• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 00:43:00
Алматы
+35°

Түркістан облысының тумасы Ақмарал Көпжасарова Түркияда дүниеге келіп, бүгінде Нидерландыда тұратын этникалық қазақтар шаңырағына келін болып түскен. Ол голланд еліндегі қазақтар туған жерден жырақта жүрсе де салт-дәстүрді, ұлттық асхананы берік ұстанатынын айтады. Ақмарал Қамшы тілшісіне Голландияға қалай кеткенін, ол жақтағы өмір туралы айтып берді.

Ақмаралдың күйеуінің есімі – Мұрат. Онал әулеті кезінде қазақ жерінен Түркияға қоныс теуіп, біраз уақыт сол жақта тұрған. Кейінірек Нидерландыға көшіп барған. Мұрат кәсіби футболшы. 2014-2015 жылдары Шымкенттегі "Қыран" футбол командасында ойнаған. Ол екі маусымда 28 гол соғып, Қазақстан бірінші лигасында "Үздік бомбардир" атанады. Мұрат екі жыл ішінде Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрамаға қабылдануды армандайды. Алайда мұның сәті түспей, Голландияға қайтуға тура келеді. Десе де Мұрат үшін Қазақстанда өнер көрсетуі олжасыз болған жоқ. "Оңтүстік" телеарнасының журналисі Ақмарал Көпжасаровамен танысады. Екі жас бірнеше жыл араласып, 2020 жылы отбасын құрады. Бүгінде Амстердамда тұрып жатыр. Еркенұр есімді қызы бар.

– Ақмарал, бастапқыда Мұрат екеуіңіздің үйленулеріңізге ата-анаңыз қарсы болыпты. Кейін қалай келісті?

– Басында қарсы болғаны рас. Біз "үйленгіміз келеді" дегенде әкем мен анам шок болды. Анам "қызым, басқа қала емес, бөтен елге кетеді" деп күнде жылайтын. Әкем тіптен, менімен бір айға дейін сөйлеспей жүрді. Маған бұл өте ауыр соқты. Бірақ ата-анам болашақ құдаларымен телефон арқылы танысып, сөйлескен соң райларынан қайта бастады. Ақыры батасын беріп, 2020 жылы Шымкентте үйлену тойымыз өтті.

– Амстердамда қай уақыттан бері тұрып жатсыздар?

– Амстердамға біз бірден келе қоймадық. Карантинге байланысты Еуропаға кіру мүмкін болмады. Бірінші Түркияға барып, сонда жеті айдай тұрдық. Амстердамға 2021 жылдың сәуірінде келдік. 

Ақмарал Көпжасарованың жеке мұрағатынан

– Еуропадағы өмірдің Қазақстанмен салыстырғанда қандай айырмашылығын байқадыңыз?

– Еуропадағы өмір – қарбалас. Қаланың астында да, үстінде де тіршілік қайнап жатады. Барлық нәрсе қымбат, киім де тамақ, транспорт та. Метромен бір бағытқа жету үшін 10-15 еуро төлеу керек, теңгемен санағанда шамамен 5000-7500-ды құрайды. Метро – қаладағы ең арзан қатынау жолы. Голландиялықтар негізінен велосипедпен жүреді. Кішкене баладан бастап, қарияға дейін велосипедпен кетіп бара жатқаны күнделікті жайт.

Ал Амстердамның өзі де, ауасы да өте таза. Тұрғындары күлімсіреп тұрады. Сәлемдескенде міндетті түрде күлімдеп амандасады. Қалада жаңа ғимарат тұрғызуға қарағанда, ескіні жаңарту жұмыстары қолға алынған. Сонысымен Амстердам маған өте қатты ұнады.

– Нидерландықтар қай тілде сөйлеседі? жалпы тіл мәселесі қалай болып жатыр?

–  Бұл жақта бәрі нидерланд тілінде сөйлеседі. Нидерланд тілі ағылшын мен неміс тілінің қосындысы десек те болады. Бір-біріне өте ұқсас. Әрине, тілді білу –  міндетті. Ағылшын тілі де кең қолданылады. Жергілікті әкімшілікке тіркелгеннен бастап тілді меңгеруге оқуға шақырады. Алғашқы 3 айда тіркеліп, оқыған адамға курс тегін. Елге кірер кезде карантинге байланысты тіл емтиханы болмады. Мен тілді үйде онлайн түрде үйреніп жүрмін.

– Сізді ол жақта не таңқалдырды? 

– Жаңа айтқанымдай, бұл жақта адамдар негізінен велосипедпен қатынайды. Қалада велосипедтің көптігі басында қатты таңқалдырды. Тіпті, менің ата-енем де велосипедпен жүреді. Сосын бұл жақта барлық нәрсені жоспар құру арқылы жүйелеу жақсы жолға қойылған екен. Уақытты аса құрметтейді. Мұны дәрігерге тексерілуге барғанда байқадым. 5 минутке кешігіп қалсаң, қатты ренжиді, сосын қабылдау күнін ойланбастан ауыстыра салады.

Ақмарал Көпжасарованың жеке мұрағатынан

– Ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты қаншалықты ұстанасыздар? Келіндік қызметіңізді қалай атқарып жүрсіз?

–  Еуропада тұрсам да, ата-енемнің алдында ұзын көйлек киіп, орамал тағып, салт-дәстүрді ұстануға тырысамын. Дастарханымыздан қазақтың ұлттық тағамдары үзілмейді. Ет, бауырсақ, қуырдақ болсын, отбасым мақтап, сүйсініп жейді. Қайынатам мен енем өте керемет жандар. Мені туған қызынан кем көрмейді. "Келінім" емес, "қызым" дейді. 

Ақмарал Көпжасарованың жеке мұрағатынан

– Жақында сіздердің Еркенұр есімді тұңғыштарыңыз дүниеге келді. Құттықтаймыз. Ол жақта ана мен балаға қандай жағдай жасалған?

– Мұнда өте керемет жағдай жасалған. Түркиядан келген соң бірден клиникаға тіркелдік. Дәрігерлер босанғанша 2 аптада бір рет тексеріп отырды. Перинаталдық орталықтарда кезек жоқ. Амстердамның "OLVG WEST" клиникасында босандым. Қызығы, таңғы 6 жарымда босанған мені 3 сағаттан соң үйге жіберді. Басында шок болып қалдым. Бір басымда 5 дәрігер болды. Әрқайсысының қызметі бар. Перинаталдан үйге жеткеніміз сол еді, үйге дәрігерлер тексеруге келді. 10 күн бойы таңғы 9-дан, түскі 3-ке дейін келіп жүрді. Мені және сәбиімді толық бақылауға алды. Балаға қандай күтім қажет, нені жасауға болады, неге тыйым салынған, бөпені қалай шомылдыру керек сынды дүниелерге дейін үйретіп көрсетеді екен.

Онымен қоймай, үйдің ішін тазалап, тамақ жаса десең оны да дайындауға әзір. Қызыма қарап, мені ұйықтатып бір-ақ кетеді. Артынша үйге келетін дәрігерлерге үкімет жоғары жалақы төлейтінін білдім.

Ақмарал Көпжасарованың жеке мұрағатынан

– Амстердамда қазақтар көп пе? Олармен араласып тұрасыздар ма? Жалпы Голландияда өзге ұлт өкілдеріне қалай қарайды екен?

– Бұрын Нидерландыда 500-ге жуық қазақ отбасы тұрған екен. Құжаттары толық болмай көбісі жан-жаққа тарап кетіпті. Қазіргі таңда 50-60 шақты қазақ отбасы бар. Бәрі бірін-бірі таниды, жиын, той-томалақтарда араласып,  туысқандай сыйласады. 

Нидерландықтар – өте мейірімді, қарапайым әрі кісімен тез араласып кетеді. Танымаса да "hello, hi" деп күлімсіреп сәлемдесіп өтеді. Жылыжүзді, көмек сұрасаң, қол ұшын беруге дайын. Алғаш келгенде әр адам бойынан осы қасиеттерді көрдім. Сонысымен қатты ұнады. Жалпы, мұнда бірнеше ұлт өкілдері тату-тәтті тұрады. Оның ішінде мароккандықтар, қазақтар, түріктер, немістер, суринамдықтар, сондай-ақ Индонезия азаматтары да бар.

Ақмарал Көпжасарованың жеке мұрағатынан

– Алдағы уақытта жұмыс істеу ойыңызда бар ма?

– Алдымен голланд тілін жетік меңгергім келеді. Қазіргі таңда жұмыс жасау ойымда жоқ. Көпбалалы ана болғым келеді. Бар уақытымды күйеуіме, балаларыма арнасам деймін. Өмірдің бар байлығы да, бақыты да – отбасы емес пе.

– Қазақстанды сағындыңыз ба? Болашақта Қазақстанға қайту жоспарда бар ма?

– Қатты сағындым. Елден кеткеніме биыл 1 жыл болды. Қанша жерден барлық жағдай жасалып тұрса да, өз еліңе деген жүрек қағысың өзгеше болады екен. Нидерландының "Den Haag" деген жерінде Қазақстан Елшілігі бар. Көк байрағымыз желбіреп, елтаңбамыз тұрған мекемеге барсам, көзіме еріксіз жас келеді. Арасында сол жаққа барып, қазақ азаматтарын көріп, қуанып, біраз мауқымды басып келетінім бар. Болашақта бізді не күтіп тұрғанын бір Алла біледі. Бәрі де мүмкін...

Айзада Бидан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Голландия Амстердам

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір