• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

13 Сәуір, 22:27:11
Алматы
+35°

24 Қаңтар, 2024 Әлеумет

"Көк өгіз оянды". Билік құпия картаны қашан ашады?

Ғалымдар "Жер сілкінісі туралы" заң қабылдауды сұрайды!

Фото: kazlenta.kz

Соңғы жылдары Алматыда жер сілкінісі жиілеп тұр. Бұл өңірдегі ғылыми тілмен айтқанда, жерасты тыныштығы кезеңі өткенін, енді белсенділік фазасы басталғанын білдіреді. Қазақы таныммен айтқанда, Жерді мүйізімен көтеріп тұрған Көк өгіз ұйқысынан оянды. Ғалымдар аталған табиғи үдерістің бір-екі жылмен шектелмейтінін нақтылайды. Яғни, жер сілкінісі алда да бола береді...

Бұған хронология да дәлел. Сейсмикалық аймаққа жататындықтан Алматыда мыңдаған жерасты дүмпулері жүріп жатады. Оның бірін адамдар сезсе, бірін сезбейді. Дегенмен уақыт өте оның күш алу фактісі тіркелген. Мәселен, 2022 жылы желтоқсанның соңында қырғыз бен қытай шекарасында зілзала болып, ол Алматыда қатты сезілді: 6 балл. 2023 жылы 10 қаңтарда Алматыдан 25 шақырым жерде жер сілкінді, ол кездегі жер тербелісі – 4 балл. Міне, биыл – 2024 жылы 23 қаңтарда Алматыда 5 баллдық жер сілкінісі болды. Бұл – бір.

Екіншіден, биыл Жапония және өзге шетел мамандары Алматыға келіп, зерттеулер жүргізгені белгілі болып отыр. Ресми билік бұл жайында ешқандай ақпарат жарияламады. Есесіне, халықаралық ұйымдардың есебінен онымен танысуға болады. Сондықтан табиғаттың тосын құбылысы туралы болжамнан мұндағы қараша алдын-ала хабардар. Тек қай күні болатынын білмейтіні болмаса. Ал құзырлы мекемелер болжамды 7 баллға дейінгі зілзалаға дайын екендіктерін айтып, бұл реттегі есебін толық болмаса да қоғам үшін шетінен кертіп, там-тұмдап жариялаған да. Алайда...

Бұл ресми есепте мамандардың көп ескертуі ескертілмеген деседі. Мәселен:

1. Алматыда жер сілкінісі кезінде талқандалу қаупі жоғары 5, кейбір мамандар 12 ошақ бар екенін айтады. Өйткені олар кез келген уақытта қозғалуы мүмкін тектоникалық тақта үстінде орналасқан. Саясаткерлер, қоғам белсенділері осы картаны жариялауды талап етеді. Сөйтіп осы қауіпті аймақтағы тұрғындарға таңдау жасауға мүмкіндік беруді сұрайды.

«Картаны бермей отыр. Оны құпия қылып тастаған. Өйткені онда халықта: «қауіпті аймақ жер телімдерін неге сатқан, ол араға зәулім көпқабатты тұрғын үйлер неге салғызған» деген заңды сұрақ туындайды. Мұндай рұқсат құжаттарына кім қол қойды деп, тіпті әрі қаузай бастаса, ауқымды жемқорлық фактісі әшкере болады. Одан бөлек құрылыс салу талаптарын бұзу фактілері қала ішінде жетіп артылады. Олардың жайына келгенде де билік аузын буған өгіздей. Ресми есептерге сүйенсек, оның орнына опат болғандарды жерлейтін орын, оларға қап әзірлеуді оңайырақ көріп отырғандай», дейді азаматтық қоғам белсендісі Абай Ерекенов ашына.

Ал бұл картаны көрсетуді талап етуге кез-келген алматылықтың құқығы бар екен.

2. Мамандар «Жер сілкінісі туралы» заңды қабылдауға жоғарыдағылардың неге құлықсыз екенін білмей дал. Әйтпесе, отандық ғалымдар қауымдастығы осындай заң қабылдау туралы ұсыныс білдіргелі қашан? Оны айтасыз, аталған мәселенің өзектілігіне қарамастан елімізде әлі күнге дейін сейсмология саласы кенжелеп келеді.

«Кеше бізді Құдай сақтады. Бірақ бұл осымен тынбайды. Алда да қайталанады. Күшті жер сілкінісі болу қаупі бар. Оған ғылыми негіздер де бар. Адамдарды үрейге, қиын сәтте алып-қашпа сөздерге бой алдырмас үшін біз соған алдын ала дайын болуымыз керек. Бұл туралы ашық айтып, жоғары деңгейде талқылаулар жүргізуіміз қажет. Бірақ, осы араға келгенде, расында қарын ашиды. Біздегі Ұлттық сейсмикалық ғылыми институттың жағдайы мәз емес. Ондағы құрал-жабдықтар өте ескі: 60-шы жылдарғы. Жапония, Филиппин елдерінен бұл тұрғыда әлдеқайда артта қалып қойғанбыз. Оның үстіне бұл институттың тұжырымдарымен, нұсқауларымен санасып жатқан ешкім жоқ. Әсіресе, Алматыда. Үйлер жөн-жосықсыз салынуда. Сондай-ақ сейсмикалық қауіпті аймақ тек Алматы қаласы емес. Қазақстанда мұндай бірнеше өңір бар. Сондықтан бір реттеу жүргізбесе, еліміздегі зілала ошақтарының жалғасып, тұтасып кету қаупі бар», дейді техника ғылымдарының докторы Тоқтамыс Меңдебаев.

Ғалым осының барлығын реттейтін «Жер сілкінісі туралы» заңды қабылдайтын уақыт әлдеқашан жеткенін растайды. Сондай-ақ Тоқтамыс Меңдебаев биліктің кадр даярлау мәселесіне барынша басымдық бергенін қалайды.

«Мамандар керек. Жер сілкінісі болғаннан кейін сол мамандар үстел тоқпақтап, қызу талқылаулар жүргізіп жатуы тиіс. Ең бірінші солар хабар таратуы керек. Басқалар емес. Заң қабылдансын, жауаптылар көрсетілсін, қауіпті аймақтар картасы айқындалсын, ғылыми институттар нұсқауларын елемегендерді жауапқа тарту жағдайы ескерілсін. Әрине, ең бастысы кадр даярлау мәселесіне басымдық берілсін», дейді ол.

3. Саясаттанушы Досым Сәтпаев мұндай жағдайда биліктің міндеті мейілінше адам өмірін көбірек сақтау және Алматыны үлкен қорымға айналдырып алмау болуы тиіс екенін ескертеді.

«...Шенеуніктер мен шұғыл қызметтердің адамдарды құтқару, табиғи апат салдарын жою жөніндегі іс-қимылдары бойынша нақты алгоритмі болуы тиіс. Үкіметтің қолында табиғи апат болған жағдайда қаланы құтқарудың нақты жоспары және оны тез қалпына келтіруге болатын қаржылық ресурстары болуы керек. Ең бастысы, жер сілкінісі болғанда адамдардың қашуға мүмкіндігі болуы қажет. Бұл мүмкіндікті мемлекет қамтамасыз етуі тиіс. Қалай дейсіз бе? Тұрғын үйлерді табиғи апатқа төзімді етіп салу, ескі, қауіпсіздік жағдайы күмәнді нысандарды алдын ала сүру, су бөгеттерін нығайту және азық-түлік, су, дәрі-дәрмек қорларын сақтайтын қоймалар дайындау, балалар мен ересектерге ТЖ жағдайында өзін қалай ұстау керектігін үйрету және т. б. Мұның барлығы мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға негіз бола алады. Жалпы ішкі өнімнің 25 пайызын құрайтын, ел экономикасының қан тамыры – Алматыны сақтау мемлекетті үлкен қаржылық-экономикалық, демографиялық, ақыры саяси теріс ықпалдардан сақтау болып табылады», деп жазады саясаттанушы желідегі парақшасында.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір