• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Сәуір, 19:40:27
Алматы
+35°

Қазақ – интеллектуалды халық. Оған ауыз әдебиетіндегі түрлі жанр дәлел. Соның бірі – жұмбақ. Соңғы екі жыл бойында көптеп тарап, желідегілердің басын даң қылып, шешімі табылмай жатқан бір қазақ жұмбағы бар екен. Оның себебі мағынасының қате берілуінде көрінеді. Этнограф-ғалым Болат Бопайұлы осылай дейді. Сөйткен ол кісі Qamshy сайтына «Болысқа табақ тарту» жұмбағының дұрыс нұсқасын әрі оның шешімін ұсынды.

Баяғы заманда бір ауылда жасанып қалған кемпір-шал тұрыпты. Оның жар дегенде жалғыз ұлы, ай мен күндей сұлу келіні, бір немересі болыпты. Бір күні қариялардың жалғыз ұлы жазылмас ауыруға шалдығып, ақыры жастай дүние салыпты.

Бір күні жесір қалған жас сұлу келіншекке көзі түскен сол ауылдағы бай әрі болыс қасына нөкерлерін ертіп әлгі кемір-шалдың үйіне келеді, сөйтіп қаралы келінді тоқалдыққа күштеп әкетпекші болыпты. Келіннің қайын атасы мен қайын енесі болысқа бір ақ сары бас мал сойып, оны қонақ етіпті. Мал сойылып жатқанда қайын енесі ошақ басында жүрген келініне:

– Келін жан, мына болыс тегін келмепті. Сені тоқалдыққа алсам деп атаң екеумізге сөз салып отыр. Атаң екеуміз жұмған аузымызды аша алмай, болыстың беделінен жасқанып, не айтармызды білмей отырмыз, дейді.

Сонда жас келін:

– Апа, еш алаңдамаңыз. Болыс ел басқарып отырған есті ұлық қой. Ұлықтың айтқаны ұлы заң. Оны елі атқарады. Ал ұлық та халықтың сөзін тыңдайды. Ас жегеннің аузы жұмсақ болады. Болысқа тартатын асты мен дайындайын, сіздер жай әңгімелесіп, еш нәрсенің қылпын білдірмей отыра беріңіздер. Қонақ кәде мен ас сыйынан кейін ол мәселе шешімін табатын болады, депті.

Келіннің айтуы бойынша, кемпір-шал қонақтармен әңгімелесіп отыра беріпті. Бір уақытта ет те піседі. Келін астау толы етті қонақтардың алдына әкеліп, ақ дастарханға қойып, далада жүрген ұлын шақырып: «Болыс атаңнан бата сұра», депті. Таңдайы тақылдап тұрған 4-5 жастағы ұл бала:

Ұлық ата, адал асқа берші бата,
Сіз келдіңіз-ау пайғабар жасқа.
Сіз салған жолмен халық жүрсін,
Кетпесін бұл өмірде ешбір қата! – деп бата сұрапты.

Сонда астауға салынған кәделі жіліктерді көзінің қырымен бір шалып өткен қақсал болыс, астаудағы асқа бір қарап, келінге бір қарап:

Ішпес жерде су бар,
Жемес жерде ас бар.
Астау толы аста,
Ақыл жетпес сыр бар.
Жұмбағын шеше алмас,
Бір жұмақ шың бар! – деп астан ауыз да тиместен, нөкерлерін ертіп, райынан қайтып, үн-түнсіз бетін сипап аттанып кеткен екен.

Сонда келін астауға қандай кәделі жіліктер салған?

Бұл жұмбақ табақ деп аталады. Оны болыс пен келін ғана түсінеді. Қалғандары аң-таң болып жұбақты шеше алмайды. Ауылдан алыстаған соң, болыстың нөкерлерінің бірі:

– Болыс, сіз астан ауыз тимей, не жауап қатпай, келінді тоқалдыққа алу райынан қайтып қалдыңыз ғой. Біз түк түсіне алмай қалдық деген екен.

Сонда болыс:

– Мына елдің болысы мен емес. Жас болса да, әйел болса да нағыз ел басқаратын нағыз дана, ақылды жан сол екен, деп терең оймен күрсініпті.

Сонда әлгі жағымпаз нөкер:

– Ой, болыс-ау, әйелдің шашы ұзын, ақылы шолақ, өзі де ақымақтау көрінеді. Бір қойдың бар кәделі жіліктерін астауға толтыра бір-ақ тартыпты қой. Онда тұрған не бар? Етке тойып алып, жас сұлуды қойынға салу керек еді, деп жылпылдапты.

Қабағы қатулы болыс:

– Ей, ақымақ. Ақылың тамағыңнан аспайтын қу сорлысың ғой. Ол табақ – табақ емес. Ол маған берген жауап. Оның мәнін біліп ал, деп бір тыныстап алған болыс, ат үстінде алдына тартылған бір астау еттің мән-мағынасын былай түсіндіріпті:

– Ол келін, келін емес керім екен. Астауға жетім арқа салыпты. Ол – күйеуім кетіп, жесір қалдым дегені; бұлшық еті жоқ асық жілік салыпты. Ол – сүйеніші жоқ ұлым жетім қалды дегені; қойдың жарты жүрегін салыпты. Ол – жүрегім жарты, көңілім орта дегені; жетім бауыр салыпты. Ол – туыстарым күйеуге шықанымды қаламайды дегені; қойдың тіл мен жағын кескілеп салыпты. Ол – Сізбен тіл табыса алмаймын дегені; сынған еті ояздау ортаң жілік салыпты. Ол – азаматымыздан айырылып қаралы болып отырмыз дегені; етінің жартысы кесілген кәрі жілік пен құйқасының жартысы жоқ бас салыпты. Ол – қарт қайын атам мен қайын апам бар. Оларды тастап кете алмаймын дегені; жалғыз тал қара қабырға салыпты. Ол – қатыныңмен кеңес дегені. Талақты үш бөліп салыпты. Ол қатыныңды талақ етіп, басыңды босатып кел дегені; еті аршылған жауырын салыпты. Ол – ақылың болса осы ауыртпалықтарды көтере аласың ба дегені; қу құйышақ пен тоқпан жілікті салып, оның үстіне құйрық маймен басып қойыпты. Ол – біздей қойшы, құлды майдай жұмсақ сезініп, шынайы отбасымызбен қабылдай аласың ба дегені; оның қасына қос бүйректің біреуін жарып, біреуін бүтін күйінше қойыпты. Ол – бүйрегің бітеу, қуатың күшті ме, жоқ, жарты бүйректей әлсізсің бе дегені. Міне, біздің хәл осылай. Ал сіздің хал қалай, деп сұрағаны. Жарты шикі піскен өкпе салыпты. Ол – ісің шикі болса маған өкпелеме дегені. Мен оның ақылы мен арына қол қойып үнсіз, тілсіз кеттім. Атам қазақ «Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз. Көп білсең де көптен артық білмейсің». Білгенің көбейген сайын, білмейтініңнің одан да көп екенін түсінетін боласың деп текке айтпаған ғой, – деп болсын әңгімесін тамамдап алға қарай желе жорта жөнеліпті.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір