• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

02 Шілде, 15:12:35
Алматы
+35°

Фото: ulysmedia.kz

Біз «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қазақпыз» деп кеуде керуші едік бұрын. Қазір бұлай деуге ауыз бармайды. Жәнібектің Бельгиядан Қазақстанға келіп, аядай ғана Арқалықтан анасын шарық ұрып іздеп, ақырында таба алмағаны бар қазақтың жанына батты. Бұл – бір ғана шетелге сатылған қазақ баласының тағдыры деп іштен тынуға болар еді. Бірақ ресми деректерге сүйенсек, шетелге сатылған балалардың саны 25 мыңнан асады.

Демек, 25 мың баланың тағдыры 25 мың түрлі болды деген сөз. Жанар Байсеміздің «шетелдегі қазақ балалары» атты бағдарламасының әр санын көзге жас алмай көру мүмкін емес. Бірін өгей ана мен өгей әке құлша жұмсап, балалық шағынан үйдегі бар ауыр тірлікті атқарса, енді бірі психологиялық зорлық-зомбылықты жылдар бойы бастан кешіп келген.

Мұхит асқан Мақсат Айтбаев есімді 21 жастағы жігіт АҚШ-та өз-өзіне қол жұмсап, қаза тапты. Себебі Мақсат жылдар бойы туған анасы мен туған жерін сағынышпен аңсаған. Ал америкалық анасының айтуынша, Мақсат Америкадағы өмірінде өзін таба алмаған, нәтижесінде қалың күйзеліске түскен, дейді Техас штатының Star Teligram газеті 2009 жылы жариялаған ақпаратта.

Әрине, шетелге сатылған қазақ балаларының осы секілді тағдырларын жіпке тізу – тым ауыр. Біз үшін олар жақсы отбасыға барып, бақытты өмір сүріп кетті деп ойлай салған оңай секілді көрінеді. Бірақ ондайдан шындық шыңырауда қалады. Біз неге 25 000 баланың (мүмкін одан да көп) өз елінде, ата-анасының жанында ыстық мейіріміне бөленуі тиіс сәттерін жоқтамаймыз? Біз неге кінәлілерді тауып, жазаламаймыз?

Шетелдіктер балаларды зорлаған

Әлеуметтік қамсыздандыру агенттіктерінің есептеріне сәйкес, АҚШ-тағы бала асырап алған ата-аналардың кем дегенде үштен бірі балаларды үй жұмысына құл ретінде ұстау немесе жыныстық қатынас үшін пайдаланған. Қазақстандық балалардың басым көпшілігі, шамамен 75%-ы АҚШ-қа сатылған. АҚШ-қа әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген жетімдердің өмірін зерттеген мамандар адам шошырлық айғақтар тапқан. Бала асырап алған отбасылар қарауындағы сәбилер ұнамаса ғаламтор арқылы өзгелерге сыйға тартып келген. Ешкім қарауына алуға құлық білдірмеген жасөспірімдерді қораға қамап, жануарлармен бірге ұстаған. Қорлық көрген балғындардың көбі Қазақстан, Ресей, Қытай мен Украинадан асырап алынғандар.

Ағза бизнесі

АҚШ-та бала асырап алғандардың 25%-ы балалардан «айырбастау» арқылы құтылуға тырысады, дейді ranking.kz. Яғни, бұл белгісіз топтарға, әсіресе қара нарықта адам ағзасын сатумен айналысатындар үшін таптырмас олжа. Сұрауы жоқ жүздеген, бәлкім мыңдаған қазақ баласы қара нарықтың құрбанына айналды мы екен?

Өзге елдер бала сатуға қалай қарайды?

Ресейде 2010 жылға дейін денсаулығында кінәраты бар балаларды сатуға рұқсат ететін заң болған. Алайда Артем Савельев есімді баланы асырап алған АҚШ-тағы ата-анасы 1 жылдан кейін баланы жалғыз Мәскеуге ұшаққа салып жіберген. Баланың айтуынша, асырап алған анасы оны ұрып-соғып, шашын жұлған. Осыдан кейін Ресей орыс балаларын шетелдіктердің асырап алуына тыйым салу мәселесін көтерді. Бала сатқаны үшін 15 жылға соттау туралы заң қабылданды.

Қытайда бала асырап алу үшін жылдар бойы құжат жинап, психологиялық саулығыңды, жағдайыңның жақсы екенін дәлелдеуің керек.

Қазақстанда 2020 жылы бала сату дерегі 57 рет тіркелсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш мүлдем азайған. Бірақ халықаралық агенттіктерінің пікірінше, бұл деректердің айзайғаны емес, жасырылғаны. Қысқасын айтқанда, шетелдегі қазақ балаларының шырылдаған күйін көріп, бізге де түбімен тыйым салатын заң қарастыру керек-ау деген ойға қаласың...

Бұл ғаламда қазақтың қазақтан басқа ешкімге керегі жоқ. «Әр қазағым жалғызым», санаулы ғана қазағымызды қорғай білейік. Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді емес пе?

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: шетелге бала сату

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір