• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Ақпан, 12:18:38
Алматы
+35°

Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қалыптасқан дәстүрге сай Тұңғыш Президент күні қарсаңында Талдықорғанда облыс әкімінің жыл сайынғы «Көшбасшы - 2021» жастар сыйлығын тапсыру салтанаты өтті. Оған Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Болат Тілепов қатысты, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов өңірдегі жастар саясатының жемісті нәтижелерін атап өтті:

- Алматы облысында 14 пен 29 жас аралығындағы 400 мыңдай жас тұрады. Олардың әрқайсының бойында жастық жалын, жастық жігер бар. Бүгін Тұңғыш Президент күні қарсаңында өз салаларында белсенділігімен, айтулы жетістіктерімен ерекшеленген жастарды марапаттап отырмыз. Мұндай белеске өңірде жастар саясатының оңды жүргізілуінің нәтижесінде жетіп отырмыз. Мәселен, облыстағы жастардың волонтерлік ұйымдарының қатысуымен 5 мыңдай қайырымдылық шарасы өткізілді, 38 мыңдай адамға әлеуметтік көмек көрсетілді, волонтерлардың қолдауының арқасында 92 отбасы жаңа қонысқа ие болды.  Бұл мысалдар мен сандардың өзі-ақ сөйлеп тұр. Жетісулық жастар осындай белсенді өмір салтын, жетістіктер жолын одан әрі жалғастырады деп сенемін. Облыс әкімінің атынан бәріңізді марапаттарыңызбен құттықтаймын, сәттілік пен табыс тілеймін! – деді Б.Байжұманов.

Батыржан Байжуманов

Мұнан соң жиын марапаттау рәсімімен жалғасты. Көшбасшы атанғандар қатарында Ильфат Абдуллин «Үздік спортшы» деп танылды. Ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері, садақ атудан ұлттық құраманың мүшесі. Токио Олимпиадасына қатысқан. Жапонияда өткен Олимпиадада жеке біріншілікте 64 қатысушының ішінен 9-шы орынға табан тіреді. Бұл - Қазақстанның тәуелсіздік жылдары тарихындағы үздік нәтиже.

Айтулы жетістіктерімен дараланғандар қатарында «Үздік студент» атанған Дария Ілияс та бар. Ол «Елбасы медалі» жобасының қола медаль иегері. Талдықорған Агротехникалық колледжінде оқиды, еліміздің Үздік студенттері академиясының мүшесі.

«Үздік жас әдебиетші» атанған Асыл Сұлтанғазы – «Ақ қауырсын» әдеби байқауының лауреаты, «Тұл дүние» өлеңдер жинағының авторы, республикалық, облыстық әдеби байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы.

Ал жас кәсіпкерлер арасында Жанат Тәтібаев үздік деп танылды. Ол Жастар жылы аясында 3 млн. теңге көлеміндегі гранттың иегері болған, қазір құс фабрикасын ашуға дайындық жүргізіп жатыр, «Балапан» бағдарламасымен ашылған ясли балабақшаның директоры.

«Үздік жас орындаушы» номинациясында «AMANAT musik» Халықаралық фестивалінің лауреаты Дәурен Берікболов қара үзіп шықты. Сонымен қатар ол қырғыз-қазақ фестивалінде 14 елдің өнерпаздары арасынан ІІ орынды иеленген, Қырғызстандағы «Жыл таңдауы - 2020» сыйлығының «Жылдың жас, үздік әртісі» номинациясын жеңіп алған.   

«Жетісу» телеарнасының редакторы Кәмшат Мұхаметжан «Үздік жас журналист» атанды. Ол «Халық алғысы» төсбелгісінің иегері, Түркітілдес журналистер қоры ұйымдастырған байқауда «Ақпарат тарататын үздік тілші» номинациясын жеңіп алды.

Үш бала тәрбиелеп отырған Нұрпейісовтер отбасы ең үздік жас отбасы ретінде марапатталды. Бұл жас шаңырақ - «Жас отау» облыстық байқауының жеңімпазы.

Осы күні барлығы 20 жас көшбасшы марапатталып, оларға арнайы дипломдар, естелік сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар табысталды.

Марапат иелері атынан «Үздік жас журналист» Кәмшат Мұхаметжан тілек білдірді:

- Мұндай жоғары марапат алу мен үшін зор қуаныш. Бұл – менің бірнеше жылғы еңбегімнің және ұжымымның қолдауының арқасы деп білемін. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз. Әр жас өз саласында үздік бола алады, оған бізде барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы өзіңе деген сеніммен кәсіби біліктілігіңді арттырып, алға нық қадам басу керек деп ойлаймын. Барлық жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын, - деді ол.

Қатарынан озық шыққан жастарға шараның арнайы қонағы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Болат Тілепов ізгі ниетін білдіріп, құттықтау сөзін арнады.

- Жастарды қолдау – еліміздің мемлекеттік саясатының стратегиялық басым бағыты. Тәуелсіздіктің 30 жылында қол жеткізген табыстарымыздың маңыздысы да – осы білімді, талантты жастардың өсіп-жетілуі. Бүгінгі күні өздеріңді жан-жақты дамытуға ешқандай кедергі жоқ. Үнемі талпыну керек, бәсекеге қабілеттілікті арттырып, білім алуға көп мән беру керек. Көп оқып, жалықпай еңбектену керек. Жастар сыйлығын тапсыру – Алматы облысының басқа өңірлерге үлгі болатын игі шарасы. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің атынан ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Жетісу жастарының бар армандарының орындалуына тілектеспін! - деді Б.Тілепов.

Мерекенің жалғасы концерттік бағдарламаға ұласты. 

Жалпы Алматы облысында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, жұмыспен қамтуға жағдай жасау, еңбек нарығында жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көп көңіл бөлінеді. Мәселен, 2021 жылдың қарашасындағы мәлімет бойынша, 15 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылған, жоспарға сәйкес «Жастар практикасына» 1648 түлек жіберілген. Сол сияқты «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша 974 жас маманға 284,1 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді. Тұрғын үй алуға 568 маманға жалпы сомасы 2,5 млрд. теңге жеңілдетілген несие берілді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір