқа да өзгерістер енгізу керек еді. Сайлау алдындағы әртүрлі шектеулерді алып тастау қажет. Мәселен, президент сайлауына түскісі келетін адамның мемлекеттік қызметте 5 жылдық тәжірибесі болуы міндетті деген норма. Сондай-ақ парламентке өту табалдырығын 7 пайыздан, кемінде 5 пайызға төмендету қажет, – деді ол. 

Тоғжан Қожалиева биліктің партияны тіркеуде мүше санын 40 мың адамнан 20 мың адамға азайтуы саяси реформа үшін жеткіліксіз деп есептейді.

– Қазақстанда партияны тіркеуден өткізу өте қиын. Жаңа заңдағы партия тіркеуге қажетті 20 мың мүшенің өзі саяси реформа үшін аздық етеді. Мәселен көршілес Ресейді алып қарасақ, онда партия тіркеу үшін 500 адам мүшелікте болса жеткілікті. Съезд өзін өткізу үшін 100 адам ғана керек. Негізі халықтың арасындағы беделді партияға 20 мың қол жинау қиын емес. Бірақ ұлттық қауіпсіздік комитеті немесе басқа да заң органдары сол адамдар арасынан «Біз мұндайға қол қоймадық» деген 100, не 20 адамды шығаруы ғажап емес. Мұндайда партия мүшелері ҰҚК-нің мәжбүрлеуімен айтқандарынан тайқып кетуі мүмкін, – дейді бастамашыл топ жетекшісі.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта партия құруға қажетті ынталы топқа кіретін мыңнан аса адамның қолы дайын. 

– Қазіргі уақытта қарамағымда 1000-нан аса адам бар. Сондай-ақ 20 мың адамды жинау жүріп жатыр. Біздің нақты дайындаған бағдарламамыз бар. Сол бағдарламадағы талаптарды оқып, көріп, соны қолдаған адамдарды ғана мүшелікке қабылдаймыз. 20 мың адамды жинаудағы ең басты мақсат – мәслихаттарға кіру. Біздің ойымызша мәжілістен бұрын, елімізде мәслихат маңызды. Өйткені әр ауданның өзінің мәселелері, сұрақтары бар. Соларды шешу қажет. Ал мәжілісте тек заңдарды қарастырады. Партияның ұстанымы – елімізде барлығына бірдей мүмкіндік барын көрсету, – деп сөзін түйіндеді.

Нұрсұлу Темірханқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір