Қорғаныс министрлігі мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту мақсатында шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәліктерден бас тартуды, сондай-ақ әскери қызмет өткермеген азаматтарға әскери билеттер беруді алып тастауды ұсынып отыр.

2023 жылдан бастап әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды есепке алуды электрондық форматқа көшіру жоспарланған. Бұл – ішкі көші-қон кезінде азаматтарды әскери есепке қою және одан шығару қажеттілігін алып тастауға мүмкіндік бермек.

Бұдан өзге азаматтардың әскери қызметке қатынасы, оны өткеру және әскери есепке алынуы туралы мәліметтер "e-gov" порталындағы жеке кабинетте көрсетілетін болады. Қажет болған жағдайда оны мемлекеттік органдар пайдалануы немесе сұратуы мүмкін.

Мамандар ұсынылған жаңалықтар қаржы үнемдеуге ықпал ететінін айтады. Бланкілерді сақтау, шығару және беру жергілікті әскери басқару органдары қызметкерлерінің шығындарын да едәуір азайтпақ.

Қолданыстағы нормаға сай, әскери борышын өтегемен ер азаматтарға жасы 27-ге келгеннен кейін әскери билет беріледі.