• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

30 Мамыр, 08:28:40
Алматы
+35°

Бүгін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев «Urban Living» ЖШС мамандарымен кездесті. Басқосуда танымал сәулетшілер қаланы дамытуға бағытталған жоспарларымен бөлісіп, көзқарастарын айтты.

«Urban Living» ЖШС-нің бас архитекторы – Марко Брунелли. Ал компанияның серіктесі – Рикардо Марини.
«Біздің серіктестік урбанистік және қала құрылысы жобаларын әзірлеуге маманданған консалтингтік компания. Басты бағыты – «плейсмейкинг». Яғни, адамдардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалған, көрнекі нысандардың сызбасын жасау арқылы қала құрылысына араласып, туризмді дамыту», – деді сәулетші Рикардо Марини.
Оның айтуынша, Қапшағай су қоймасының жағажайында ірі нысандар тұрғызуға кірісу үшін алдымен топотүсірілім жасау қажет.

Оао
«Көлдің жағажайындағы аймақтарға жақсы тастар төсеуге қаржы құюға болады. Бірақ, бұл жұмыстың еш нәтижесі болмайтынын түсінгеніміз жөн. Ең алдымен, жағажай мен ғимараттар аралығындағы нысандардың елге пайда әкелетін тұстарын ойластыру қажет. Көлдің жағасы адамдар үшін қауіпсіз аймақ болуы тиіс. Сонымен қатар мұнда басымдық жаяу жүргіншілерге берілгенімен, шұғыл көмек көрсетуші автомобильдердің қозғалысы да назардан тыс қалмауы керек. Біз қаланың қазіргі жай-күйімен танысар кезде топотүсірілімнің жоқтығы жұмысқа кедергі келтірді. Жоғарыда айтылған жобаларды жүзеге асыру үшін топотүсірілім жасалуы керек», – деді сәулетші.
Өңір басшысы бұл түсірілімнің міндетті түрде жасалатынын, содан соң екіжақты келіссөздер тағы да жүргізілетінін айтты.
«Бакуде ештеңесі жоқ жағажай аз уақыттың ішінде әдемі демалыс орнына айналды. Ол жерде де қателеспесем, сіздер алға тартып отырған принциптер бойынша жұмыстар жүргізілді.

Ььс

Архитекторлардың ұсынған жобасы Қонаевтың кеңестік дәуірден шығып, заманауи қалаға бет бұруына септігін тигізетініне сенімдіміз. Қапшағайдың жағажайын зерттеп, жоба жасауға күш салғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Топотүсірілімнен кейін өздеріңізбен қоян-қолтық жұмыс жасауға әзірміз», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Бұған дейін «Urban Living» ЖШС Түркістан қаласының мастер жобасын жасаған. Содан кейін жоба инвесторларды тарту үшін пайдаланылып, шаһарда «Керуен сарай» бой көтерді.
Сәулетшілер туралы айта кетсек, Рикардо Марини – Англияның қала құрылысы бойынша Корольдік Институтының және Шотландиядағы Корольдік архитекторлар ұйымының мүшесі, архитектура мен қала құрылысының халықаралық сарапшысы. Ол Мәскеу, Буэнос-Айрес, Нью-Йорк секілді ірі қалалардағы бірнеше жобаның авторы.
Марко Брунелли – архитектура ғылымының докторы, Италияның экологиялық құрылыс кеңесінің мүшесі. Ди Тренто провинциясы Университетінің студенттік жатақханалары сияқты қоғамдық ғимараттарды жобалаумен айналысқан.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Алматы облысы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір