• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 09:05:17
Алматы
+35°

Алматы, Шаңырақ ықшамауданы, Ағайын аялдамасының маңындағы шағын дүңгіршек. Бұл телефон жөндеумен айналысатын Ескендір Қалибайдың 4 жылдан бергі жұмыс орны. Оны Шаңырақ, көршілес Әйгерім ықшамауданы тұрғындарының біразы біледі. Ескендір телефонмен қатар ноутбук жөндейді. Көшірме жасау, суретке түсіру, оны шығару секілді қызмет түрлерін де ұсынады. Теміржол диспетчері, әскери адам, шаштараз болуды қалаған ол бұл кәсіпке кездейсоқ келген.

Ескендір 1996 жылы дүние есігін ашқан. Алматы облысының тумасы. 9-сыныпты бітірген соң Алматыдағы Көлік және коммуникация академиясының колледжіне "Диспетчер" мамандығына түседі. Таңдауына үйіндегілердің ықпалы үлкен болғанымен, оқу барысында мамандығы өзіне де ұнайды. Техника тілімен таныстығы осы колледжде басталады. Бірақ колледжді аяқтаған соң жұмыс табыла салмады. Алматы-1, Алматы-2 теміржол вокзалдарынан "орын жоқ" дегенді естиді. Сөйтіп жүргенде 2014 жылы Ескендірді әскерге алып кетті.

Әскери қызметін Өскемен қаласы маңындағы Ақмир елдімекенінде жаяу әскер сапында Зенит дивизионы 4-ротада өтейді. 4-рота Өскемен бойынша үздік атанып, елордадағы әскери парадқа қатысады. Техникадан хабары бар болғандықтан оқу-жаттығу жиындары, полигон кезінде оған рациямен жұмыс істеу сеніп тапсырылады. Ауылда қызығушылықпен шаш қырқатын әдеті әскерде кәсіпке айналып, қатардағы сарбаздардан бастап, майор, полковниктерге дейін Ескендірге шаш алдыруға келетін. Соның арқасында әскери бөлімдегілермен етене араласып, батальон басшысы борышын өтеп болғаннан кейін әскери бөлімде байланысшы ретінде келісімшартпен жұмыс істеуді ұсынады. Ескендір ұсынысты қуана қабылдайды. Алайда бір сарбазбен жанжалдасып, оның арты дауға ұласып, ақыры қызмет туралы ұмытуына тура келеді.

Әскерден келісімен, компьютер тілін меңгергендіктен өзін сол қырынан сынап көргісі келеді. Жұмыс жайымен мектеп, әкімшілікке барады. Бірақ ол жерлерде 20 мың, 35 мың теңге жалақы ұсынған соң жарты жылға жуық Алматыда күзетші болып істейді. Өзі Шаңырақта әпкесімен тұрады. Жұмыс талабына сай бос уақытта жаттығу залына барып жүреді. Бірде зал қожайынына компьютерден қағаз шығаруға көмектесіп, ұзамай залдың қағаз жұмыстарына қолғабыс қылып тұрады. Мұнысының өтеуі ретінде спорт секцияларының кез келген түріне тегін абонемент беріледі. Келеңсіз жайт болмағанда күзетші болып жүре берер ме еді, кім білсін.

– Жұмыста велосипед ұрланды. Камерадан қарасақ, ұрлық менің сменіме дейінгі сменде таңға жуық жасалыпты. Бастықтар "сменді дұрыс қабылдап алмадың" деп мені де жазықты етіп, жалақымыздан 30 мың теңгеден ұстайтындарын айтты. Өзім алатын 60 мыңның 30 мыңын ұстап қалғанына келіспей, жұмыстан шығып кеттім, – дейді ол.

Ескендір қайтадан жұмыс іздейді. Мамандықпен істейін десе, Алматыда орын жоқ, мектепте жалақы аз. Осыны ойға алып, ендігіде әскерде сарбаздардың шашын қысқартып машықтанған ескі кәсібі бойынша жұмыс іздейді.

 

– Шаңырақтағы шаштараздардың он шақтысында болған шығармын. Көбінде бос орын жоқ. Немесе әйелдер мастері қажет. Әйелдер шашын қию қолдан келмейді. Сөйтіп келе жатқанда жолда телефон жөндейтін шағын бутик кезікті. Ішіне кіріп, "көмекші керек емес пе?" деп сұрадым. "Істегің келсе, күніне 1000 теңге, айына 30 000 төлеймін" деді бутик иесі. Ағайынды жігіттер ашқан екен. Ағасы басқарады, інісі мастер. Келістім. Бала күнімнен техниканы шұқылау ұнайтындықтан өзіме қызық көрінді, – дейді Ескендір.

 

Бұл 2016 жылдың басы болатын. Ескендір үйрену үшін аз жалақыға жұмыс істеуге келісіп, ол жерде тұп-тура 1 жыл жүреді. Телефон жөндеудің қыр-сырына қаныққан соң жеке кетеді. Бұрын азық-түлік дүкені болған шағын бутикті жалға алып, біртіндеп кәсібін бастайды.

Суретті түсірген автор

Содан бері төрт жыл өтті. Бүгінде Ескендірдің тұрақты клиеттері көп. Айтуынша, телефондардың микросхемасы ұқсас келеді. Сондықтан бөлшек табылса, бұзылған кез келген құрылғыны жасай алады. Осыдан 2-3 жыл бұрын адамдардың қолында 100 мың теңгеге дейінгі телефондар болса, бүгінде бағасы 200 мың, 300 мың теңгенің үстіндегі телефондарды ұстаушылар көбейгенін байқаған.

 

– Жұрттың бәрі қазір телефонды кредитке алады. Өздері қарапайым тұрса да қымбат телефон ұстайды. Көбіне телефондардың экраны сынады, зарядталатын жері құртылады. Ондайларды гарантия бойынша жасамаған соң маған келеді. Мен запчастьқа кететін шығын мен жұмыс бағасын бөлек-бөлек айтамын. Ремонт бағасын жалпы айта салсаң, ақшаның бәрі менің қалтамда қалады деп ойлайды. Сондықтан "запчасть осынша тұрады, жұмысы мұнша" деп түсіндіремін. Мысалы Самсунгтардың экраны қымбат. 50 мың теңгелік телефонның экраны 30 мың теңге тұрады. Соның үстіне жұмыс ақысын қосамын. Сонда 33 мың, 35 мың шығады. Қымбат Самсунгтардың экраны 100 мыңнан асып кетеді. Айфондардікі арзандау, – деген ол жөндеу кезінде қиындық тумас үшін Қазақстанда бөлшегі бар телефон сатып алуға кеңес береді.

 

Ескендірге ара-арасында "телефон жөндеуді үйретіңізші" деген өтінішпен мектеп жасындағы балалар келіп тұрады. Былтыр 15 шақты балаға тегін курс өткізген. Оқушылардың кейбірі үйренгенін видеоға түсіріп, instagram-ға жүктеп танымал болуды армандайды. Вайн түсіріп, блогер болғысы келетіндер де бар.

Ескендірдің өзі телефонға, оны шұқылағанға қызықпайды. Мұнысын "уақыт алады, жұмысқа кесірі тиеді" деп түсіндіреді.

Келешекте телефон ремонттайтын бірнеше нүкте ашу жоспары бар. Жаз мезгілінде тағы бір нүкте ашып та көрген. Бірақ жұмысты тиянақты істейтін, клиентті алдамайтын адам табылмай қайта жапқан.

Суретті түсірген автор

– Біздің жұмыста әр клиенттің риза болғаны маңызды. Бір адамдікін дұрыс істемесең, біртіндеп клиент жоғалтасың, сосын жұмыс жүрмейді. Ал бір адамды риза етсең, ертең ол танысын әкеледі, клиентің көбейеді. Мастерлер арасында майда-шүйде жұмысқа 5 мың, 10 мың сұрайтындар бар. Адамдар білмеген соң сұрағанын амалсыз береді. Бірақ сонысы бәрібір әшкере болып, қадірін жоғалтады. Ондай мастерге адам екінші жуымайды, – дейді ол.

Ескендір үйленген. Келіншегі мектепте мұғалім. Ибраһим деген ұлы бар. Жақында бірге толады. Келешекте Алматыға жақын маңнан жер алып, үй салғысы келеді.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір