• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

01 Қараша, 11:26:55
Алматы
+12°

Ресейде наурыз айынан бері жұмыс іздеуге арналған HeadHunter және SuperJob сайттарында келісім-шартпен әскери қызметке шақыратын мыңдаған хабарландыру пайда болған. ВВС Ресей аталған хабарландырулар арқылы Украинадағы соғысқа адам іздеп жатқанын анықтаған.

Ресей президенті Владимир Путин Украинада соғысып жатқан әскері кәсіби жауынгерлерден және келісім-шартпен қызмет етушілерден тұратынын әлденеше рет айтқан. Бастапқыда соғыста әскерінің қаза тауып жатқаны туралы жақ ашпаған Кремль соңғы уақытта әскері орасан шығынға ұшырағанын мойындады. Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Sky News телеарнасына берген сұхбат барысында "біз көптеген әскерімізден айырылдық, бұл – біз үшін үлкен трагедия" деген болатын.

 

Аты-жөнін жасыруды құп көрген эксперт ВВС-ге Ресейде әдетте келісім-шартпен қызмет ететін әскерилерді интернеттегі хабарландыру арқылы емес, әскери комиссариаттар арқылы алатынын айтқан. Оның сөзін HeadHunter сайтындағы деректер де растайды. Сайттағы әскери қызмет туралы 3 мың хабарландырудың түгелі соңғы айда жарияланған. Алайда сайт өкілдері мұндай ваканциялар сайтта бұрын да жарияланғанын мәлім еткен. Алайла олардың саны қазіргіден едәуір аз.

Тағы бір танымал Superjob сайтында бір аптада әскери қызметке шақырған 18 мыңнан астам хабарландыру шыққан. Қорғаныс министрлігіне қатысы бар сайтта осыған ұқсас 500 ваканция жарияланған.

 

 

ВВС журналистері жұмыс іздеп жүрген адам болып бірнеше хабарландыруда көрсетілген номерлерге қоңырау шалған. Сөйлесушілердің басым көпшілігі әскери қызмет қайда өтетінін ашып айтқысы келмеген. Тек кейбірі ғана Украинаға аттанатынын, құжаттарды рәсімдеуге 1-2 апта кететінін айтқан.

 

Әскери қызмет 3-6 айдан 1 жылға дейін жалғасуы мүмкін екені, жалақы мөлшері хабарландырулардың басым көпшілігінде 30-50 мың рубль (шамамен 150 - 250 мың теңге) арасында болатыны жазылған. Әскери шен мен атқаратын міндетке байланысты 210 мың рубльден (1 млн теңгеден астам) жоғары жалақы ұсынылатыны туралы да хабарландырулар бар.

Ваканцияларда негізінен әскери борышын өтегендерге басымдық берілген. Арасында әскерде болмағандарды да қабылдайтыны туралы, 9-сынып бітіргендерді де алатынын жазғандар да кездескен.

 

Скриншот

Соғысқа келісім-шарт негізіндегі қызметкерлерден бөлек, еріктілер де алынып жатыр. Жалпыресей мемлекетттік телевизия және радиотарату компаниясының корреспонденті өзінің телеграм каналында Мәскеу облысында еріктілерге 205 мың рубль (1 млн теңгеден астам) төленетіні, жараланғандарға 3 млн рубль (15 млн теңге), қаза тапқандардың отбасына 8 млн рубль (40 млн теңге) және губернатордан 5 млн рубль (25 млн теңге), балаларына пәтер берілетіні туралы жазған.

Ресей қорғаныс министрлігі әскердегі адам шығыны туралы деректі соңғы рет 25 наурызда жариялалап, 1351 әскери қызметшісінен айырылғанын хабарлаған. Украина қорғаныс министрлігі 13 сәуірде жариялаған мәліметке сай, Ресейдің адам шығыны 19,8 мыңды құрайды. Алайда УНИАН агенттігі бұл цифрға жараланғандар да кіретінін нақтылаған.

 
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір