• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Маусым, 08:39:56
Алматы
+35°

28 мамыр күні «Tamos Education» мектебі «Swiss Innovators Club» (Швейцария) коммерциялық емес білім беру ассоциациясымен және FEYDEY (Калифорния, АҚШ) білім беру ұйымымен стратегиялық серіктестікке отырғанын хабарлады.

Жаңа халықаралық серіктестіктің арқасында «Tamos Education» мектебінің оқушылары келесі оқу жылынан бастап Global Secondary Education бағдарламасы бойынша оқудан өтеді. Бұл оқушыларға үздік білім беру бағдарламаларының бірі – К-12 бағдарламасы бойынша пәндерді ағылшын тілінде оқып, 11-сыныпты бітіргенде Қазақстанның мемлекеттік аттестатымен қатар АҚШ дипломын да алуға бірегей мүмкіндік береді.

Әлемде үш алып білім беру бағдарламасы бар

Tamos Education мектебінің бас директоры Бауыржан Серік: «Әлемде үш алып бағдарлама бар. Біріншісі – IB (International Baccalaureate) – халықаралық бакалавриат. Бұл – кең таралған атақты бағдарлама. Бірақ оны мектебімізге енгізу қиын болмақ әрі қымбатқа түспек. Екіншісі – Cambridge A levels бағдарламасы. Tamos Cambridge-де осы бағдарлама бойынша білім беріледі. Алайда оны біз қазақ, орыс мектептеріне енгізуді жөн санамаймыз. Себебі бұл жағдайда да оқу бағасы шарықтайын деп тұр. Үшінші танымал бағдарлама К-12 деп аталады. Былайша айтқанда, балабақшадан 11-сыныпқа дейін қамтылатын оқу процесі. Статистикаға сүйенсек, К-12 бойынша оқитын оқушылар саны алдыңғы екі бағдарлама қолданушыларынан асып түседі».

К-12 бағдарламасы балаларға не береді?

«Біздің балаларымыз әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған мықтылармен бәсекеге түседі. Сондықтан бізге осындай халықаралық стандартқа шығу қажет. Қазір жай ғана ағылшын тілін білумен таңқалдыра алмайсыз. Сондықтан дипломнан бұрын бағдарлама бойға сіңіретін қарым-қабілет пен дағдылар маңыздырақ. К-12 бағдарламасын сәтті аяқтаған оқушы шетелдік ЖОО-на оқуға түскенде foundation кезеңінен (бакалавриат/магистратура/докторантураға арналған қарқынды академиялық және тілдік дайындық – ред.) секіріп өтіп бірден 1 курсқа қабылдана алады. Ол үшін бала 2 кезеңнен тұратын оқу процесінен сүрінбей өтуі тиіс. Бірінші кезең 1-сыныпта басталады. Келе жатқан күркүйектен бастап ақырындап ағылшын тілінде пәндерді оқи бастайды. Ал 9-сыныптан бастап «диплом алу» кезеңіне дайындалады. Бірақ бұл жаңалық тек 1-сыныптарға қатысты деп түсініп қалмау керек. 10-сыныпқа дейінгі кез-келген сынып К-12 бағдарламасына мұрсат алады. Бізге баланың қай сыныпта оқитынынан бұрын ағылшын тілі қай деңгейде екені маңызды. Себебі бағдарлама әр баламен жеке жұмыс істейді.

Мысалы, бала 3-сынып оқушысы. Алайда ағылшыны әлсіздеу, деңгейі 2- сыныптағылармен шамалас. Демек жүйе оған 2-сыныптың материалдарын меңгеруді ұсынады. Олардың емтиханды сәтті тапсырғанда ғана 3-сынып материалдарына кіріседі. Осылайша жүйе әр баламен жеке дара жұмыс істеп нәтиже шығаруды көздейді. Ол үшін арнайы платформаға кіріп, логин/пароль енгізіп, оқуға аптасына 4-5 сағат арнаса жеткілікті.

Кей ата-аналар «Біз шетелдік ЖОО-ға түспейміз» деп бағдарлама құндылығын жете түсінбеуі мүмкін. Шетелдік оқу орнына түсуді мақсат тұтпаған балаға да бағдарлама бәрібір қажет. Себебі бүгінгі заман глобальді. Бәріміз үлкен бір қауымдастықта өмір сүреміз. Әлемдік экономика қауымдастық негізінде жұмыс істейді. Мысалы, белгілі бір елдер тауар өндірумен айналысады. Келесі елдер нарыққа идеяларын сатады. Мұндай қауымдастықта басқалармен иық тіресіп, жемісті жұмыс істеу үшін ағылшынша ойлана білу маңызды. Біз балаларымызға аумалы-төкпелі болашақта Қазақстанмен шектелмей, глобальді стартаптарда/жобаларда еңбек етуге мүмкіндік береміз».

«2», «3» деген баға қойылмайды

«Swiss Innovators Club» президенті George Makhviladze: «Мен осы бағдарламаның негізін қалаушысымын, методологымын. К-12 бағдарламасы Қазақстанда 2015 жылдан бері жүзеге асырылып отыр. 2016 жылы біз мыңдаған педагогты осы бағдарлама бойынша оқыттық. Себебі ағылшын тілін білетін химия пәнінің мұғалімі болса да ол ағылшынша химияны жақсы бере алады деген сөз. Сондықтан алдағы үш жыл «Tamos Education» педагогтарының дайындығына, оқушылардың бейімделуіне арналады. Бұл жүйе бойынша мұғалім «2», «3»  деген баға қоямайды. Ондай баға мүлдем жоқ. Бала «5» деген баға алмайынша қайта-қайта сабақты тыңдап, емтиханын тапсыра береді. Сөйтіп ең жақсы деген нәтижесі ғана есепке алынады. Мұғалім баланың жанында отырып қадағаламайды. Оның мақсаты – тек шабыттандыру. К-12 бойынша бала бос уақытында өзі сабақ тыңдайды. Қашан жүйеге кіреді, қанша сағат отырады – мұның бәрін өзі шешеді. Демек біз оқу процесін, тайм-менеджментін өзі ұйымдастыра алатын баланы тәрбиелейміз. Ал бұл – пайдалы дағды. Тек қана ата-ана тарапынан балаға кәміл сенім, мұғалім тарапынан қолдау мен мотивация болса жеткілікті».

Нәтижесінде «Tamos Education» мектебінің түлектері орта білім алғанын растайтын қазақстандық аттестатпен қатар америкалық диплом алады. Ол үшін 24 кредитті (пәнді – ред.) жабуы шарт. Бір айта кетерлігі, 9 кредит қазақстандық аттестаттан көшіріледі.  

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір