• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 12:52:50
Алматы
+35°

"Қазфосфат" ЖШС-ға қарасты "Жаңа Жамбыл фосфор зауыты" филиалы маңына жиналған жұмысшылар жалақының аздығына және басшылардың дөрекілігіне наразылық білдірді. Наразылық кезіндегі видеоларды журналист Нұрадин Ракай жариялады.

Азаттық радиосының дерегінше, зауыттағы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы өте нашар, еңбек қауіпсіздігі сақталмай келген. Басшылардың бірі, цифрлық трансформация жөніндегі басқарма басшысы, Ресей азаматы Олег Куликов жұмысшылар шағымданған кезде "қазақтарды балағаттаған". Олар Олег Куликов жұмысшыларды "қой" деп балағаттағанын айтады. Бұдан соң жұмысшылар көтеріліп, кеңсе алдына жиналған.

Жұмысшылардың сөзінше, басшылық "халық көтеріліп кете ме" деп қорыққан. Бұл жаққа кемінде 12-15 көлікпен арнайы жасақ әкелінген. Оқиға орнына Тараз әкімі, прокуратура өкілдері келген.

Ақпаратқа қарағанда, 23 қарашада ереуілден кейін жиналыс болған. Оған әрбір цехтан бір-бір жұмысшыдан қатыстырылған. Онда айлықты өсіру, жұмыс зияндығы туралы төлемақыны қайтару, арнайы киіммен қамтамасыз ету, кәсіподақ, іс-қағаздардың қазақша жүргізілмеуі және өзге мәселелер қозғалған.

Жамбыл ауданы әкімдігі наразылыққа қатысты қысқа хабарлама таратып, "ұлтаралық мәселе туындамағанын" айтты.

"Ресей азаматы жұмысшылардан кешірім сұрады және жұмыстан босатылды. Сондай-ақ жұмысшылардың талап-тілектері мен ұсыныс-пікірлері бойынша жұмысшы топ құрылып, зерделеу жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Ұлтаралық мәселе болмаған. Зауыт штаттық режимде жұмыс істеп жатыр" деп жазылған хабарламада.

Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, сағат 14:30-дағы жағдай бойынша наразылар зауыт аумағынан тарап кеткен.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір