• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 10:24:38
Алматы
+35°

28 Ақпан, 2024 Алматы

Алматыдағы қатты жер сілкінісі: төтеншеліктер не үшін жазаланды?

ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов бүгін Мәжіліс дәлізінде журналистер қауымына тап келіп, бірқатар ыңғайсыз сұрақтарға жауап беруге мәжбүр болды. Соның бірі -  Алматыда қатты жер сілкінісі кезінде құлақтандыру жүйесінің іске қосылмауына байланысты қандай лауазымды тұлғалардың жазаланғаны туралы.

gov.kz

"Иә, қызметтік тергеу жүргізілді, көптеген қызметкер, соның ішінде лауазымды тұлғалар жазаланды", деді Бауыржан Сыздықов.

Бірақ ол қай қызметкер жазалғанын, оларға қандай жаза қолданылғанын нақты айта алмады.

"Енді ол арада әртүрлі жаза бар, сондықтан ресми түрде хабарлассаңыздар, біз кейінірек нақтылап береміз",  деді вице-министр.

Сыздықов Алматыдағы жер сілкінісі туралы алдын ала құлақтандыру жүйесіне бөлінген ірі қаражат мәселесіне қатысты түсініктеме бере алмайтынын жеткізді. Өйткені аталған мәселемен бүгіндері прокуратура және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет айналысып жатқан көрінеді.

"Бұл арада мынаны айта кеткен жөн, құлақтандыру жүйесі, егер алдын ала хабарландыру жүйесін алатын болсақ, онда екі жыл ішінде, айталық, 28 датчик қойылды. Жалпы, Алматы бүгінде 100%-ға қамтылған, дабыл, құлақтандыру қондырғыларымен 100% қамту жүріп жатыр. Қазірдің өзінде бұл жүйе жұмыс істеп тұрғанына өздеріңіздер куәсіздер", деді ол.

Ол сатып алынған 28 датчик қазір сынақ режимінде жұмыс істеп тұрғанын айтады.

"Олардың барлығы мамандар белгілеген орындарға орнатылып, қазір сынақтан өтіп жатыр. Ал тестілеу мерзімі бір жылға созылады. Яғни, біз оларды бір жылдан кейін ғана өндіріске шығарамыз... 2022-2023 жылдар барысында екі жылда сатып алынды, бірінші жыл, менің ойымша, 11, екінші жылы 17 датчик алынды", деді Бауыржан Сыздықов.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір