• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
14 Желтоқсан, 10:50:41
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

19 Қараша, 2019 Аймақтар

Ауыл шаруашылығы кооперативінің алар асуы мол

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым бағыттардың бірі. Осы орайда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қолға алынған тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру жобасы көпке үлгі екендігі сөзсіз.

Расында, бастама ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын көтеруге үлкен септігін тигізеді. Бұл мақсатта Талас ауданындағы Үшарал ауылдық округінде «Талас-2020» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылыпты. Бастапқыда 400 миллион теңгеге техника алуды жоспарлаған кооператив бүгінде оның бағасын түсіріпті. Яғни, 132 миллион 410 мың теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын алуға өтінім беріп үлгерген. Бұл қаржыға Садықбек Тілеубердиев басшылық ететін құрылым 22 техника алуды жоспарлап отыр екен.

– Техникалардың барлығы несиеге алынатындықтан оның өтеуі болатыны сөзсіз. Сондықтан бізге тек қана жұмыс істеу керек. Яғни, алған техникаларымыз өз құнын өзі шығаруы тиіс. Әрі ауыл тұрғындарын өзге жаққа қымбат бағаға жалтақтатпай, қолда бармен соларға жұмыс істеуіміз басты міндет. Сол себептен алғашқы жұмысымызды Қаратау жотасына арпа себуден бастағалы отырмыз. Келер жылы көктемнен сондағы жерді тиімді пайдалана отырып, ауылдағы ағайынға арзандатылған жемшөп беру жоспарымызда бар, – дейді кооперативтің атқарушы директоры С.Тілеубердиев.

Ал бастаманың бесінші бағытында тұрғындардың өз кәсібін ашуы немесе кеңейтуі, шағын жобаларды қаржыландыруы көзделген. Бұл мақсатта ниет білдірушілерге 2,5 пайызбен несие беріледі. Дегенмен ауыл әкімдігіндегі жауапты мамандардың айтуынша, тұрғындардың көпшілігі ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсіп ашу бойынша құжат жинап, жобаларын ұсыныпты. Яғни, техникалық жөндеу орталықтары мен вулканизация секілді. Ал мұндай бастамаларға жобадан тыс 5 пайызбен несие рәсімделетін көрінеді. Осыны ескерген ауыл тұрғыны Шалқар Абдулла наубайхана ашуды қолға алыпты.

– Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін ас атасын дүкеншілер облыс орталығы Тараз қаласынан тасымалдап келді. Сонымен қатар Жамбыл ауданы, Аса ауылынан да нан алып келіп, ауылдағы ағайынға өткеретін. Жобаның тиімділігін пайдалана отырып, наубайхана ашуды қолға алып отырмын. Бүгінде оның құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы тарапыпан қаржы түсетін болса, бірден құрал-жабдықтарымды сатып алатын боламын. Ал ұнмен қамтамасыз ету бойынша осында жаңадан құрылған кооператив қол ұшын созады екен, – дейді ауыл тұрғын Ш.Абдулла.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір