• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Ақпан, 11:50:10
Алматы
+35°

18 Қазан, 2023 Сұхбат

Дубайда бренд ашқан қазақ қызы: Көргені көп көш бастар

Жастайынан ізденген, білімге құштар 26 жастағы Аида Айменова Дубайда іргелі компанияға қызметке тұрып, жуырда өзінің «Көш» брендін ашты.

Фото: Аида Айменованың жеке суреттері

а

Шанхайда оқып, халықаралық экономика және сауда мамандығын меңгерген Аида қызметі мен бизнесімен қатар, шығармашылықпен де айналысады екен. Өмірінен үзік сырларын шертіп, құнды ақпараттармен бөлісіп, YouTube-те видео блог жүргізеді.

Оқудан елге оралған соң бірер жыл Air Astana әуе компаниясында қызмет етіп, аудармашы болған. Өзі саяхаттауға құштар. Алғаш рет Филиппиннен бастап, ендігі әлемнің 25 елін аралап тастаған екен. Қазір ол Дубайдағы мұнай-газ компаниясында жұмыс істейді.

Qamshy.kz елеулі жетістіктерге жеткен креативті қазақ жастарына көз қырын салып, шетелде қызмет етіп, қазақи брендін ашқан Аида Айменованы сөзге тартты.

– Аида, Дубайда қазір қандай қызмет атқарасыз?
– Мұнай мен газ саласында жұмыс істеймін. Компанияны атамай-ақ қояйын, бірақ мен жұмыс істейтін жер өте жақсы. Өз қызметкерлеріне қамқорлық жасайды және жұмыстың өзі қызықты. Компанияның HR қызметкерімін. Көбіне жаңа қызметкерлермен интервью өткіземін. Түсіндіре кетейін, бос орынға маман іздейтін рекрутер емеспін, ондаймен арнайы агенттіктер айналысады. Мен үшін ең қызығы, түрлі елдерден келген адамдармен жұмыс істеу.

– 25 елге саяхат жасаған екенсіз. Қандай елдер өмірге жайлы, мол мүмкіндіктері бар?

– Әрине, әр елде мүмкіндіктер бар. Мысалы, мен Жапонияға сапарымда 3 жылдан астам уақыт сол жерде тұратын досыммен кездестім. Ол IT саласында жұмыс істейді, оған бұл ел жұмысына да, жанға да жайлы. Бәрі адамның өзіне байланысты деп ойлаймын. Шетелде жұмыс пен мүмкіндік іздемес бұрын, алдымен сол елдегі нарықты зерттеуді ұсынар едім.

– Өзіңіз көріп, таныған елдермен Қазақстанды салыстырасыз ба?
– Қазақстанды шет елдермен әр тұрғыдан салыстыруға болады, өйткені әр елдің өз ерекшеліктері мен кемшіліктері бар.
Мысалы, Швейцарияда тұрғындардың табиғатқа қалай қарайтынын байқадым. Олар қоршаған ортаны таза ұстауға айрықша көңіл бөледі. Сондай-ақ, қарт адамдар таңертең спортпен шұғылданады, белсенді өмір салтын сақтау үшін тауға жиналады. Туризм жағынан Швейцария өте танымал. Қарап отырсақ, Қазақстанда да сондай таулар бар,  туризмді дамытатын әдемі жерлер да жеткілікті. Мен 2 жылда біздің жеріміздің сұлулығын көрсін деп Дубайдан бірнеше шетелдік достарымды, таныстарымды және әріптестерімді әкелдім. Қазақстандықтар экология мәселелеріне көп көңіл бөлуі керек деп ойлаймын, бұл әр адамнан басталуы керек: қоқыстарды сұрыптау, тазалықты сақтау және т.б.

– Жетістікке жетуге көмектесетін 5 қасиетті атай аласыз ба?

1) Оқу және білім алу: үздіксіз оқу және білімді кеңейту тұлғаның дамуы үшін өте маңызды деп ойлаймын. Жаңа дағдылар мен білім кәсіби және жеке тұлға ретінде дамуға көмектеседі.

2) Өзін-өзі тану: өзіңіздің күшті және әлсіз жақтарыңызды, құндылықтарыңыз бен мақсаттарыңызды түсіну – табысты болудың, дамудың басты кепілдігі. Өзін-өзі тану сіздің кім болғыңыз келетінін және осы мақсатқа жету үшін қандай қадамдар жасау керектігін анықтауға көмектеседі.

3) Мақсат қою: мақсаттарды анықтап, оларға жету үшін жоспар құру фокус пен мотивацияны сақтауға көмектеседі. Мақсаттар нақты, қол жетімді, уақытылы болуы керек.

4) Тұлғааралық қарым-қатынас дағдыларын дамыту: адамдармен тиімді қарым-қатынас жасау қабілеті жеке даму мен жетістікке жетуде маңызды рөл атқарады. Басқаны тыңдай білу, сыйластық, сондай-ақ туындаған кілкілжіндерді шешудің оңай жолын табу маңызды.

5) Уақыт. Уақытты тиімді басқару өнімділікке және нәтижелерге жетуге көмектеседі.

– Жетістіктеріңізде ата-анаңыздың қандай үлесі бар? Отбасыңыз жайында айтыңызшы.
– Әрине! Бала кезімнен ата-анам мені оқуға, дамуға баулыды. Әке-шешем көп қолдады, көмектесті. Анам маған әрқашан білімнің күш екенін айтатын. Оңайлықпен ешнәрсе бола қалмайтынын, бәрі де еңбек пен табандылық арқылы келетінін ұқтырды. «Ешнәрсе аспаннан түспейді» деп айтып отыратын.

– Сіз қазақ жастарының шетелге жұмысқа орналасуына, ағылшын тілінде резюме толтыруына көмек көрсетесіз. Қанша адамның шетелдік компанияларға қызметке орналасуына жәрдемдестіңіз?

– Көптеген консультациялар өткіздім және кеңесіме жүгінгендердің басым көпшілігі өздері қалаған жұмысқа орналасты. Мұнда ең бастысы – табандылық! Қазір біреуі Лондонда, басқалары Катарда, Дубайда, АҚШ-та жұмыс істеп жүр.

– Киім брендін шығару идеясы сізге қалай келді?

– Университет қабырғасында жүргенде мен бизнеспен айналысып, шаңғы костюмдерін саттым. Қытайдан Қазақстанға тауар жеткізіп отыратынмын. Орау, жинақтауға, әр деталіне айрықша мән бердім. Тұтынушыларым риза болатын. Бірақ кейін бұл істі тастап, болашақта өз брендімді жасаймын деп өзіме серт еттім. Бұл күн 5 жылдан кейін келді, осылай жақында KOSH брендімді аштым. Бұл бренд Қазақстаннан алыста болса да, туған жермен байланысты сақтау ниетінен туды.

– Брендтің атын неге «Көш» деп қойдыңыз?
– «Көш» деген көшпенді сөзінен шықты. Бұл әрқашан қозғалыста жүретін, бір орында тұрмайтын адамды білдіреді. Бұл бренд не демек? «Өзіңе өзің үй бол, өзіңе өзің шатыр бол», дегенді естіген шығарсыз. Бұл біз қайда болсақ та, әрқашан айналамызда жайлы кеңістік құруға тырысуымыз керек. Бұл бренд дәстүрді қазіргі заманмен байланыстырудан туды. Киіміміздің әрбір бөлшегі сіздің қай жердің тумасы екеніңізді ұмыттырмау үшін және өзіне деген сенімділік беру үшін ашылды. Жалпы айтқанда, біз басқа елде тұрсақ та, қайдан келгенімізді ұмытпауымыз керек!

Киімдегі әр принтке мұқият қарасаңыз, ою-өрнек ретінде бейнеленген жер шарын аңғарасыз. Ол – адамның өзі шыққан жерімен байланысының маңыздылығын еске салады.

а

– Болашаққа жоспарларыңыз бар ма?
– Жоспар көп. Өз брендімді одан әрі дамытып, басқа елдерге танытқым келеді. Қазірдің өзінде шетелдіктер қызыға сатып алуда. Жалпы, қызметке келетін болсақ, Еуропада жұмыс істеп көруге де болады. Бірақ ол елдерде салықтың көлемі тым үлкен. Дей тұрғанмен, мен жаңа дүниелерге қашан да ашықпын. Басқа елден ұсыныстар түсіп жатса, неге көрмеске?!

– Қазақ жастарына қандай кеңес берер едіңіз?
Білім – болашаққа ең маңызды инвестиция. Жаңаны үйренуге ұмтылу керек! Саяхат, өзге мәдениетпен, түрлі адамдармен танысу – көкжиекті кеңейтеді. Сәтсіздіктен қорықпау керек.

–  Сұхбатыңызға рахмет!

 

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 

Публикация от Aida - Kazakhstani in Dubai (@aymenova)

 

Әсем Жұмақан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: шетелдік қазақтар

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір