• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

13 Сәуір, 23:33:24
Алматы
+35°

13 Желтоқсан, 2023 Саясат

Желтоқсан үрейі әлі басылған жоқ! - Марат Тоқашбаев

Қазақстанға тәуелсіздікті Назарбаев әперген жоқ. Ол – қазақ халқының тынымсыз күресінің жемісі.

Фото: Марат Тоқашбаев

Құдай қаласа, еліміз үшін елеулі мереке келе жатыр. Биыл Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Оның кемінде ширек бөлігі жастар. Жастар Республика күні мен Тәуелсіздік күні мерекелерінің айырмашылығын біле бермейді.

Тәуелсіздік пен еліміздің біраз өткір мәселелері жайында Qamshy.kz жазушы-публицист, профессор, қоғам қайраткері Марат Тоқашбаевтан сұхбат алды:

– Марат Бәйділдаұлы, бізде неге Тәуелсіздік күнімен қатар, Республика күні деген мереке тойланады?
– Қазақстанда саяси маңызды екі мереке бар. Бірі 1990 жылы 25 қазанда мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған Республика күні болса, екіншісі 1991 жылы 16 желтоқсанда еліміздің саяси азаттығы жарияланған Тәуелсіздік күні мерекесі. Екеуінің де өз орны бар, бірімен бірін шатастыруға болмайды. Екеуі де тойлануға әбден лайық. Өткен жылы мемлекет басшысының арнайы жарлығымен Республика күніне Ұлттық мейрам мәртебесі берілді. Сөйтіп, жыл сайын 25 қазан – Республика күні мерекесін Ұлттық мереке ретінде атап өтеміз. Ал 16-желтоқсандағы Тәуелсіздік күні – мемлекеттік мереке. Екеуінің айырмашылығы – ұлттық мереке күнінде мемлекеттік шаралар өткізілуі міндетті, ал мемлекеттік мереке күндері Еңбек туралы заңнамаға сәйкес демалыс беріледі.

 Ұлттық мәртебе неліктен Республика күніне көшірілді?
– Меніңше, оған үш нәрсе әсер етті. Ең алдымен, саяси үрей, содан соң отаршылық атавизм мен климаттық жағдай. Саяси себебі – билік орындарында 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен туындаған желтоқсан үрейі әлі күнге басылған емес. Аяқастынан халық толқып кетер ме деп, желтоқсан туа билік жыл сайын ұстараның жүзінде жүргендей қылпылдайды. Онысы негізсіз емес, 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзенде қанды қақтығыс, 2022 жылдың қаңтарындағы Назарбаев режиміне қарсы ұлт-азаттық көтеріліс сияқты оқиғалар билік пен халық арасында проблемалар әлі де бар екенін көрсетеді. Өкінішке қарай, билік әлі күнге себеппен емес салдармен күресу сияқты жөнсіздіктен арыла алмай келеді.  

     Отаршылдық атавизм – кешегі кеңестік кезеңнен қалған коммунистік билікке люстрация жүргізілмей, коммунистер партбилеттерін тереңірек жасыра салып, тәуелсіз Қазақстанның билік креслоларына тап сол қалпында жайғаса кетті. Бұл содан жалғасқан ұстаным. Олар патшалық Ресейдің, одан кейінгі КСРО-ның халықты ауыздықтап, езіп-жаншып ұстау саясатын әлі күнге өзгеріссіз қолданып келеді. Соның салдарынан ұлттық мемлекет пен мемлекеттік тілімізге деген ресми саясаттың тұтқасындағылар әлі күнге Кремль жұлдыздарына қарап жалтақтайды.

Үшінші, климаттық себептер. Оның да жағдайын таратып айта кетейін. Желтоқсан айының ортасында күн суытады, қар борап, аяз қатаяды. Әлде бір мерекелік іс-шаралар өткізу қиындайды. Жаңажылдық көңіл күй басымдыққа айналады. Мерекелік іс-шаралар 15 желтоқсанда өткізіліп, 16 желтоқсанда алаңдар мен көшелер жым-жырт бола қалатыны сондықтан.

– Біреулер 16 желтоқсанға қан төгілген қаралы күн ретінде қарауды талап етіп жатады. Бұған қалай қарайсыз?

– Бұл онша дұрыс көзқарас емес. 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумы өтіп, онда Дінмұхаммед Қонаев бірінші хатшы қызметінен босатылды. Халықтық наразылық көтерілісі негізінен 17-18 желтоқсанда өтті. Қан сол күндері төгілді. 1991 жылы тәуелсіздік жарияланардан төрт күн бұрын Президент Жарлығымен 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылған адамдар ақталды.

Сол Жарлық бойынша, желтоқсанның 17-сі – Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні деп жарияланған. Аты демократиялық жаңару күні болғанымен заты желтоқсан құрбандарын еске алу күні болатын. Жыл сайын 17 желтоқсанда Желтоқсан мен Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы ескерткішке гүл шоқтары қойылатын. Құран бағышталатын. 2006 жылы ашылған тұсында ол ескерткіш «Тәуелсіздік таңы» аталғанымен, кейін жұртшылық оны «Желтоқсан құрбандарының ескерткіші» атап кетті. Сол Демократиялық жаңару күні биыл белгісіз жағдайда, Қазақстан үкіметінің 27 шілдедегі қаулысымен жаңа редакцияда берілген мереке күндерінің тізбесінен алынып тасталыпты. Сол тізбеде кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылған күні, Нан күні, Еңбек күні, Тұңғыш президент күні (ол кейін заңмен алынып тасталды) сияқты даталар қаптап тұр. Бірақ Желтоқсан құрбандарын еске алу, яғни Демократиялық жаңару күні жоқ. Сірә, «демократия» десе болды шошитындар алып тастаса керек. Меніңше, бұл күн қайтадан қалпына келтірілуі керек!

Сіз кейінгі кезде Тәуелсіздік күнін «Тәуелсіздігімізді қайтарып алған күн» ретінде атап өтуді ұсынып жүрсіз. Осының түп-төркіні неде?

– Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылдан бастау – экс-елбасының идеологиясымен тікелей байланысты. Н.Назарбаевтың «Қазақстанға тәуелсіздікті мен әпергенмін» деген жаңсақ ұстанымын орнықтыруға ұмтылысынан туған әрекет бұл. Қазақстанға тәуелсіздікті Назарбаев әперген жоқ! Ол – қазақ халқының тынымсыз күресінің жемісі. Үш ғасырға жуық бодандықта қазақ халқы отаршылдыққа қарсы 400 реттен астам қарулы көтеріліске шықты. Қазақ хандығы дербес мемлекет ретінде 1465 жылы құрылғанын ескерсек, биыл оған 558 жыл болып отыр. Оның 1731 жылдан 1991 жылға дейін 260 жылы Ресей бодандығында өтті. Осыны шығарып тастағанның өзінде 298 жылы азаттыққа тиесілі. Сонда біз 1991 жылы 16 желтоқсанда азаттыққа қол жеткізіп, тәуелсіздігімізді қайтарып алдық! Менің талап етіп жүргенім – осы!

Мұндай мысалдар баршылық. Айталық, Әзербайжан Демократиялық Республикасы 1918 жылы 23 мамырда құрылған. Ол 23 ай ғана өмір сүрді. 1991 жылы 18 қазанда Әзірбайжан Жоғарғы Кеңесінің тәуелсіздік туралы конституциялық акті қабылданған дата «Тәуелсіздік қайтарылған күн» деп аталды. Мереке қазір де де солай аталады. Сондықтан Қазақстандағы Тәуелсіздік күні ресми түрде «Тәуелсіздігімізді қайтарып алған күн» ретінде мерекеленуі керек!

Жылда осы Тәуелсіздік мерекесіне қарай студенттерді жатақханадан шығармау, не ауылына қайтару, 16 желтоқсан күні қайда барғандары жөнінде есеп беретін үрдіс қалыптасқан.  Билікте «жастар көтеріліп кетеді» деген қорқыныш әлі бар ма, қалай?

– Әрине, бар! Жастар әркез қоғамдық ойдың, қоғамдық қозғалыстың алдыңғы шебінде жүреді. Оны өткен жылғы қаңтар оқиғасы да көрсетті ғой. Билік сондықтан сақтану шараларын жүргізуге мәжбүр. Бұл дәстүр ақиқатында Назарбаев режимі тұсында қалыптасты. Жоғары оқу орындарының студенттері Тәуелсіздік күніне бір-екі апта қалғанда ешқандай жоспарда көзделмеген демалысқа жіберіледі. Үйлеріне қайтарылады. Үйге қайта алмай жатақханада қалғандарға бақылау орнатылады. Мұндайда асыра сілтеушілер де табылады ғой. «Мереке күні қайда болдың?» деп түсінік, отчет жаздыратындар солардан шығады. Әрине, мұның бәрі заңсыз. Студенттер қаншама уақыт сабақтарынан қалады, мұғалімдер сабақ кестесінен ажырайды, білім сапасы мен деңгейі төмендейді. Өзара сенім орнаған дұрыс қоғамда мұндай келеңсіз құбылыстар орын алмайды. 

Наурызда Ресейде президент сайлауы өтеді. Владимир Путин қайта сайланбақ екен. Путин билігінің созылуы Қазақстанға қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Иә, келесі жылы Ресей Федерациясында 15-17 наурызда президент сайлауы өтетін көрінеді. Онда Путиннің жеңіске жететініне ешкім де күмәнданбайды. Өйткені Ресейдің басшысы Владимир Путин 2014 жылдан бері өз имиджін «Ресей жерін жинаушы» ретінде қалыптастырып жүргені белгілі. Әрі түрлі пікіртерім орталықтарының деректері бойынша, Путиннің басқыншылық саясатын Ресей халқының 80-82 пайызы қолдайтын көрінеді. Қырым түбегін, Донецкі мен Луганск облыстарының бір бөлігін басып алуы, өткен жылы Украинаға үлкен соғыс ашуы әлемдік жұртшылықтың ашу-ызасын туғызғанымен, Ресей халқы әлі күнге «зомбижәшіктің» дегеніне сеніп келеді.

Біздің білетініміз – Путин тірі тұрғанда билікті ешкімге бермейді. Екіншіден, крепостнойлық праводан 1861 жылы ғана шыққан орыс халқының бойында патша ағзамға деген холоптық табыну сезімі әлі күнге жойылған емес. Оларға демократияның көк тиындық құны жоқ. Қара халыққа «царь» керек. Сондықтан Путин билікте тұрғанда орыс-украин соғысы тағы төрт-бес жылға созылуы мүмкін.

Путиннің ықтимал қайта сайлануы Қазақстанның сыртқы саясатында бәлендей өзгеріс туғызбайды. Санкцияға ілігіп кетпеу үшін Ресейге әскери тауар өткізу тоқтатылды, қосарланған мақсаттағы тауарлар сату тек сертификаттау арқылы жүргізілетін болды. Екінші жағынан Еуразиялық экономикалық одақтағы міндеттемелер тағы бар. Қысқаша айтқанда, Қазақстан үшін Ресей «қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» болып тұр. ОДКБ-дағы мүшелік тағы бар. Біз үшін ең дұрысы, түрлі тетіктерді пайдалана отырып, Қазақстанның Еуразиялық одақтан да, ОДКБ ұйымынан да шыққаны.

– Ресей күндердің күнінде Украинаға жасағаны сияқты Қазақстанға тап бермей ме? – Иә, мұндай қауіпті қаперден мүлдем шығарып тастауға болмайды. Бізге аса сақтық қажет. Қарулы күштерімізді күшейте беру, жаңа қару-жарақпен толықтыру, жауынгерлердің әскери дайындығын арттыру күн тәртібінен түспеуі тиіс. Орыс мемлекеті әскери жанжалдарға бейім. Мынадай мысал келтірейін, 1901 жылдан 2000 жылға дейін бір ғасырда орыс елі патшалық Ресей, Кеңес Одағы, Ресей Федерациясы түрінде 44 рет қарулы қақтығыстарға килікті. Соның біреуі ғана (Германиямен 1941-1945 ж.ж. соғыс) қорғаныс сипатында, ал қалған 43-і басқыншылық сипатта болды. «Қоңсыңды ұры тұтпа, өзіңе өзің берік бол» демекші, бізге іргемізді бекіте түскен де, сауда-экономикалық байланыстарымызды нығайта түскен де пайдалы. Бәрінен де Дж. Вашингтонның: «Бейбітшілікті сақтаудың ең тиімді жолы – әркез соғысқа дайын болу» деген сөзі бар ғой. Сол естен шықпасын! 

Шетелдік журналистер екі елдің шекарасына қатысты сұрақтар қойғанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің бір-біріне аумақтық талаптары жоқ екенін алға тартып, «екі елдің арасындағы шекара кезінде делимитацияланып, едәуір бөлігі демаркацияланып, екі елдің парламенті тарапынан ратификацияланғанын» қадап тұрып айтқаны бар. Яғни, дәл қазір бізге Ресей тарапынан төніп тұрған қауіп жоқ деп ойлаймын.

– Сайлау демекші, саясаттың бер жағындағы жай блогерлер де Путинмен қатар сайлауға түсуге талпынып отырған сияқты. Ресейдің сайлауына мықты қоғам қайраткерлерінің түсуіне не кедергі?
– Бұған бір сөзбен, басты кедергі режим деп жауап берер едім. Сайлауға қатысты мәселенің бәрін тәптіштеп ұйымдастыратын саяси технологтар болады. Ондай мамандар Ресейде көп. Президент сайлауын саяси спектакль десек, саяси технологтар режиссер тәрізді, осы қойылымды ақиқатқа бейімдеп, соған жақындатып шығарады. Үміткер қандай образ ұстанады, қандай тұлға қажет болады, бәрі солардың қолында! «Иноагент» деген атаумен оппозицияның үні өшірілді. Борис Немцов өлтірілді, Алексей Навальный абақтыға тоғытылды. Енді түрмеден тірі шығуы екіталай. Президенттіктен үміткер ретінде сонда блогерден басқа кім түседі? Путин режимі өзгермей Ресейде ешнәрсе өзгермейді!

 – Бұлай бола берсе, ертең халық сайлауға барудан да қалатын шығар...

– Одан Ресей билігінің қылшығы да қисаймайды. Орталық сайлау комиссиясы Кремльдің қандай тапсырмасын да мүлтіксіз орындайды. Әлеуметтік тапсырысқа қандай цифр қажет – таблода сол цифр, сол пайыз жарқ ете түседі. 

– Қазақстан алдағы уақытта КСРО-ға қайта оралмай ма деген алаңдаушылыққа қатысты не ойлайсыз?

– Біз ешқашан құдайсыз қоғамға, КСРО кезіне қайтып оралмаймыз. Рас, қазіргі Ресей елі Кеңес Одағы кезіндегі қуаты мен күшін, дәрежесі мен ықпалын аңсайды. Ресей идеологтарының тик-ток, ватсап, вконтакте, твиттер, фейсбук әлеуметтік желілерінде бұған қатысты видеороликтері қаптап жүр. Қызыл галстук таққан пионер, комсомол кездерін, 3 тиынға газды су ішетін, трамвайға мінетін шақтарын сағындыратын роликтерді бәріңіз көрген шығарсыз. Совет Одағы халықтарын бір тудың астына жинаған – таптық негіздегі маркстік-лениндік ілім болатын. Бүгінгі капиталистік қатынастар белең алған тұста оны қайтадан тірілту мүмкін емес. Ностальгия сол ностальгия күйінде қалады.

Керісінше, санкциялардың ықпалы мен Украинамен соғысының салдарынан Ресейдің экономикасы тұралап, құлдырау мүмкіндігі артып тұр. Кейбір сарапшылар Ресейдің әлденеше ұсақ елдерге ыдырауы ықтималдығын да жоққа шығармайды. Енді оның анық-қанығын уақыт көрсетер.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен Бифат Нұрмахан

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір