• USD 475.51

  • EUR 464.15

  • RUB 8.2

  • CNY 66.85

04 Қазан, 15:21:10
Алматы
+19°

Бүгін 12 шілде – Халықаралық фотографтар күні. Бұл фотографияға байланысты үш атаулы күннің бірі. Бұдан бөлек 7 қаңтарда Фотографияның туған күні, 19 тамызда Дүниежүзілік фотография күні мерекеленеді. Осы атаулы күнге орай табиғат пен қала көріністерін объективіне жиі алатын жас фотограф Досжан Балабекұлы Қамшы порталына сұхбат берді.

Досжан, сурет түсіруге деген қызығушылыңыз қай кезден бастау алды? Ең алғашқы түсірген суретіңіз есіңізде ме?

– Фотоөнерге қызығушылық мектеп кезінен басталды. Бірақ журналистикаға деген әуестігім басымдау болды. Жасымнан қаламды серік етіп, Жамбыл облысы Жамбыл аудандық "Шұғыла-Радуга", Жамбыл облыстық "Ақ жол" және оның сол кездегі қосымшасы "Алтын шырақ", "Ар-Стан", "Жамбыл-Спорт", "Кәсіподақ жаршысы", республикалық "Ұлан" балалар мен жасөспірімдер газеті, жалпыұлттық "Егемен Қазақстан" газеттеріне тұрақты түрде мақала жазып тұрдым. Республикалық "Болашақ-баспагер редактор" байқауына қатысып, ҚазҰУ ректорының гранты иегері атанғаным бар. Осы байқауды өткізген белгілі ғалым Сағатбек Медеубекұлына алғыс білдіргім келеді. Осылайша, баспа ісі мамандығының иегері болдым. Осы мамандықта оқып жүріп, "Фотоөнер" ҚБ-нің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлымен танысып, дәріс алып, кәсіби фототехникаға ауыстым. Мен үшін фотографияға деген қызығушылық – журналистикамен қатар келді. Республикалық "Айқын" газетіне жұмысқа тұрғанымда тұрақты фоторепортаждар бөлімін жүргізіп тұрдым. Кейіннен "Қазақ газеттері" ЖШС-не қызметке келіп, Теңге монитор басылымда "Туған жер" айдары аясында Қазақстанның киелі жерлері бойынша фотосаяхат жүргіздім. Алда үлкен бір фотоальбом шығарғым келеді. Әсіресе, Алматы мен Жетісу облысының тұмса табиғатына арналған туындыны жарыққа шығару ойда бар

Баспа ісінен бөлек журналистика, философия бойынша білім алғаныңызды білеміз. Дәріс беріп, оқытушылықпен шұғылданатыныңыз да бар. Ал суретке түсіруді қалай үйрендіңіз?

– Иә, үш мамандық бойынша білім алғаным бар. Қазір мемлекеттік білім грантының міндеттемесі бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультеті философия кафедрасында оқытушылық қызметтемін. Ал фотография бойынша арнайы білімім жоқ, тек Асылхан ағамыздан алған білім мен өзімнің қызығушылығымның негізінде машығымды жетілдіріп келем. Мені көбі, әсіресе әлеуметтік желіде фотосуреткер, фотожурналист ретінде таниды. Фотосуретті кәсіби түрде университет табалдырығында үйрендім, түрлі жарыстарға қатысып жеңімпаз атандым. Бірақ үлкен байқауларға қатысу үшін әлі де терең ізденіс керек.

Фото: Досжан Балабекұлының жеке мұрағатынан

Елімізде суретке түсіру кәсібі жиын-той саласында, фотосалондарда өрістеп, табыс әкеліп тұр. Ал сіздей табиғат пен қала көріністерін түсіретін фотографтар табыс таба ала ма?

– Табиғат жанрында дәл сондай табысқа кенелесіз деп айта алмаймын. Бірақ үлкен жобаларға қатысып, тауып жүргендер бар. Той-томалақ апта сайын өтіп жатады, жиі шақырады. Бірақ ол – менің жолым емес. Табиғат тақырыбы үнемі ізденуді, бір нәрсенің соңынан ұзақ жүгіріп, күтуді талап етеді. Сондықтан, бірден екі жанрда қызмет жасау оңай емес. Жүрекке жақыны да табиғат жанры.

Жалпы бізде фотографтардың жұмысы жиі "ұрланады", еңбегі бағаланбайды деп жатады. Бұл мәселе неден туып отыр? Фотографтарға гонорар төлеу мәдениетінің жоқтығынан ба, заң фотографтарды қорғамай ма, әлде фотографтар "қойшы, жарайды"-ға көп салынып, талапшыл емес пе?

– Фотографияның ұрлануы елімізде қалыпты құбылысқа айналып кеткен. Отандық медиа нарықтың ішінде бұл қашан да өзекті әрі өткір тақырып. Фотограф кез-келген уақытта өз құқығын қорғай алады. Онымен Қазақстан Авторлар қоғамы мен "Фотоөнер" ҚБ заң жүзінде тиісті жұмыстар атқарып келеді. Автор да тиісті талабын қойып, заң жүзінде әрекет етуі керек. Сонда авторлық құқық мәдениеті сақталады.

Фото: Досжан Балабекұлының жеке мұрағатынан

Өзіңіз авторлық құқық мәселесіне қаншалықты мән бересіз? Сіздің суреттерді сілтеме жасай отырып қолдану тегін бе, әлде гонорар сұрайсыз ба?

– Кез келген еңбекке тиісті ақысы төленгені жөн. Өз еңбегіңізге өзіңіз баға қоя алмасаңыз, онда құныңыз болмайды. Көшеде су сатып алсаң да, автобусқа отырсаң да ақысын төлейсін. Сондықтан фотографтарға да еңбегінің аақысын төлеу қажет деп санаймын. Мәселен, фотографияда суреттің сапасы, түсіру қиындығы мен жұмсалған жұмыс уақыты сурет құнына әсер етеді. Сондықтан автордан әр суретке белгілі бір келісім (бір реттік немесе ұзақмерзімді) алған жөн. Әрі мұны фотографтар талап етіп отырғаны жөн.

 

Жұмыстарыңыздың арасында көпшілік біле бермейтін өсімдіктерді, оның ішінде гүлдердің суретін байқап қаламыз. Олардың атын атап, түсін түстеп жазып қоясыз. Гүлдер туралы ақпараттарды қайдан аласыз?

– Биология, ботаника салалары жаныма жақын. Өйткені, отбасымызда барлығы биолог-педагогтар. Сондықтан бұл тақырыптар мен үшін де, отбасымыз үшін де алыс емес. Үйде осы саладағы кітаптар көп. Кейде кітаптар арқылы, кейде интеренет арқылы іздеп, оларды ажыратып, жариялаған суреттеріме жазып отырамын. Өте улы, қасиетті шөптер болса, оларға бөлек шағын посттар жазуды жөн санаймын. Мүмкін басқа біреуге бұл ақпарат керек болуы мүмкін. Кейде әлеуметтік желі арқылы сол гүлдер жайлы, олардың атауы жайлы сұрап жататын оқырмандарым бар. Өздері түсіріп, атауын сұрап жатады. Бұл да бір қызық сала.

Фото: Досжан Балабекұлының жеке мұрағатынан

Фото: Досжан Балабекұлының жеке мұрағатынан

Әдемі кадр үшін биік тау мен тасты, су мен нуды аралап жүресіз. Асқар тау, биік-биік шоқы, көк аспан әрине әдемі, десе де қауіпсіздік шарасы деген де бар. Өзіңіз сияқты жиһангез фотограф болғысы келетіндер үшін не айтар едіңіз? Қандай дайындық шаралары қажет?

– Тау-тас, өзен-көл, орман-тоғай – қауіп-қатер аймағы екенін әркез қаперде ұстаған жөн. Сондықтан қауіпсіздік басты орында болуы керек. Соған сай керек-жарақ құрылғыларыңызды да алуыңыз керек. Тауда қысы-жазы тау бәтеңкесін қолданған жөн. Өйткені, тауда бір күн ішінде жылдың төрт мезгілімен жүздесесіз. Әр биіктік белдеуі осыған куә етеді. Киім-кешегіңіз де солай болғаны жөн. Тауда жүретін бағытыңызды жоспарлап алған жөн. Одан кейін, ауа-райы мәселесі. Ең нашар ауа райы – ең жақсы суреттер түсіру мүмкіндігін сыйлайды. Кейде тәуекел ететін сәттер болады. Ал тәуекелсіз жақсы дүние тағы жасай алмайсыз. Осындай қарама-қайшылықтардың арасында өмір сүреміз.

Фото: Досжан Балабекұлының жеке мұрағатынан

Фото: Досжан Балабекұлының жеке мұрағатынан

 

Болашақта фотоға түсіру өнерін қазіргідей журналистикамен, оқытушылық қызметпен қатар алып жүре бермексіз бе, әлде бар уақытыңызды тек фотограф болуға арнайсыз ба?

– Өнердің қай саласы болмасын, уақытың болса, меңгергенге не жетсін. Қазір екеуін алып келе жатырмын, десек те оны алдағы уақыт көрсете жатыр, бір нәрсе дей алмаймын.

Фото: Досжан Балабекұлының жеке мұрағатынан

Фото: Досжан Балабекұлының жеке мұрағатынан

Әуесқойлар үшін кеңес болсын. Суретке түсіруді енді бастап жатқандардың қолында міндетті түрде жақсы аппарат болуы керек пе, әлде смартфонмен де машықтануға бола ма?

– Мәселе аппаратта емес, жақсы ой мен көре білуде. Ал қалғаны маңызды емес, шамасына қарай дамыта береді. Табиғи талант пен дарын қажет. Өзімді кәсіби фотоөнер маманы деп есептеймін, фотоөнер қызығушысы, талпынушы деп санаймын. Сондықтан, қай нәрсені қолға алсаңыз да, қызығушылығыңыз жалықтырмасын.

Фото: Досжан Балабекұлының жеке мұрағатынан

Жалпы, фотоға түсіру өнерінің машықтарын қайдан үйренген дұрыс?

– Кім-қайдан үйренгісі келеді, қазір мүмкіндік көп. Дәстүрлі жолмен, я ғаламор арқылы. Екеуі де белігілі деңгейге көтереді. Жеке ізенденуішілігіңіз адастырмаса болды.

Шуақ Қайратқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір