• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

05 Мамыр, 01:34:42
Алматы
+35°

04 Желтоқсан, 2023 Саясат

"Қазақстан заңсыз құрылған ел" дейді

Ресейдің депутаты Қазақстанды неге менсінбейді?

Фото ғаламтор желісінен алынды

Ресейдің мемлекеттік думасының депутаты, арандатушы Евгений Федоров тағы да құсыпты.

Ол «Қазақстан тәуелсіз ел бола алады, бірақ НАТО-ға кірмеуі керек» дей отырып, «Халықаралық құқыққа сәйкес, Қазақстан кеңес одағынан шыққан жоқ. Бұл заңды факт, басқа ештеңе жоқ. Айтпақшы, ҚазССР белгілі бір өкілеттік пен мәртебеге ие емес, мемлекет құрамындағы мемлекет болды. Ресей тәуелсіз Қазақстанмен белгілі бір геосаяси шектеулер қойып араласуы керек деп есептеймін. Оның тәуелсіз болуға, мемлекеттілікке ие болуға толық құқығы бар. Қандай шектеулер? Мысалы, НАТО-ға кірмесін. Ресейге қарсы әскери сипаттағы халықаралық мәселеге араласпасын», депті депутат.

Бұл – Федоровтың жасаған бірінші мәлімдемесі емес. Бұған дейін де ол әріптесі Вячеслав Никоновтың Қазақстанға қатысты «Солтүстік Қазақстан – Ресейдің Қазақстанға берген сыйлығы» деген пікірін қолдап: Қазақстан «сыйлық алмадым» деп есептесе, онда басқаша сөйлесу керек. Ресей заңсыз жолмен алынған нәрсені қайтаруды талап етуге мәжбүр болады» деген пікір білдірген болатын.

Артынша Ресей депутаттарының пікірлері үлкен дауға ұласып, ресейліктер арасында сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде, респонденттердің 36 пайызы Қазақстанның ғана емес, көптеген ТМД елдерінің аумағын да «сыйлық» деп санайды екен. Тағы 25%-ы бұл тұжырым «саяси тұрғыдан дұрыс емес» екенін айтқанымен, депутаттың сөзіне қосылатынын білдірген.

Күні кеше мәжіліс отырысында депутат Марат Бәшімов Қазақстанның егенмендігі мен аумақтық тұтастығына қатысты жалған, арандатушылық мәлімдемелерімен белгілі болған Федоровтың тағы да «хайп» жасап отырғанын айтады. Оның пікірінше, біріншіден, ол сепаратизм үшін лайықты түрде сотталған «Петропавлдың халықтық кеңесі» деп аталатын жиынға қатысушыларға шыққан сот үкіміне ренжулі. Екіншіден, ол Қазақстанды «толық құқықтық сипаттағы аумақ» деп атады.

– Мемлекеттік дума депутатының 13 жастағы бала секілді арандатушылық әрекеттеріне түсініктеме беру қиын. Әрі Федоровтың сөзі тарихқа қайшы келеді. Ол фактілерді дөрекі түрде қолданып, КСРО-ның ыдырау процесі қалай өткені туралы әдейі үнсіз қалады. Сонымен бірге, Федоров өз президентінің ресми саясатына қарсы, – дейді мәжілісмен.

Арандатудың аты арандату. Ресейдің мемдума депутаттары мен саясаткерлері  Қазақстанға қатысты небір сорақы мәлімдемелер жасаса да, Қазақстан билігі оның бәріне «бұл Кремльдің ресми ұстанымы емес» деп қарап, көз жұмып келеді.

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір