• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

05 Қазан, 14:02:44
Алматы
+8°

08 Желтоқсан, 2023 Барлық аймақтар

Қымбатшылықтың көкесі әлі алда екен

Қосымша құн салығын көтеру бәріміздің қалтамызды қағады

Фото: ашық дерек көздерінен алынды

Қазақстан салығы көп ел. Бюджет деп кедей халқының қалтасын қағатын. Инфляция өсімімен жалақы ілесе алмай-ақ қойды.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қосымша құн салығын тағы 4%-ға бірден өсіру жоспарланған. Ұлттық экономика министрлігі порталында жарияланған құжатта бұдан бөлек корпоративті табыс салығының әртараптандырылған ставкасын енгізу, жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкаланы енгізу, арнайы салық режимін реформалау, темекі өнімдеріне акциз ставкасын кезең-кезеңімен арттыру, жер және мүлік салығын қайта қарастыру қарастырылған.

Қосымша құн салығының 12%-дан 16%-ға дейін ұлғаюының инфляцияға әсері шамалы дейді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров. Үкімет үйінде министр инфляция бір жылда максимум 0,8 процент тармаққа көтерілетінін айтқан.

«Біздің есептеулеріміз бойынша инфляция бір жылда максимум 0,8 процент тармаққа көтеріледі. Содан кейін оған экономика үйренеді. Келесі жылдан мұндай әсер болмайды. Құн салығын көтерудегі мақсат – бюджет кірістерін толықтыру. Егер біз оны көтерсек, республикалық бюджетке жыл сайын 2,4 трлн теңгеге дейін қосымша қаражат түседі. Осы ақша тікелей әлеуметтік және басқа да маңызды шығыстарға жұмсалады», - дейді министр.

Қазақстан тәуелсіз бизнес одағының басқарма төрағасы Берік Зайыров ҚҚС ставкасының көтерілуі ең алдымен адал бизнеске әсер етеді деп есептейді.

«Кәсіпкерлер құжаты бар тауар таба алмай жатыр, көптеген тауарлар елге арзан бағамен немесе контрабандамен келеді. Бұл өнімнің барлығы «ақ» болып шығарылса, бізде ҚҚС алатын резерв бар. Барлық тауарларды ресми түрде кеденнен өткізіп, салық төлесе, бюджетке көбірек түсер еді. Менің ойымша, бізге адал бизнеске жүктемені азайту қажет, осыдан бастау керек», – деді Зайыров.

Берік Заиров шағын және орта бизнес үшін арнайы салық режиміндегі негізгі проблемаларды айтты. 

– ҚҚС бойынша ең төменгі шегі 20 000 АЕК. Егер одан асса, 3% салық + 12% ҚҚС = 15% төлеуге тиісті болады. Бұл кәсіпкерлерді бизнесті бөлуге немесе чек бермеуге ынталандырады. Білмеушілік салдарынан 100-ге жуық кәсіпкер қосылған құнға салынған салық шегінен асырып алған. Нәтижесінде кәсіпкерлерге ҚҚС шегінен асатын айналымның 15 %-ы мөлшерінде өсімпұлдар келіп түскен. Айта кетейін, мемлекеттік кірістер комитетінің тараптарына барлық кезеңге кері күші бар айыппұл 1-2 немесе тіпті 3 жылға жетеді. 2020-2022 жылдарға айыппұл сомасы 16,6 млрд теңгені құрайды. Ал  салықтан құтылғандардың басым көпшілігі қулыққа салып, ЖК-ны (ИП) бірінен кейін бірін ашып, бизнестерін бөлшектеген. Сөйтіп штрафқа ақ, адал жұмыс істеуге тырысқан азаматтар түскен.

Сарапшы Санжар Боқаевтың айтуынша, бұл халықтың қалтасын қағатын саяси жүйенің бір көрінісі.

4%-ға ҚҚС салығы өсетін болса, онда сатылымдағы заттың бәрі қымбаттайды. Импортталған, өзімізде өндірілген не шетелден әкелінгеніне қарамастан, пайыздық үлес бәріне қосылады. Кез келген сатушы бұл салықты төлейді, ал түптің-түбіне келгенде ол міндет тұтынып отырған халыққа артылады. Бұл қолдан-қолға өтетін ақша есебінде кетеді. Сатып алушының берген 12%-дық ақшасын өкіметке өткізеді. Бұны халықтың қалтасын соғатын саяси жүйе десек болады. Өз кезегінде, өндірілген көп зат 8%-ға бірден қымбаттайды. Мысалға, тұрмыстық химия өнімдерін өндіруге 400 түрлі компонент қолданады. Соның 380 бөлігін шетелден алып келеді де, оған ҚҚС салығын төлейді, өнім дайын болып шыққан соң тағы бір төленеді.

ҚҚС көбеюінен инфляция күшті қарқын алады. Егер бағалар бір-екі пайыз ғана өссе, инфляцияға аз ғана ықпал ететін еді. Ал 16%-ға дейін өсіру ол тым үлкен көрсеткіш. Инфляция ол таудың басындағы кішкене бір түйір сияқты. Төмен қарай дөңгелеткенде қар көшкінін тудырады. Қарқыны күшті болатыны соншалық, кейін өздері бақылай алмайтын күйге жетеді, – дейді Санжар Боқаев.

Әсем Жұмақан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір