• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 20:54:28
Алматы
+35°

20 Ақпан, 2024 Экономика

Президент кеңесшісі Атырауға шұғыл ұшты. Мұнайлы өңірде не боп жатыр?

Бүгін Атырауға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі Болат Ақшолақовтың өзі келіп жетті. Ондағы мақсат – дау-дамайға ілік стратегиялық кәсіпорын АМӨЗ-дағы жағдайды өз көзімен көріп-білу.

anpz.kz

Бұл, негізі, ресми нұсқа. Алайда Президент кеңесшісінің мұнайлы өңірге арнайы жол тартуы аталған мәселінің арғы жағында саяси астар бар-жоғын анықтау болуы ықтимал деген дүдәмал ой көптің басында жылт етеді.

Қалай дегенмен де соңғы кездері ши шықса, осы Батыс өңірден шығатыны белгілі ғой.

Qamshy.kz сайтына пікір білдірген саясаттанушы Әзімбай Ғали үлкен ақша жүрген жерде мұндай дау-дамайдың болуы белгілі бір деңгейде заңды  құбылыс екенін айтады.

Бізде шетел валютасы түріндегі басты табыс осы мұнай-газ саласынан түседі. Ол арада түрлі экономикалық субъектілермен қоса түрлі мүдделер болады. Сондықтан мұны ішкі тартыс деп айтуға болады. Оған жергілікті олигархтар, ірі олигархтар, олардың арғы жағында саяси тұлғалар да кіріп кетеді. Бірақ одан қандай да бір саяси астарды іздеудің керегі жоқ деп ойлаймын. Бұл - экономикалық субъектілердің өзара қайшыласы, дейді ол.

Сонымен мұнайлы өңірде не болып жатыр дегенге келетін болсақ, әңгіменің әлқисассы Атырау мұнай өңдеу зауытының бас инженері Әділет Шошанбасовтың Президентке, Энергетика министрлігіне, «ҚазМұнайГаз» АҚ басшылығына үндеу хат жолдауынан басталады. Одан кейін бір ай бұрын ғана зауыт басшылығына тағайындалған Ғалымжан Жусанбаев өзіне жала жабылып жатқанын айтып, Мемлекет басшысынан көмек сұрады, видео үндеу жолдады. Бұған жауап ретінде іле-шала әлеуметтік желіде 436 адам қол қойған АМӨЗ жұмысшыларының бас директорды қызметінен босатуды сұраған петициясы жарияланды. Атыраулық әріптестерін қолдайтынын білдіріп, бір мезетте Шымкент пен Павлодардағы мұнай өңдейтін зауыттардың ұжымы да үн қосты. Сөйтіп, ақырында дауласқан екеу қызметінен айырылып тынды. Бәрінен бұрын, айналдырған 3-4 күн ішіндегі зауыттың бас директоры мен бас инженері арасындағы дау-дамай кәсіпорындағы көп былық-шылықтың бетін ашып тастады. Атап айтқанда:

  1. Бас директор зауыт жұмысшыларының жалақысы қорынан 14 кеңесшіні жоғары жалақыға жұмысқа алған;
  2. білікті қызметкерлер жұмыстан шығарылған;
  3. 2020 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде үлестес компаниялар тобынан тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жалпы сомасы 150 млрд теңгеден асатын жоғарылатылған бағамен сатып алған. Бұл сатып алулар көптеген заң бұзушылықтармен жүзеге асырылған;
  4. кокс пен түйіршіктелген күкіртті нормативтен тыс сақтау тұрғысынан экологиялық заңнама бұзушылықтары бар;
  5. Тәжікстан Республикасына гуманитарлық көмек көрсету аясында 15 мың тонна мазутты жеткізу уақытынан кешіктірілген. Оған мазут құбырының қатып қалуы, жетекшілік ететін бас директордың орынбасарлары мен жауапты ИТҚ (инженерлік-техникалық қызметкерлер) тарапынан жұмысты ұйымдастыру және бақылаудың болмауы себеп болған;
  6. 2024 жылдың 15 ақпанында мұнай өңдейтін және мұнай өнімдерін терең күкіртсіздендіретін негізгі технологиялық қондырғыларында айналым компрессоры істен шығады. Алдын ала тергеп-тексеру барысында жабдыққа жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілмегені анықталды;
  7. жөндеу жұмыстарын жүргізетін компанияның үлестес топтарының мүшелері болып табылады. Сондықтан бұл арада көз жұма қарау жиі орын алады. Коммерциялық құрылымдар осылай негізсіз жоғары табысқа кеңеліп отырған.

Мұның барлығы - қос тараптың дау-дамайы кезінде айтылған айыптаулар екенін еске саламыз. Ал оларды тексеріп, анықтау арнайы комиссияның еншісіндегі дүние. Алайда кеше «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеев бастаған комиссия өкілдері «AМӨЗ» ЖШС зауытында жиын өткізіп, оның барысында қызметінен айырылған Жусанбаев пен Шошанбасов қол алысып үлгеріпті. Ал бас директордың міндетін атқару әрі қарай шешім қабылданғанға дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директорының орынбасары – техникалық директор Олег Александрович Лызловқа бұйырған көрінеді. Енді алда Атырауда жүрген Президент кеңесшісі Болат Ақшолақов мәлімдеме жасауы тиіс.

Ол «осыған дейін қабылданған шаралар дұрыс» дейді ме, әлде жұмыстан айырылған екеудің бірін қайта орнына қойдырта алады ма, ол жағы белгісіз. Белгілісі, мұнай саласын жақсы білетін әрі осы өңірдің тумасы Ақшолақовтың алда не айтатыны кімге де болсын қызық болып тұр...  

Айта кетсек, Атырау мұнай өңдеу зауытының қожайыны - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (99%).

Кәмшат Тілеуханқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір