• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

16 Қазан, 08:42:26
Алматы
+6°

Ғылым жолында бағалы белестерді еңсеріп, жаһандық ғылыми айналымда өзінің пайымды ойларымен танылған азамат, өскен өңірі мен туған жеріне адал перзент Виктор Михайлович Инюшин өзінің өнегелі өмірімен, ғылымдағы табандылығымен, жасампаздығымен көпшілік қауымға, студенттерге жақсы таныс. Оның тағдырындағы бетбұрыстар, әлемнің ғылыми қоғамын дүр сілкінткен жетістіктері өзінің ізінен ерген жас ғалымдарды жігерлендіреді, еңбектері талапты шәкірттерге ой салады, ақыл-кеңестері жасы кіші әріптестерін даналыққа бастайды.

Ресейдің солтүстік-батысында, сол жылдардағы ғылым мен мәдениеттің ошағы саналған Ленинград қаласындағы танымал гидроқұрылысшының отбасында 1941 жылы дүние есігін ашқан перзентті асыл армандары киелі Қазақстан өлкесіне жетеледі. Өскемен қаласында балалық шағының керемет кезеңдерін өткеріп, құстардың сайраған үшіне, балықтардың судағы тіршілігіне қызықты. Ойлай жүріп, ойлана жүріп, айналасында болып жатқан табиғи процестерді бақылады. Бұл кезең – Виктор Инюшиннің натуралистік көзқарастарын қалыптастырған алтын кезең еді.

Асқақ армандарын жетелеген жас талапкер 1958-1963 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің биология факультетінде білім алып, кейіннен гистология және цитология кафедрасында стажер-зерттеуші ретінде күрделі ғылым жолына аяқ басады. Ұдайы ізденіс, жаңалыққа деген құмарлық жас ғалымды аса күрделі лазерлік фотобиология проблемасын зерттеуге бағыттап, биофизика саласының беймәлім сырларын ашуда зор табысқа жеткізді. Соңынан зертханалық тәжірибенің қыры мен сырына қанығып, жан-жақты білім жинаған ғалым 1972 жылы  «Гистофизиологическое исследование действия излучений оптических квантовых генераторов и других светоустановок на организм человека и животных» тақырыбында докторлық диссертацияны жоғарғы дәрежеде қорғады. Биофизика зерттеу облысындағы нақты нәтижелі зерттеулеріне әлем университеттері қызығушылық танытып, әлемге танылған ұстаз 1977-1979 жылдары Польшада, Австралияда және Үнді елдерінде жаратылыс сырларына қатысты лекциялар оқыды.
Виктор Михайлович Инюшин – туған табиғатына, өскен өңіріне адал перзент. Ол еліміздегі саяси-қоғамдық оқиғалардың басында жүріп, еліміздегі экологиялық ахуалға қатысты алаңдаушылық білдіріп келеді. Бұл сөзімізді оның «Невада-Семей» ядролық қозғалысына қатысқан кезеңдері айғақтайды.

Бүгінгі күндері профессордың ғылыми жетекшілігімен 4 докторлық диссертация және 19 кандидаттық диссертация қорғалды, ұлағатты ұстаз ұдайы дипломдық, магистрлік жұмыстарға жетекшілік етіп келеді. Білім беру үрдісіндегі процестерден қалыс қалмай, мектеп оқушыларына қатысты профориентациялық жұмыстарын жүргізуге ат салысуда. Оның жеке қорында баспа бетінде жарық көрген құнды 430-дан астам ғылыми мақалалар, 60 авторлық куәліктер мен патенттер бар.

Виктор Михайлович Инюшиннің іргелі еңбектері ғылыми ортада ерте кезден мойындалып,  А.Л. Чижевский медалімен және «Құрмет» орденімен, 2014 жылы универститетіміздің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында «Университетке 80 жыл» салтанатты медалімен марапаттталған. Мұнымен қоса, құрметті ұстаз қазіргі таңда Биология және биотехнология салалары бойынша халықаралық зерттеу жұмыстарын жүргізетін РФ лазерлік академиясын академигі. Сонымен қатар, факультет ұжымды мен студенттер қауымының беделі оқытушы, келелі кеңесші, жақсы жан, жарқын жүрек иесі.

Құрметті Виктор Михайлович Инюшин!

Сізді 80 жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтаймыз! Бүгінгі таңда адам өмір жолының асқар биігі – сексен жасқа шығып отырған сізді, ғұмырын Қазақстан болашағына арнаған зиялы азамат ретінде таниды.

Биология және биотехнология факультетінің биофизика, биомедицина және нейроғылымдар кафедрасының  профессоры б.ғ.д. С.Т. Төлеуханов, доцент м.а. б.ғ.к. Г.Қ. Атанбаева

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір