• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
06 Желтоқсан, 18:57:18
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

16 Қазан, 2019 Аймақтар

Тәтті түбірден мол табыс күтеді

Жамбыл облысында қызылша алқабын ұлғайту бойынша бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды. Алдыңғы жылдары үздік шаруа қожалықтардың жұмысымен жеке танысып, озық технолгияларды меңгеру, бүгінгі заман талабына сай тыңайтқыштарды тиімді пайдалануды көзбен көрсетіп, қолмен ұстататын үлкен басқосу да ұйымдастырылған еді. Сол жұмыстардың нақты нәтижемен ұштасқандығына тәтті түбір жинап жатқан диқандардың еңбегі дәлел болып отыр.

Тәтті түбір өсіруде алдыңғы қатарда келе жатқан аудандардың бірі – тоғыз жолдың торабындағы Шу ауданы. Мұнда биылдан бастап қант қызылшасын егуді қолға алған іргелі серіктестіктердің бірі – «Қызылша» ЖШС.

«Ауданға қант қызылшасын егу үшін былтыр күзде 300 гектар жерді дайындадық. Маусымдық жұмыс кезінде 40-қа жуық инженер, оператор, агрономдар мен ауылшаруашылығы мақсатындағы 20 техника тынымсыз еңбек етті. Бұның бәрі құрылыс жұмыстары әне-міне басталатын қант зауытын шикізатпен қамтудың қамы. Ал, зауыт пайдалануға берілгенге дейін шикізатты Меркі ауданындағы қант зауытына өткеретін боламыз. Биылғы жылдың өнімділігі ойдағыдай болды. Келесі жылы қант қызылшасы алқабын 1000 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Қазір жерді көктемгі жұмыстарға дайындау жұмыстары жүргізілуде» - дейді «Қызылша» ЖШС-нің өндірістік директоры Бағдат Белгібаев.

Қант қызылшасын егу жұмыстарын сәуір айының басында бастаған серіктестік бүгінгі күні 306 гектар жерді толығымен игерген. Олар 300 гектарға немістің «акация» және «виорика» сынды тұқымын егіп, қалған 6 гектар аумаққа өздерінің зертханасы үшін өзге де тұқымдарды егіпті. Аталмыш серіктестіктің құрылғанына көп уақыт болмаса да, олардың материалдық-техникалық әлеуеттері үлкен. Қазір мұнда 300 гектар жердегі қант қызылшасын жинау жұмыстары басталып кетті. Бүгінгі таңда 20 гектар жердегі шикізат жиналған болса, қараша айының 15-не дейін бұл жұмыстар толық аяқталмақ. Бұл мақсатта дәл қазір 25 адам мен 10-нан аса техника тынбай еңбек етуде.

«Қызылша» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 300 гектар алқаптан бөлек, 2 гектар аумаққа қант қызылшасының 12 түрлі сұрпын сеуіпті. Биылғы жылдың көрсеткіші бойынша 123 гектар жерге егілген немістің «Виорика» тұқымы мол өнім берсе, 80 гектар жердегі «Акация» деп аталатын түрінің өнімділігі төмен болып тұрған көрінеді. Ал аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбековтың айтуынша, жалпы аудан шаруалары қазан айының 10-нан бастап жаппай жиын-терін жұмыстарын бастап кеткен.

– Биыл аудан бойынша 725 гектар алқапқа қант қызылшасы себілген болатын. Оның ішінде 465 гектары ғана сақталып отыр. Қазіргі кезде Ескі-Шу, Қонаев және Дулат ауылдық округтеріндегі жиын-терін жұмыстары өз деңгейінде жүріп жатыр. Түсімі де жаман емес. Сонымен бірге, «Қызылша» ЖШС биылдан бастап қант зауытының құрылысын бастамақ. Сол себепті, келесі жылы аудан шаруалары табысы көл-көсір қант қызылшасын көптеп егіп, ауданымыздың атын алысқа шығарады деген сенімдемін, - дейді Әлихан Әбіләшұлы.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір