• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

04 Желтоқсан, 17:01:09
Алматы
+9°

Жас кәсіпкер, сату саласы бойынша бизнес тренер Жарылқасын Ілімбек Қазақстанда ірі компаниялар орыстілділердің қолында екеніне қарамастан, орыс тілін білмей-ақ сату саласына мықты маманға айналуға болатынын айтады. Төменде маманның Қамшы тілшісіне берген сұхбаты ұсынылып отыр.

– Жарылқасын Ілімбек, сізді жаңадан танымал болып келе жатқан қазақтілді жас кәсіпкерлердің бірі ретінде танимыз. Қазақстанда, әсіресе, Алматыда тек қазақ тілімен бизнес жасау мүмкін бе? Сату саласының маманы, компанияларға сату бойынша команда құрып беретіндей деңгейге қалай жеттіңіз? Бизнеске қызығатын оқырмандар үшін осы сала бойынша тәжірибеңізді айтып берсеңіз.

– Мен бастапқыда Алматыда дәрі сатумен айналысатын компанияда жұмыс істедім. Компанияға жаңа кіргенде орысша білмейтінмін, соған бола қатты қиналдым. Тіл білмегенімді бетіме басып, жақтырмай, "сен мүлде сөйлемеші, жұмыс істей алмайсың, бір түрлісің" деген адамдар да болды. Алғашқы айдағы жалақым үшін 38 мың теңге алдым. Ал менен басқаның бәрі 120 мыңнан жоғары алып, күлкіге қалғандай болдым. Содан кейін сату бойынша лидерлерді қарай бастадым. Солардың тактикасын зерттедім, жұмысқа ерте бардым, кеш қайттым. Солай істеп жүріп, екінші айда компания бойынша табысы жағынан үшінші орынға шықтым. Сол айда 160 мың теңгедей айлық алдым. Үшінші айда табысым 200 мыңнан асты. Төртінші айында 400 мыңға шықты. Бесінші айдан бастап айлығым 400- 600 мың теңгенің арасында болды. Сөйтіп төртінші, бесінші айда директор менің жұмыстарымды байқай бастады. Директор Ресейден келген Ольга деген орыс әйел болатын. Ол маған сату бойынша жетекші болсаң, компанияның табысын көтере аласың ба?” деп сұрады. Мен көтере алатынымды айттым. Бірақ менің сол кездегі тәжірибем бойынша, сатылымды көтеру үшін бірнеше жағдайлар маңызды еді. Сол үшін үш шарт қоятынымды айттым. Директор "солай ма? Қызық екен" деп маған әзілдегендей күліп алды да, шартымды сұрады. "Мүлдем сату ісіне араласпайсыз" дедім. Оған келісті. "Екінші, бонус, премия бәрін мен шешемін" дедім. Оған да келісетінін айтты. "Үшінші, жалпы басқаруға мен араласамын" дедім. Оған келіспеді. Ол кезде компанияда жиырмадай адам болды. Олардың тең жартысының жасы менен үлкен еді. Содан соң директор Ольга "Жарылқасын не айтады, сол болады. Бәрін өз қолына алады" деп түсіндірді. Сол кезде мен өз ойымдағы маңызды тағы бір істі айтып алғым келетінін жеткіздім. Себебі ол жұмыстың өнімділігі үшін өте маңызды еді. "Қазір сағат үш болды. Мен екі сағат жиналыс өткіземін. Бүгін сатылым болмайды" дедім. Астыға түсіп, оларға сол уақытта жинаған тәжірибелерімді бірнеше сағат бойы түсіндірдім, кәдімгідей сабақ өттім. Меніңше, сату мамандарын дайындау жұмысым сол кезде басталды.

– Сіз компания табысын бірнеше есе көтергеніңіз рас па?

– Бұл міндет жүктелген жауапкершілігі жоғары алғашқы жоба болған соң ба компанияның табысын көтеру үшін сатушыларға өте қатал талаптар қойдым. Талаптарға бойсұнбаса, жұмыстан шығаруды да өзім шешетін болып келістік. Сөйтіп, компанияның табысын бірінші айда 19 миллион, екінші айда 33 миллион, төртінші айда 43 миллион 600 мың теңгеге көтердім. Бірақ кейінірек ол компаниядан кеттім.

– Табысы бірнеше есе көтерілген компаниядан кетуге не себеп болды?

– Компания жұмысы бірнеше есе көтерілген соң, табыс біраз уақыт сол қалыпта тұрды да, кейінірек 30 миллионның ішінде тұрақтады. Директор тарапынан "сен 50-60 миллионға шығармадың" деген сөздер айтыла бастады. Сосын жұмыстан кетем деп шештім. Ол жақта бір жылдай жұмыс істеп тәжірибе жинадым. Одан кейін дәрі сататын екінші компанияға бардым. Ол компания өзі мені жұмысқа шақырды. "Командаңмен кел" деді. Мен істеген жеріме опасыздық жасағым келмейтінін, жаңадан команда жинай алатынымды айтты. Олар алғашында келісіңкіремей кейін көнді. Олар маған өздерінің жаңа сату жобасын көрсетті, оны талдадық, ойластырдық. Бірақ олардың жобасы маған ұнамады. Сол себепті оларға команда жинап бердім де, біраз уақыт жұмыс істедім. Кейін басқа жұмысқа ауыстым.

– Сіз ірі компанияларға арнайы шақырылып, оларға сату саласы бойынша команда құрып береді екенсіз. Сол туралы да айтып кетсеңіз.

– Мен бірнеше ірі команияға және олардың франшизаларының директорларына тренинг жүргіздім. Директорларға сату саласы бойынша, команданы басқару, қаржылық менеджмент бойынша тернинг өткізіп бердім. Біразымен әлі де тұрақты серіктеспін. Мәселен, біреуін айта салайын: суға арналған сүзгіш, шаңсорғыш сияқты өнімдер сататын Алмасбек деген кәсіпкердің компаниясын жүйелеп, онымен жарты жылдай серіктес болдым. Компанияның директоры менің сату саласы бойынша білімімді жақсы білді және бағалады. Екі жылдан кейін сату саласы бойынша үлкер бір конференция өткізді. Соған бас тренер ретінде мені шақырды. Конференция үш күндей болды. "Аманжол Рысмендиев, Қуаныш Шонбайлар өте қымбат сұрады, мен ондай ақшаны тауып бере алмаймын" деп маған келіспек ойы барын айтты. Келістім. Одан өзге де шағын компаниялардың шақыруымен қызметкерлеріне тренинг өткізіп жүрдім. Бұл сату саласы, тренинг деген кәсіп Америкада ертеде-ақ дамып кеткен. Мысалы, бұл салада Брайан Трейси, Джордан Белфорт, Марк Хантер сияқты танымал адамдар бар. Өзімнің осы салаға қызғатынымды ерте байқаған соң, сату саласы бойынша курстар, тренингтер, мастер класстарға қатысумен бірге, осы саладағы мамандарды көп зерттеймін, көп тыңдаймын. Тіпті мен айтып кеткен шетелдік сату мастерлерінің өмірлерінде өзіме ұқсас өмір сынақтары болғанына таң қалып, өмірде қиналғанда солардан мотивация алдым. Алайда ол тақырып туралы әзірше сөз қозғағым келмейді. Сату саласы бойынша тренер болудан өзге бизнесте жан-жақты тәжірибе жинауға тырыстым. Дәмхана ашамыз деп, Шафран кафесін зерттей бастадым. "Шафранда" бір ай тегін істедім. Бас аспаздың көмекшісі болдым. Тегін жұмыс жасаған соң, мүлде табыс жоқ, жұмысқа құры барып-келу, отбасым болғандықтан біраз қиын уақыттар өтті. Бірақ ол жерден де тәжірибе алып, кафе аштым. Өкінішке қарай, ол бизнес дұрыс жүрмеді. Қарызға кіріп кеттім. Осыдан кейін білімімнің аз екенін байқап, білімімді тереңдету үшін бизнес тренингтер іздей бастадым.

– Естуімізше сіз жеткілікті ақша ұсынған біраз кәсіпкерлердің ұсынысын тойтарған екенсіз. Кәсіпкерлердің ұсынысынан қандай жағдайда бас тартасыз?

– Сатылымын көтеру үшін көптеген компаниялар келеді. Біраз компаниялардың ұсынысын тойтардым. Ол жерде біраз факторларға қарау керек. Кәсіпкерлердің бизнес жобасына, уақытына, төлейтін ақшасына, қай кезде табыс болатынына талдау жасау керек. Мен содан кейін барып, келісіп, жұмыс бастаймын. Кейбір кәсіпкерлер жеткілікті ақша ұсынады да, бизнесін көтеріп беруді сұрайды. Алайда, ол жерде маңыздысы ақша емес, жүйе. Кейбір жобалар ұзақ уақытты талап етеді, бірақ оған сабыр мен қаржылық шығын керек. Ал кейбір бизнес жобаларда қайтарым тез болады, тезірек табыс табады. Осыған көп кәсіпкер шыдамсыздық танытады. Мәселен, маған денсаулық сақтау саласы бойынша, масссаж кәсібі сияқты жобалар келді. Өкінішке қарай оларда дұрыс жүйе болмады.

– Сіз кәсіпкер Қуаныш Шонбаймен, тағы өзге танымал кәсіпкерлермен, ірі компаниялармен жұмыс істегеніңізді естідік. Қандай жобалар жүзеге асырдыңыздар?

– Иә, Сол кезде жастар арасында танымал болған кәсіпкер Қуаныш Шонбайдың командасына бардым. Онда сату бойынша жетекші болдым. Шонбайдың “Екінші болма” кітабын, курстарын саттық. Кейінірек риэлторлық компанияларда жұмыс істедім. Онда 200-ге жуық менеджер бар болатын. Компания еуропалық жиһаздар сататын. Бағалары өте қымбат еді. Бір қызығы, олардың стратегиясы мүлде басқаша. Бүкіл сабақтардың бәрі орысша. Қысқасы, ол  жұмыста басшылар "орысша білмейтіндерді жұмыстан шығарып тастаңдар" деді. Сол кезде ірі компаниялар, ірі-ірі ақша табатын жерлер орыстілділердің қолында екенін түсіндім. Одан кеткен соң Қанат деген досым компаниясын дамыта алмай, қиналып жүргенін айтты. Қанатқа барғанымда оның тек хатшысы барын, командасы мүлде жоқ екенін білдім. Өнімі дайын, тек сата алмай отыр екен. Сосын онымен келістім: "командаңды үш күн ішінде дайындаймын. Төртінші күні сатылым болады. Содан кейін ары қарай жұмыс жасаймыз" дедім. Менеджерлерді жүйеге салып бердім. Бір айдың ішінде 6 миллион теңге табыс тапты.

Осыдан бастап компанияларды жүйеге салу, сатылымын көтеру, команда құру бойынша өз ортамда бренд бола бастадым. Жас кәсіпкер Жұлдыз Ақболаттың сату бөлімін құрып бердім, ол кезде Жұлдызда 25 сатушы болды. Сатылымды үш, төрт есеге көтеріп тастадық. Перизат, Балжан, Ерлан, Балқия ханым сияқты онлайн кәсіпкерлердің командасын құрдым. Одан кейін ірі компаниялардың сату бөлімін құрып, жүйеледім және тренинг өткізіп бердім. Республикалық "KAZBILIM" орталығының директоры Аятжан Ахметжан мырзамен де жақсы жұмыс жасадым. Ақтауда "KAZBILIM" орталығының директорлары, мұғалімдеріне қызметті, яғни білімді сатудың стратегиялық жолдары туралы, практикада қалай жұмыс жасау туралы үш күн тренинг өттім. Аятжан мырза да көп алғысын айтты. Қазіргі кезде бірнеше жаңа бизнес жобалармен жұмыс жасап жатырмыз. Бәрі де сату саласы бойынша.

Қазақтың жас кәсіпкерлерінің жаңадан құрылып, жүйелі дамыта алмай жатқан немесе маманданған сатылым командаға мұқтаж бизнестері болса, өзім айтып кеткендей, қолдау көрсетуге дайынмын. Ашығын айту керек, пандемия басталғалы жүйеге түспеген көптеген кәсіптер қиыншылықтарға ұшырап жатыр. Сондай бизнестерді дұрыс жүйеге түсірген маман ретінде қазақтың жас кәсіпкерлеріне мейлінше көмектескім келеді. Менің жұмыстарымды инстаграмда (@zharylkasyn_ilimbek) көре аласыздар. Әр қазақ бай болсын, еліміз бай болсын.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет.

 

PS: 

Кәсіпкердің Instagram парақшасы: 

@zharylkasyn_ilimbek

Телефон (уацап): +7 777 815 85 88

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір