• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Шілде, 09:18:20
Алматы
+35°

06 Желтоқсан, 2023 Әлеумет

Досжан Балабекұлы

Алматы – Қазақстандағы ең қымбат қаланың бірі. Елордадағы екі бөлмелі пәтердің ақысына мұнда бір бөлмелі үй аласыз. Онда да ішінен емес, қаланың маңынан. Алматы пәтер жалдау құны жағынан бүкіл өңірді басып озады.

Алматының ауасы нашар. Аллергия қозып, өкпе сыр береді. Тағы бір кемшін тұсы, уақыттың жемірі. Жылдан жылға көлемі ұлғайып келе жатқан қалада жүріп-тұру өз алдына үлкен бір проблема. Қаланың арғы басынан бергі басына жеткенше діңкең құрып, жүйкең сыр береді. Сол себепті адамы мен көлігі көп мегаполис жолында жаға жыртысып қалу – қалыпты жағдай. Осының бәрін ескерсек, бұл қалаға келмек түгілі, адамдар одан безіп кетуі тиіс еді, негізі.

Алайда, шындыққа тура қарасақ, Алматыға ауыл-аймақтан ағылушылар санында шек жоқ. Ұлттық статистика бюросының ішкі қөші-қон жөніндегі қай дерегіне сүйенсеңіз де – елімізде адамдар ең көп қоныс аударатын қала Алматы.

Алматыға келушілердің бірі – Ербол пластикалық терезе жасаумен айналысады. Ол мұнда 7 жыл бұрын көшіп келіпті.

«ШҚО-дан көшіп келдім. Аудан орталығынан. Онда да негізі, тапсырыс көп еді. Мысалы, монша, қатымхана, кейіннен жаңа аурухана салынды, барлығының терезесін жасадық. Қолдан іс келеді, көзіміз ашық. Заттарымды жеңіл көлікпен таситынмын. Содан жүк көлігін алғым келді лизингке. Әкімдікке, ондағы «Даму» қорына бардым қаншама рет. Құр уәдемен шығарып салады. «Бірдеме беру керек шығар бұларға» деген бір күні ой келді маған. «Ақысын беремін жігіттер, Үкімет қаншама қыруар ақша бөліп жатыр, біріне іліндіріп жіберсеңдерші» деп тіке айттым өздеріне. Сөйтсе, сөйлескен жігіт айтады: «анаған 30 пайыз, маған 10 пайызын бересің» деп. Тегін ақша емес, жеңілдетілген несие, төлейтін оны мен. Есептеп қарасам, қып-қызыл шығын. Содан қолымды бір сілтедім. Мұны естіген осындағы бір туысым: «Алматыға кел, ешқандай парасыз аласың ол ақшаны, қолынан іс келетіндерге мұнда қолдау жақсы» деп айтты. Расында, ешқандай проблема жоқ екен, келдік, жұмысым жақсы жүріп жатыр», дейді ол.

Өңірлерде ауылды, кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген ақша Ербол секілді қолдан нақты іс келетін емес, әкімдіктің маңайындағылар, солардың туған-туыс, жора-жолдастарына бұйыратыны ешкімге қазір жасырын емес. Бұл туралы Антикор, өңірлік прокуратуралар есебінде, ақыры «Атамекен» ұлттық палатасы жиынында да ауық-ауық айтылып отырады. Айналып келгенде, өңірлерде даму жоқ, өйткені бөлінген ақша нақты жобаларға жұмсалмайды, алабөтен өзгенің қолына тиеді. Ал олар оны өз еңбегімен тапқан басыбайлы теңгесі құсатып той жасайды, көлік сатып алады, сөйтіп оңды-солды шаша береді...

Негізінен, басы істейтін басшы болса, Ербол секілді жігіттердің етегінен тарс ұстап, қалай да көңілін табуға тырысуы керек еді. Өйткені жергілікті бюджет осындай өз ісін дөңгелетіп отырған жігіттердің төлейтін салығынан құралады. Ал Алматы билігі мұны әлдеқашан біліп алған. Сондықтан Үкіметтен кәсіпкерлікке көбірек ақша тартып, оны дәл адамына таратып беруге мүдделі. Кәсіпкерлікті қолдау да өздерінің №1 мәселесі. Әкімдікке қайсы бас сұқса да, әсіресе құқық қорғау, қадағалаушы органдарға «кәсіпкерлерге тиіспеңдер» деп доқ көрсетіп, ақырында шыр-пыр, бәйек болады. Желідегі парақшаларын ашсаңыз, қолынан іс келетін жастарға іздеу салып жатады. Осы жағынан алғанда, Алматы жан-жақтағы бизнеске икемі барларды тартып алып жатқан «шаңсорғыш» секілді. Бұлай жанталасатындай да жөні бар. Өйткені бұл – өңір дамуының көрсеткіші, бюджетті қампайту, әлеуетті әрі санасатын өңірге айналу.

Алматылық Дидар – мемлекеттік қызметкер әрі кәсіпкер. Ол ауылға емес, керісінше шетелге жете алмай асық.

«Солтүстік өңірден Алматыға 15 жыл бұрын оқуға келгенмін. Содан осында қалып кеттік. Отбасын құрдым. Бір айлықпен күн көру қиындау. Қосымша кәсібім бар қазір өз алдыма дөңгелетіп отырған. Ауылға қайту ойда жоқ. «Білімің, білігің бар, сен секілді жігіттер керек бізге» деп бір ретте ауылдағылар мені шақырған. «Әкім бол» деді. «Астыңа Нива береміз, содан осынша айлығың болады, болды» деп қарап тұр. Айлығы жәй қызметкер ретінде алып жүрген ақшамнан да кем. Енді мұнда уақытында жұмысыңа барып, уақытында қайтасың ғой. Ал әкімнің жұмысында белгілі бір уақыт жоқ. Түнде де, күнде де жатқан жеріңнен жұлып алады, жауапкершілік те зор. Содан бас тарттым», дейді ол.

Дидардың сөзінің жаны бар. Қазір ауыл-аймаққа әкім қылып қояйын десеңіз, басы істейтін адам таппайсыз. Өйткені білімді, білікті жігіттер 150 мың теңге айлыққа келіспейді. Оның үстіне тағы да басқа проблемалары бар. Көп сөз болмас үшін бір-ақ факт келтіре кетелік. Бір жылы іссапармен келген жоғары лауазымды шенеуніктерді қонақ қылып, сый-сияпат көрсетуден шаршаған Батыс Қазақстан облысындағы ауыл әкімдерінің бірі қызметінен кеткені туралы БАҚ-тар жазған. Сөйтсе, ауылға келген шенеуніктерге көл-көсір дастарқан жайылады. Бұл аздай, олардың көлігіне қой салып, тіпті соғымын әперу де облыстың барлық ауданында бейресми дәстүрге айналған. Мұндай шығынға жалақысы 140-160 мың теңге болатын ауыл әкімінің өзі ғана емес, әйелдері де наразы. Көбіне, әкім мұндайда кәсіпкерлерге салмақ салады екен. "Ақжайық – адалдық алаңында» болған ауыл әкімінің әйелі: "Біз мамыр айынан күзге дейін күйеуіміздің жалақысын көрмейміз. Сондай жағдайға жеттік", - деген. Көрдіңіз бе, аз деген жалақының өзі кей жерде әкімдерге бұйыра бермейтін болып тұр. Әкімнің жағдайы бұлай болса, шалғайдағы ауылдың күйі қандай дейсіз ғой, бұдан кейін?!

«Ауыл әкімі деген атақ-абыройға тәуелді адамдарға қызық секілді, негізі. Ал мен, өз басым АҚШ-қа кеткім келеді. «Жасыл картаға» үш мәрте өтініш жолдадым, үшеуінде де «отказ» болды. Бірақ жасымаймын, тағы да өтініш беріп көремін. Мұндағыларға көңілім толмайды. Өмірді бір рет сүрген соң, адам құсап өмір сүргің келеді. Былық-шылық қой бізде барлық жер, кеткім келеді», - дейді Дидар.

Ал бұл – өз алдына талқылауды қажет ететін бөлек мәселе...

Кәмшат Тілеуханқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: ауыл-аймақ Алматы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір