• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:58:15
Алматы
+35°

Алматы облысы, Шелек ауылының тұрғыны Тұрсынәлі Дәулеш ауыл-ауылды аралап көмекке мұқтаж азаматтардың ең бірінші қажеттігін орындауға қолғабыс етіп жүргеніне бірнеше жыл болды. 2019 жылы Қытайдан қоныс аударған ол елге келе сала саудамен айналысып, жағдайын түзеп алғаннан кейін қайырымдылық жасауды қолға алдым дейді.  

«Қытайда жүрген кезде Күнес ауданында 10 жыл, Іле қазақ облысында да 13 жыл жуық имам болып қызмет еттім. 2019 жылы күзде Қазақстанға көшіп келдім. Елге оралған кезде де мешіт имамы болу жөнінде ұсыныстар түсті. Алайда ұсыныстың көбінен бас тарттым. Өйткені елге келген соң жеке кәсіппен шұғылданғым келді. Саудамен айналысып, мұқтаж жандарға көмек көрсетсем деген мақсатым болды. Алғашқыда түрлі қиындықты бастан өткердік. Қытайдан 200 мың теңгемен келгенбіз. Оның өзі құжаттарды рәсімдеуге жұмсалды. Кейін Бақтыбай Мүтәліп есімді бауырымның көмегімен бал саудасымен айналыстым. Аллаға шүкір, сауданың берекесі болғандықтан жақсы пайда тауып, мақсатымды біртіндеп орындап жатырмын. Шет жерде жүрген қазақтың мақсаты бір деп ойлаймын. Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол дейді ғой. Сол секілді біз де атамекенімізде ұлтан болсақ та, қолдан келген пайдамызды тигізгім келді. Ұл-қызымыз дінімізді, дәстүрімізді бойына сіңіріп, өз Отанына қызмет етсін деген мақсатпен келдім», дейді Тұрсынәлі  Дәулеш.

Тұрсынәлі Дәулеш былтыр тәуелсіздіктің 31 жылдығына орай тұрмысы төмен 31 отбасыны тауып, еғ қажетті мұқтаждықтарын өтеп берген. Ол бұл идеяны жүзеге асыруына не себеп болғанын айтып берді:  

«Былтыр аяқ астынан тәуелсіздіктің мерейтойына орай осындай жақсы ой келді. Бір жағынан жасаған қайырымды істің сауабы ата-бабамызға да тисе деген ниет болды. Себебі тәуелсіздік, осындай ұлан-байтақ жер бізге аспаннан түскен жоқ. Бұл – ата-бабамыздың қанымен, маңдай терімен келген тәуелсіздіктің арқасы. Кейбір бауырларымыз отан – баға жетпес қазына екенін естен шығарып алады. Көп мәселені Үкімет шешіп берсе екен деп жалқаулыққа салынатындар да бар. Меніңше, қазір біздің қоғамға «кімге көмектесе аламын» деп өмір сүретін адамдар қажет. Менен де басқа халықтың қамын деген, қайырымдылық жасап жүрген азаматтар бар. «Жаңа Қазақстан» осындай азаматтар көбейген кезде одан сайын көркейе түседі деп ойлаймын.   

Алғаш осы идеямды іске асыру туралы ойлағанда әкімшілікке барып, көмек сұраған едім. Алайда әкімшілік қызметкерлері «біз қазір 30 адамға көмек берсек, кейін алдымызға 50 адам келеді» деп ұсынысты қолдаудан бас тартты. Оларды да түсінуге болады. Сол үшін өзім іске кірістім. Алматы облысы бойынша жан-жақтан көмекке мұқтаж азаматтарды іздестіре бастадым. Мұқтаж адамның саны көп. 31 адамға көмек көрсетемін деп жоспар қойғанмын. Алайда Құдайдың қалауымен 70-тен аса адамға, оның ішінде ұйғыры бар, орысы бар ұлтына бөлмей көмектестім. Қажетіне қарай біріне көмір, біріне азық-түлік тараттым. Атам қазақтың «Жалғыз жесең өзіңнен шығады, көппен жесең алдыңнан шығады» деген жақсы сөзі бар. Осы сөзді ұран қылып, жақсы іс жасауды жалғастыратын боламын».

Тұрсынәлі Дәулеш жағдайы нашар отбасылардың ең қажетті мұқтаждығын өтеп қана қоймай, үйсіз жандардың баспаналы болуына да септігін тигізіп жүр.

кри

«Облыс бойынша мұң-мұқтажды іздестіріп жатқанда баспанасы жоқ жалғызбасты анаға жолықтым. Ол 21 жыл бойы үй кезегінде тұрып баспаналы бола алмаған. Венера Хайруллаева есімді әйел тумысынан мүмкіндігі шектеулі қызын, 2 немересін асырап отыр. Өзім баспана алып беруге мүмкіндігім болмағандықтан «Харекет» қоғамдық қорына хабарластым. Олар мән-жайды анықтап, 11 қаңтарда баспана кілтін табыстадық. Алдағы уақытта «Харекет» қорының қатарында болып, Қазақстан бойынша жағдайы нашар жандарға көмек көрсетуді жоспарлап отырмын. Ал биыл Тәуелсіздіктің 32 жылдығына орай кемі 32 отбасына көмектесуді жалғастырамын», деді өзінің алдағы жоспарымен бөліскен Түрсынәлі Дәулеш.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір