• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

13 Сәуір, 22:56:57
Алматы
+35°

22 Желтоқсан, 2023 Барлық аймақтар

Бейкүнә балаларды ойыншық қылды-ау...

Балаларды қазір жарылқай алмай жүріп, Ұлттық қордан не дәметеміз?

Сурет ашық дереккөздерден алынды

Келер жылдан бастап Ұлттық қордан балалардың шотына ақша аударылатынынан хабардармыз. Бір қарағанда құлаққа жағымды естілгенімен, тұла бойы жемқорлықтан құралған ел екеніміз еске түсіп кетіп, бұл бастаманың да сәтті шығатынына сенім тым аз.

 

Ұлттық қордың қаржысын бала тек екі-ақ мақсатта пайдалана алады. Не баспана алуы керек, не оқуға жұмсауы қажет. Баланың шотында 18 жылда небәрі 3500 доллар жиналса, ол сома баланың оқу ақысына толық жете ме, деген сұрақ бар. Оның үстіне, 18 жыл дегенді 18 жасқа дейін емес, жалпы 18 жыл деп есептеп жүргендер бар. Егер балаңыз 6 жаста болса, 18 жасқа дейін оның шотында 900 мың теңге ғана жиналады деген сөз. Бұл балаға қай жыртығын жамауға жетеді? Баспананы айтпай-ақ қояйық, еліміздегі жоғары оқу орындарының оқу ақысы да аспандап кеткен. Мәселен, жай колледждердің оқу ақысы жылына 550-700 мыңнан басталады. 650 мыңды 4 жылдың оқу ақысына салғанда 2 млн 600 мың теңге болады. Жоғары оқу орындары жылына кемінде 1 миллионнан басталады.

Тек оқу мен баспанаға ғана жұмсау ақылға сыймайтын талап болып тұр. Ендеше Ұлттық қордан берілетін ақша не қазірден баланың керегіне жұмсалуы керек, не бала 18-ге толғаннан кейін оны қолына алып, қайда жұмсауы өз еркіне берілуі қажет.

Экономист Сәбит Рысбаев та Ұлттық қордан аударылатын қаржыны үмітсіз сандықта сақтағанша, қазірден балалардың керегіне жарату керек деп санайды. Оның айтуынша, балаларға арналған жинақ шоттың болғаны дұрыс. Әрі оның доллармен жиналғаны да жақсы.

“Бірақ қазіргі уақытта үш ауысымдық мектептер өте көп. Астананың өзінде үш ауысымды мектептерде бір сыныпта 35-40 оқушыға дейін оқиды. Ондай мектепте бала ешқашан сапалы білім ала алмайды. Ондай мектепке Гарвардты бітіріп келген мұғалім келсе де, сапалы білім болмайды. Біз осындай мәселені шешпей жатып, балалардың есепшотына ақша аударамыз дейміз. Ұлттық қордың қаржысы түбінде балаларға жұмсалады екен, олай болса неге қазірден-ақ жұмсамасқа? Мектеп салайық, түрлі үйірмелерге қатыстырайық. 18 жыл бойы балаға дені дұрыс білім бере алмасақ, 18-ге толғаннан кейін ол ақшаны алу кеш сияқты. Мүмкін болса, дәл қазіргі уақытта көп ата-ананың балаларын білімге, түрлі үйірмелерге қатыстыруға мүмкіндігі жоқ, ендеше қазірден көмектескеніміз дұрыс деп санаймын”, дейді ол.  

«Қайыр қылсаң, бүтін қыл» демекші, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қазір өте шикі болып тұр. Ашығын айтқанда, ол балаларға өтірік емес, шын көмек болуы тиіс. Сондықтан бұл мәселе әлі де пысықталып, қайта қаралуы керек.

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір