• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 18:51:14
Алматы
+35°

Тарихшы, картограф, Германияның Гумбольд қоры стипендиясының иегері, қазіргі таңда Гарвард университеті Хэрбэнк зерттеу орталығының зерттеушісі, профессор Нұрлан Кенжеахметтың айтуынша, ғалымның қазақ тарихына қатысты маңызды ғылыми жобасы Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі тарапынан тойтарылған. Ал сол жобасы үшін Гарвард университеті картографты жұмысқа шақырған.

– 2007 жылы Жапонияның Киото қаласындағы Адамзат және табиғаттану институтында тарихи зерттеу жұмыстарымен айналыстым. Жапондар Батыс Түрік қағанатының астанасы Суяб қаласы туралы еңбегімді жоғары бағалап, жапоншаға аударды,–деген тарихшы 2008 жылдан бастап, Р. Б Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында және Л.Н Гумилев атындағы Еуразия университетінде үш жыл еңбек еткен.

2011 жылы Германияның Гумбольд қоры зерттеу стипендиясын жеңіп алып, Бонн университетінің Шығыстану институтында Орталық Азияның тарихи карталарын зерттеумен айналысты.

Биыл ақпан айынан бастап Гарвард университеті Хэрбэнк зерттеу орталығының шақыруымен тарихи зерттеулермен айналысып жатқан картограф "Менің жобамның мақсаты 17-19 ғасырлардағы еуропалық, орыс және қытай империялық карталындағы Қазақ хандығына қатысты мәліметтерді зерттеу, сондай-ақ мұрағаттық, тарихи, этимологиялық және салыстырмалы тілдік тәсілдерді қолдана отырып, еуропалық және шығыс географтары сызған карталардағы мәліметтердің сырын ашу, тарихи карталардағы, географиялық сөздіктердегі Орталық Азия, Батыс Сібір және Қазақ даласындағы жер атауларын зерттеу" дейді. 

Гарвард университеті кітапханасында сақталған мұрағат көлемінің әлемде ең үлкен екенін айтқан профессор сол мұрағаттар арқылы зерттеу жасауға толық мүмкіндік алғанын жеткізді. Оның сөзінше, АҚШ-тың өзінде Орталық Азияға қатысты 13 мыңнан астам тарихи карта бар.

– Германияға барған соң, тарихи карталарды жинауға мол мүмкіндік алдым. Тайваньға, Жапонияға, Францияға арнаулы барып, мұрағаттардан Қазақстанға қатысты карталарды жинадым, – дейді картограф. 

Профессор 2016-2018 жылдарда Назарбаев университетінің Әлеуметтік және гуманитарлық мектебінде ғалым ретінде жұмыс істегенін тілге тиек етті. Тарихшы сол жылдары "17-19 ғасырлардағы Қазақ хандығына және оның көршілес аймақтарына қатысты Еуропа-Қытай империялық карталары мен географиялық сөздіктері" деген тақырыпта Назарбаев университетінің атынан  Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің 2018-2020 жылға арналған 3 жылдық конкурсқа қатысқанын айтады. "Ұлттық ғылым кеңесі жобамды мақұлдаған жоқ. Себебін түсінбедім. Бірақ зерттеуімді жалғастыра бердім" дейді ғалым. 

– Менің өтпей қалған жобамда Қазақ хандығының аумағы мен ұмытылған жер аттары туралы тың деректер бар. Тек қазақ жері, қазақ тарихы туралы деректер ғана емес, сол тұстағы Осман империясы, Ноғай ордасы, Қазан татарлары, Башқұрт жері, Арал өзбектері, Хива, Бұхара хандығы, Ауған жері, Қырғыз тайпалары, Қызылбастар ( Персия) туралы қазірге дейін ғылымға белгісіз тарихи мәліметтермен қамдаушы еді, – деп атап өтті ол.

Журналистің "Қытайлар Балқаштың оңтүстігі біздікі дейді. Бұл қаншалықты негізі бар әңгіме?" деген сауалына тарихшы "Менің министрлік жағынан тойтарылып, кері қайтарылған жобам соны пәрменді түрде жоққа шығаратын жоба болатын" дейді. 

Ғалым сонымен қатар Еуропа карталарында Қазақ хандығы Қазақия деп, ал, тұрғындары "қырғыздар" деп те аталғанын жеткізді. 

17-19 ғасырлардағы еуропалық карталарда кезігетін қазақ жеріндегі Татария немесе татар деген этнос тікелей қазақтарман қатысты екенін айтқан тарихшы "Еуропа карталарында оларды Қазақ Татарлары деуден сырт Дербес Татария деп те атады. Қазаққа тән қыз қуу салт-дәстүрі еуропалық карталарда татарлардың салт-дәстүрі деп түсіндірілді" дейді.

– Дүниежүзі ғалымдары империя атауын кейде Әмір Темір мемлекетіне, тіпті, кейде Шайбани мемлекетіне де қолданады. Өйткені екі мемлекетте де империяның белгілері болды. Ал қазақ хандығына империя атауын қолданған ғалымды кезіктірмедім. Іс жүзінде, Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығын империя деп атауға әбден болады. Өйткені Қасым хан империя атауының шарттарын түгел орындады. Ол Жошы ханнан кейінгі Жошы әулетінен шыққан ең мықты хан болды, – дейді тарихшы. 

Материал Гарвардтағы Орталық Азия студенттер қауымдастығы сайтындағы (Гарвард CASA) және АзияЕуропа ақпараттық сараптамалық журналындағы ақпараттар негізінде әзірленді.

Талғар Дәлелғазы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір