• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

22 Қазан, 02:33:44
Алматы
+5°

Алматы қаласындағы "Мама и малыш" медициналық орталығында 20 күннен бері ем алып жүрген Күлзапия Алтеева есімді 63 жастағы зейнеткер дәрігерлер қолынан қайтыс болды. Бұл жағдайдан кейін марқұмның туыстары "Қамшы" редакциясына хабарласып, жұмбақ өлімге кінәлілердің тиісті жаза алуларын талап етуде.

Марқұм Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданынан арнайы ем алу үшін Алматыға келген. Жекеменшік ауруханада емделіп жүргеніне 20 күндей болыпты. Қыркүйектің 20-сы күні әдеттегідей өз аяғымен ем қабылдауға барған пациент клиникада көз жұмған. 

– Қайтыс болған кісі менің құдағиым болып келеді. Осыдан біраз уақыт бұрын балаларына денсаулығы сыр беріп, ауырып жүргенін айтқан. Кейін ұлы мен келіні анасын Алматыдағы "Мама и Малыш" деген жекеменшік емханалардың біріне орналастырған, – деді Рахия Әуезханқызы. 

Рахияның айтуынша марқұм күнделікті системаларын алып емханаға өзі қатынап жүргендіктен жағдайы да бірқалыпты болған.

– Жекеменшік емхананың бір қызметкері құдағиымның денесін көліктің артына жатқызып, үстіне ақ шүберек жауып: "аналарың қайтыс болды" деп алып келген. Тіпті балаларына анасының қайтыс болғанын хабарлап айтпаған. Тек жеңіл көлікпен үйінің алдына сүйегін көтеріп, жетіп келген. Балалары көліктің артындағы мәйітті көріп, шошып кетті. Беті-аузы көгеріп, қызарып кеткен. Сұмдық емес пе?! Жұмбақ өлімнің артында бір шикіліктің бары анық. Ойлап қарасаңыз кез-келген медициналық мекемеде адам қайтыс болғаннан кейін әуелі жақындарын шақыртып, естіртеді, – деді ол.

Күлзапия Алтееваның туыстары марқұмның қандай диагнозбен қайтыс болғанын әлі күнге дейін түсіне алмай отыр. Дәрігерлердің айтуынша, Алтаееваның жағдайы алдында "нашарлап жүрген еді" деп түсіндірген. Алайда марқұмның туыстары мұны жоққа шығарып, сенбейтінін айтты.

– Мәйітті алып келгеннен кейін біз оны үйге кіргізбедік. Өйткені істің қалай орын алғанын түсінбегендіктен тиіспедік. Содан марқұмның жақындары бірден полиция шақырып, істі тіркеткен. Өйткені, қайтыс болған кісінің денесінде көгерген іздер бар. Біз енді ғана марқұмды жер қойнына тапсырғандықтан, бұл іске әлі толықтай кіріспедік, – деді марқұмның құдағиы Рахия Әуезханқызы.

"Қамшы" редакциясы "Мама и малыш" медициналық орталығына хабарласып, аталған іс бойынша түсініктеме алмақ болды. Алайда орталық телефон тұтқасын көтермеді.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Алматы Мама и Малыш

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір