• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

02 Мамыр, 10:38:39
Алматы
+35°

13 Қараша, 2023 Сұхбат

"Грамматикасы қиын болды": 17 жастағы америкалық қыз қазақ тілін қалай үйренді?

Айбала Құдайберген қазақ тілінен бөлек 17 тілді жақсы меңгерген: немісше, испанша, кәрісше, қытайша, француз, тай, арабша және тағы басқа. Ол қазақша сөйлей де, жаза да алады. 

Фото: Ашық дереккөз

17 жастағы америкалық Кэмерон Фар қазақ тілін үйреніп жүр. Ол өзінің атын қазақшалап Айбала Құдайберген деп өзгерткен. Қазір әлеуметтік желіде қазақ тілін үйреніп жүрген ағылшын қызы ретінде танымал. 

Айбала Құдайберген қазақ тілінен бөлек 17 тілді жақсы меңгерген: немісше, испанша, кәрісше, қытайша, француз, тай, арабша және тағы басқа. Ол қазақша сөйлей де, жаза да алады. 

Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Айбалаға хабарласып қазақ тілін үйренуге не себеп болғанын, қанша уақытта үйренгенін сұрады. 

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 

Публикация от Cameron Farr (@kidpolyglot)

"14 жасымда бір кітап оқыдым. Кітап Қызылорда қаласында туған асыранды бала туралы еді. Кітапта қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрі туралы жазылған. Қазақтың салты мен мәдениеті маған қатты қызық болды. Америкалықтар асырап алған бала 18 жасқа толғанда ата-анасымен қауышу үшін Қызылордаға көшеді. Бұл кітап еміс-еміс есімде. Қазақстанға әрі қазақ тіліне деген қызығушылығымды оятқан осы кітап еді", дейді Айбала. 

Америкалық қызға Айбала есімін өзінің достары қойған. Оған осы есімнің мағынасы да қатты ұнапты: 

– Иә, алғашында достарым осылай атай бастады. Ал Құдайберген дегенді өзім таңдадым. Себебі Қазақстандағы ең танымал фамилияның бірі деп білемін. Өзіме атым мен тегім қатты ұнайды. 

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 

Публикация от Cameron Farr (@kidpolyglot)

Айбала Құдайберген қазақ тілін 2019 жылы үйрене бастаған. Қазір ол өз деңгейін 60-70 пайызға бағалайды. 

"Қазақ тілінде сөйлеу қатты қиынға соқты. Сосын грамматика үйренуіме де көп уақытым кетті. Қазақ тілін өз бетіммен үйрендім десем болады. Youtube-тен сөздіктерді қарап, дәптерге көшіріп жазып отырдым. Үйренген сөздерімді күнде қайталап, дауыстап айтып жүрдім. Сондай-ақ қазақ тілінде көбірек сөйлеу үшін әлеуметтік желіден достар таптым. Бірнеше мұғалімім де болды. Достарым да көмектесті", деді америкалық қыз. 

Ол Қазақстанға саяхаттауды жоспарлап жүр. Бұл саяхат арқылы еліміздің мәдениетімен жақынырақ танысқысы келетінін айтты. 

"Дәл қазір Қазақстанға бару үшін қаражатым жетпейді. Сол себепті күнде жұмыс істеп, ақша жинап жүрмін. Міндетті түрде Қазақстанға барамын. Әсіресе Алматы, Астана, Шымкент, Қызылорда мен Сарыағашқа барғым келеді. Сарыағашта достарым өте көп", деп жоспарымен бөлісті Айбала. 

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 

Публикация от Cameron Farr (@kidpolyglot)

Айбала қазақ тілін меңгеруге 3 жыл уақытын арнаған. Әлі де еркін сөйлеп, жаза алу үшін ары қарай да білім алатынын жеткізді. 

"Иә, тіл үйрену үшін қажырлы қайрат пен жоспар керек. Ең бастысы – ынта мен тәртіп. Егер бар күшіңізді салсаңыз кез келген тілді үйреніп кетесіз. Әрине, біраз жыл уақытыңызды алуы да мүмкін. Бірақ бұл соған татиды. Мен қазір студентпін әрі кассир болып жүмыс істеймін. 9 жасымнан тіл үйрене бастадым. Ең басты құпиям – сабырлы болу әрі бар күш-жігерімді салып тіл үйрену. Қалғаны – оңай", деп кеңесімен бөлісті ол. 

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір