26 Желтоқсан, 2021 NEWS
Фото: qamshy.kz
Алматы қаласында ақын, сазгер, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Ерлан Төлеубайдың "Ұлы дала ұраны" атты шығармашылық кеші өтті.
Кеш аясында Ерлан Төлеубайдың әндері орындалып, 30 патриоттық туындыдан тұратын үнтаспасы мен "Саған келдім ата жұрт" атты әніне түсірілген бейнебаянның тұсауы кесілді.
Үнтаспаның тұсауын қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері кесіп, сазгерге шығармашылық табыстар, биік белестерден көрінуін тіледі.
Белгілі ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов сазгерге "жұлдызың ұлттық, халықтық мүдде биігінде жарқырай берсін" деп ақ батасын берді.
Публицист-журналист, Қоғамдық атақтар мен марапаттар жөніндегі республикалық кеңес төрағасы Марат Тоқашбаев Ерлан Төлеубайды қазақ өнеріне сіңірген еңбегі, патриоттық бағыттағы рухты әндердің кең таралуына қосқан үлесі үшін "Қазақ өнерінің қайраткері" құрметті атағымен марапаттады.
Қазақтың "Қара жорға" биін Қазақстанда жаңғыртқан Арыстан қажы Шәдетұлы, танымал актер Бекжан Тұрыс, белгілі ақындар Алмас Ахметбекұлы, Қайрат Құлмұхаммед, дәстүрлі әнші Ерлан Төлеубай, сатирик Жарылқасын Дәулет кеш иесінің шығармашылығы туралы толғап, бірі өлеңнен шашу шашса, бірі ақжарма тілегін арнады.
Кеш барысында Сандуғаш Стамғазиева, Ұшқын Жамалбек, Ибрагим Ескендір, Мағжан Ерғалин, Әзімбек Байлин секілді өнер майталмандары көпшілікті әсем әнмен әуелетті.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір