• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 16:59:16
Алматы
+35°

Бүгін Алматыда Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда Демократиялық партия бастамашыл тобы жақтастарының Қазақстанда Қытай зауыттарының салынуына қарсы рұхсат етілген митингі өтті. Қамшы тілшісі алаңға шыққан кей белсенділер мен қарапайым азаматтарды сөзге тартып көрді.

Аружан Дүйсебаева, Демократиялық партия бастамашыл тобының белсендісі:

Бүгінгі митингтің "рұқсат етілгенін" көзбояушылық деп айтуға болады. Себебі заң бойынша рұқсат берген. Дегенмен бір күн қалған кезде Бекшин митинг өткізілмеуге тиіс деп хат жолдады. Бірақ халық оған қарамай алаңға шықты.

Билік жолдарды жауып тастаған. Келе жатқанымызда біздің көзімізше полицейлер "баруға болмайды, митинг өтіп жатқан жоқ" деп, бірнеше адамды машинаға салып алып кеткенін өз көзімізбен көрдік. 

Мұның бәрі биліктің, Назарбаев пен Тоқаевтың халықтың бірігуінен өлердей қорқуы деп білемін. Біз расымен де тәуелсіз елде өмір сүрсек, адамның құқығын олай шектемейтін еді. Ал олар қорыққандары сонша, мына “қарабеттерін”, “иттерін” үргізіп қойды. Мен оларды полиция деп айтқым келмейді. Адамдардың ойын ашық айтуына мүмкіндік бермейді. Жүйе әбден іріп-шіріп бітті. Бірақ өзгеріс міндетті түрде болады. 

Бұл митингте тек кеттлинг әдісі болмады. Сөйлеуге мүмкіндік бергенімен, интернет байланысын үзіп тастаған. Өйткені митингке адамдар тағы қосылып кетуі мүмкін деп қорқады. Келгендердің өзін қайтарып жіберіп жатыр.

Бізде мынадай ұстаным бар: заң бойынша біз ескертуді береміз. Ескертуді қабылдасын, қабылдамасын, өздерінің тілінше айтқанда, “рұхсат берсін, бермесін”, бізге қызық емес. Өзіміздің ойымызды айтқымыз келе ме, алаңға шығамыз, ешкім шектеу қоя алмайды.

Басбақ Төрехан, митинг қатысушысы:

Бұрыннан бері митинг өткізілетін болса, жолды жауып тастайды, интернет байланысын үзеді. Бұл – билік халықты қолдамайды, ойын білдіргенін қаламайды, қорқады деген сөз. Биліктің ешқандай ісін қолдамаймын. Қытайды кіргізіп жатқаны, азық-түліктің қымбаттауы, жұмыстың жоқтығы мүлдем дұрыс емес. Биліктен ешқандай көмек жоқ.  

Мақсат Толықбай, митинг қатысушысы:

Қытай экспансиясына, жердің сатылуына қарсымын. Мен митингке еріккеннен келмедім. Арым, тағдырым, болашағым үшін келдім. Әкімшілік рұхсат берген соң келдім. Елім, жерім деген ер жігіттер болса, митингке шығады ғой. Қорқақ болмау керек. 

Әсет Мұқышев, митинг қатысушысы:

Билік қараңғы, оқымаған адамның әрекетін істеп отыр. Интернет байланысын қазір өшіргенімен, осы жерде айтылғандар бәрібір халыққа жетеді. Мен астанадан осы митинг үшін келіп тұрмын. Ол жақта бұлай шығармай жатыр. Халық қалай жиналады, солай "жауып" тастайды. 

Мен жерімді Қытайға беріп қойғым келмейді. Балаларымды оларға құл еткім келмейді. Жасым 54-ке келсе де, күресуге дайынмын. Жерімізді Қытайға сатып жіберсе, қаңғып кетеміз. Өзіміз 18 млн ғана халықпыз. Бәріміз үйде жатып алсақ, ел болашағы үшін кім шығады?! 

Лейла Мұратханова, митинг қатысушысы:

Мен Ақтөбе қаласынан келіп тұрмын. Балаларым үшін жаным ашиды. 3 қызым бар, 10 жылдан кейін оларды қытайға тұрмысқа бергім келмейді. Ұлымның олардың зауытында жұмыс істегенін қаламаймын. 

Үкімет халықты қорқытып тастаған. Мына митингтен байқап отырмын, біздің мүддемізді, заңымызды қорғайтын азаматтар осы жерге келіп отыр. Ал жан-жағымыз толған полиция қызметкерлері. Біз соғысуға келген жоқпыз ғой. Неліктен бұлай болып жатқанын түсінбедім. Қазақ халқына жаным ашиды. Неліктен мен бұл елден кетуім керек? Мен болашақта балаларымның осы елді білім алғанын, жұмыс істегенін қалаймын. 

Айнабай Мәди, "Арал теңізі – Тұран ойпаты" қоғамдық бірлестігінің мүшесі:

Қытайдың 56 зауытын Қазақстанға салғалы жатыр. Қызылорда облысының  экологиялық эпицентрі Арал қаласына кальцийленген сода зауытын орналастырып қойды. Жұмысын әлі бастамады. Бұл зауыт Павлодар қаласынан көшірілген деген сыбыс бар. Не себепті мұндай залалы зор зауытты экологиялық аймақ – Аралға алып келді?! Бүгінгі митингке туған жерімнің осындай мәселесін айту үшін келдім.

Құндызай Өтеген

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: митинг

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір