• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 21:08:10
Алматы
+35°

23 Ақпан, 2024 Әлеумет

Тіл жанашыры Руза Бейсембайтегі: "Жатар едім, өшкенше сонда..."

"Қаншама адам мені жындыханадан құтқарды, алып шықты! Ал мен осы күнге дейін бір жазба жазуға жарамадым!". Осылай деп басталатын әлеуметтік желідегі жазбасында Руза Бейсембайтегі репрессияға ілініп кетке жаздаған басындағы қорқынышты жағдайды баяндайды. Ана тілін қорғаймын деп жындыханаға қамалып, көптің нөпірімен босап шыққан апайымыз бір айға жуық уақытта үн-түнсіз болуының себебіне дәрінің әсері түрткі екенін айтады.

Ашық дереккөзден алынды

"Karakoz Bek (Жәмиләш) тікелей эфирімді көріп, "Мені тастамаңыздаршы, мені" деп шырылдағанымды, жедел жәрдем көлігіне мені күштеп салып әкеткеніне куә болып, жан-жаққа хабар берген. Мұны естіген қаншама адам, блогер, жорналшылар барынша дабыл қағып, көп жабыла кетті. Олардың арасында депутат бауырларым Ермұрат Бапи, Қазыбек Иса, Абзал Құспан, Жарқынбек Амантай, басқа да қаны сұйылмаған халық қалаулылары болғанына сенімдімін. Мәселеге тікелей араласып, мені құтқармағанда осы күні жатар едім, өшкенше сонда. Жындыханадан шығып үлгермегенше Қостанайдан Әскербек, адвокат балам (жуықта тағы келіп кетті), Алматыдан блогер, жорналшы жастар да келді, үнемі менімен байланыста отырды.

Жан-жаққа хабар таратып, жүрегі қазағым деп соғатындардың ішінде Өскеменнен Жұлдыз сіңілім де болды. Жындыханадағы екі күнде екі рет келген Сұңғат, Мейрам, шығарар уақытта алып кеткен Серік Елікбай жерлестерім ше? Ілесе үйіме келген жерлестерім ше?! Ішінде белсенді жігіттермен қатар қазақтың нағыз зиялылары, рухы мықты жорналшы бауырларым, обыстық мәслихаттың депутатымен қоса болды. Менімен бірге болған қаншама абзал азаматтарға да стрестен бе (егіп тастаған дәрілерден бе), ризашылығымды сөзбен айтып жеткізе алмағандықтан, жылағаннан басқа ишара жасай алмадым.

Арасында "Байханов кетсін" деп ұрандатқаны да бар! Арашалап әлемжеліде сөз айтқандар ше?! Өз арналарында сол азаматтарға сөз бергендер ше? Бір аптадан кейін ай толады жындыханадан шыққаныма, бірақ сол сәт есіме түссе әлі күнге дейін жылағым келеді...

Айтпақшы, маған репрессия мәшинесін қолданайық деп құлшынып отырған қала прокурорларын да көрмедім, әділдігін айтсақ. Байханов пен Скляр туралы сөз жоқ мында, олар туралы басқа әңгіме.

Қанша адамдар байланысқа шығып, мені қорғаштап отырды. Қанша өзім білмейтін, танымайтын адамдар қолдау көрсетті. Ал білетіндеріне, мысалы өзім жақсы көретін Ақерке қызымның маған арнаған жазбасына пікір жаза алмадым, өйткені маған фб бермеді (қанша білетін құлындарымның аты аталмай қалды, қапелімде есіме түспей)? Адам құқықтары бюросының өкілдері, Меруерт қызым бастаған, жындыханаға келген құқықтарымды қорғауға?! Сол ауыр күндері өлең арнаған бауырларым! Серік Болатбекұлы, Ермек Нарымбаев, Серік Әлиұлы, Еркебұлан Нұрланбаевтар ше, оңды-солды жазба жазып, менің мәселеме ел назарын бұрып отырған желіде? Сәуле Әбділәханқызы ше, онда мен де жындымын деп жазған? Соңғыларыңыз, кейін көріп қалғандарым, қаншаларыңды алда көремін, абзал азаматтарым менің!!! Әттең барлығыңызды құшақтағым келеді...", делінген жазбада.

Айта кетсек, 2024 жылы 24 қаңтарда Павлодарда тіл жанашыры Руза Бейсембайтегінің облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылғаны белгілі болды. Бұл хабар жұртты дүрліктіріп жіберді. Ақыры екі күннен кейін ол кісі көптің нөпірімен босап шықты. Руза Бейсенбайтегі Керекудегі тіл жанашыры ретінде танымал. Ол облыстағы бірнеше жылдан бері мемлекеттік тілді менсінбейтіндермен күресіп келеді. Тіл жанашырының әдеттегі әрекеті бұл жолы, өкінішке қарай, жындыхана оқиғасына ұласқан.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір