20 Желтоқсан, 2023 Барлық аймақтар
Бағдат Мусин қай ғасырда жүр?
Қазақстандағы сапасыз интернет тағы қымбаттайын деп жатыр.
Фото: ашық дерек көздерінен алынған
Қазақстандағы байланыс операторлары қазірдің өзінде тұтынушыларына тариф құны өсетінін ескертіп жатыр.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бұл жайында: «Операторлар тарифтік саясатын дербес жүргізеді және халықаралық трафикті операторлардың өзі төлейді. Яғни, оператор өзіне ақша алмайды, ол сіздің ақшаңызды алып, халықаралық трафикті сол жерден төлейді. Соның ішінде осы трафикке қызмет көрсететін жабдыққа және т.б. қызметтер бар», – деп мәлімдеді.
Қоғам белсендісі, саясаткер Санжар Боқаев байланыс операторлары тариф саясатын өздері белгілейді деген министрдің сөзімен келіспейді. «Сонда тариф бағасын 5 есе көбейте ала ма? Бұл қисынсыз. Антимонополиялық комитет қайда?» деп сұрау салды ол.
– Министр байланыс операторларын жинап, 3 мәселені қозғауы керек еді. Біріншіден, дүниежүзінде соңғы бес жылда интернет бағасы өскен жоқ, қайта арзандай түсті. Қазір 1 ГБ – 2,61 доллар тұрады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 4 есе арзан. Бұған теңге тұрақтап, доллар бағамы біршама төмендегенін қосайық. Келесі кезекте, мобильді интернет пен тарифтерді қымбаттатудың негізсіз екенін айту қажет. «Кселл» АҚ-ның есебінде 2022 жылы келісімшарттардан 219,002 млн доллар түскені, жылдық пайдасы 84,963 млн доллар болғаны көрсетілген. Демек, баға керісінше, арзандауы тиіс, – дейді.
Мобильді интернеттің жылдамдығы жағынан Қазақстан әлемде 67-ші орында. Министр “басып озғанбыз” деп мақтанған Жапонияның интернеті бізден көш ілгері.
Бағдат Мусиннің интернет мәселесіне келгенде өзіне шаң жуытпай, артық сөйлеп қоятыны бар. Кеше «Интернетті үнемдеңдер» деп ақыл айтты. Мәдениетті халық айына 15-20 ГБ емес, одан аз интернет тұтынуы керек-мыс.
Министр «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында былай көсілген:
– Менің ойымша, ғаламторды бір сағаттан артық қолданбау керек. Мысалы, адам 12 сағаттың 8 сағатын жұмыста өткізсе, қалған 4 сағаттың бір бөлігінде ғана интернет қолдансын. Тіпті жұмыста да ғаламторды пайдалану үлкен пайда бермейді, депті.
Әй, дейміз. Сонда президент Тоқаев тапсырған цифрландыру қайда? Қазір интернетсіз өмір жоқ екенін білмейтін Мусиннің өзі қай ғасырда жүр?
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір